13/06/2022, 18:58 | |
«КӨК ТҰМАН – АЛДЫҢДАҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН...» 2. «Соның бірі – арнаулы таусыншақ күн» Көп жылдар, көп күндер келеді, кетеді. Олардан қалар не бар? Өткінші өмір өкінішке тола өтеді. Бірақ сол көп күннің ішінде бір күн бар, оның маңызы өзгеше. Ол күнді Абай «арнаулы таусыншақ күн» дейді. Сол күні бүкіл ғұмырың тарының қауызына сыйып кетердей тарылады. Өмір қас қағым сәтке айналады. Көп жыл, көп күндердің сол «арнаулы таусыншақ күн» белгісіне, сипатына, суретіне айналмақ. Ғұмырдың сипаты, суреті, мәні, мағынасы дәл сол күнде айқындалады. Міне, «арнаулы таусыншақ күннің» кереметі. Бірақ ол күнге адам дайындықпен келгені жөн. Ол күнді басынан кешіру тағдыр ісі болғанымен, оны ғұмырдың мағынасына, өмір философиясына айналдыру әркімнің қолынан келе бермейді. «Әй, қойшы, соны басқа түскенде көреміз» деп қолды бір сілтеп жүре беруге де болады. Немесе хакім Абай сияқты сол «арнаулы таусыншақ күннің» боларын болжап, өзін сол бағытта іс, қарекетке салуға да болады. Бұл да әркімнің жеке басының ісі. Бірақ «арнаулы таусыншақ күннің» болуы оның әркімге тікелей қатысты екені анық. «Арнаулы таусыншақ күн» туралы Абайға дейін де, одан кейін де әңгіме көп болған. Діннің де негізгі қазығы осы таусыншақ күнге негізделген. Сол күні пенде дүние кірінен, күнәдан тазаруы керек. Бұл – христианда, исламда бар дәстүр. Пенде болған соң күнәсіз жан болмайды. Пенденің күнәсін мойындайтын күні – осы таусыншақ күні. Бұл бір. Екіншіден, осы күні адам бұл өмірдің мәнін түсінбек, сонда қандай түсінік болуы мүмкін? Білімділердің айтуынша, бұл күні адам өмірдің мәні оның мәнсіздігінде екенін ұғынса керек. Бұл сана туралы Батыста көптеген философиялық ағымдар бар, солардың көрнектісі – экзистенциализм. Оның екі ьағыты бар: атеистік дәне діни сарында. Мұның бәрі зиялы қауымға белгілі. Біздің айтпағымыз «таусыншақ күн» мен өмірдің мәнінің байланысы. Өмір мәні адамға құпия, ол өз сырын осы соңғы сәтте сәл ғана ашпақшы. Бірақ сол сәтте, уақыты жеткенде өлімді дұрыс қабылдаудың өзі де ғұмырлық сананы қажет етпек. Қысқасы, адам өзінің жаны мен тәні ажырасатын сәтіне дайындықпен келгені абзал. Абайдың айтпағы да сол, көп күндер келер-кетер, бірақ соның бірі ақырғы күн болар, соны қабылдауға зердең жете ме деген сауал. Себебі ол күннен кейінгі кезде адам санасы тоқталып, өзге саналы өмір сүре бастайды, ал оның құпиясы тек бір Аллаға аян. «Таусыншақ күн» - өмір мен өлімнің шекарасы, ғұмырдың өлшемдік белгісі. Өмірдің өлімге, ғұмырдың өзге ғұмырға айналуы – күн мен түннің болуы әрі алмасуы сияқты адамның өзіне, еркіне тәуелсіз шаралар. Ислам дінінде мұндайларды Алла әмірі дейміз, ал атеистік түсінікте табиғаттың өз заңдылықтары. Қалай десек те қателік жоқ, себебі Алланың әмірі де, табиғаттың заңдылығы да адамға қатыссыз онтологиялық мазмұндағы шындық. Қайсысы болсын өз сыры өзінде, өз құпиясы өзіндегі субстанциялар. Кант мұндай істерді «Өзіндік зат» деп атаған. Мән мен құбылыс түрлене-түрлене қайсысы құбылыс, қайсысы мән екені де ажыратылмай, біздің оларды бірінің орнына бірін қолдана беретін дәстүріміз бар. Оған ең айғақты мысал – социалистік қоғам, ол адамның мәні емес, оның құбылыс ретіндегі көрінісін ғана білдіре алатын әлеуметтік мүмкіндік екен. Біз болсақ, ол адамның мәнін ашады деп келдік. Адамның таптарға, топқа бөлініп, сараланып іс, қызмет, қарекет атқаруы оның мәні емес, сыртқы құбылысы. Адамның мәні жеке өз болмысында, мінезінде, қарекетінде, ісінде. Ал адам өзгелерге еліктеп жасаған әрекетінен ешқашан да өзіне мұра таппайды. Өзгелер әрекеті өзгереді, тозады, сол кезде еліктеген жанның жеке басының дағдарысы басталады. Адам ең алдымен өзіне сенуі, өзінің, Абай айтқандай, ақылы мен қайратына сеніп, өз жүрегін тыңдауы керек. Адам соншама күрделі, түпсіз, терең тұңғиық, ал осындай затты (субстанцияны) классификациялық топтамалық сипаттармен ешқашан да анықтай алмаймыз. Мұндай тәсіл тек саясат үшін ғана қажет. Саясат адамның мәні емес, адамды құбылыс ретінде ғана қарастыратын сана. Сонымен «таусыншақ күн» туатын сәт адамның мәнін түсінуге мүмкіндік бермек. Сонда туатын сана адам ғұмырының толғандығы, өткіншілігі, тұрақсыздығы, шектеулігі, қайырылп қайтпайтын қатегздігі туралы болса керек. Адам ғұмыры өз жаратушысы алдында жауапкершілік пен жауапсыздықтан тұрса керек. Өз қарекет, ісіне жауап бере алатын жанның санасы биік, өз ісіне жауап бере алмайтында – надандар, бірақ осылардың осылай болуы да Алла әміріне байланысты деген пікірдеміз, себебі «таусыншақ күн» ақылы дария кемеңгер мен өмірі далбасалықпен өткен пақыр теңеледі, бірдей қиналады, өткен өмірдің оралмайтынына бірдей өкінеді, жарық дүниені қимайды, дәмеленеді. Тағдыр – таразыға тартылмайтын, өлшенбейтін, ақылға сыймайтын, сыры бізге беймәлім құдірет. Тағдырдың жазуы деген сол, Абай айтқан «таусыншақ күн». (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 153 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |