Абайдың хакімдігі
06/06/2022, 19:28

«КӨК ТҰМАН – АЛДЫҢДАҒЫ КЕЛЕР ЗАМАН...»

Данышпанды дана адам ғана түсінеді. Бұл пікірдің дәлелдемесі – Ахмет Байтұрсыновтың 1913 жылы жазған «Қазақтың бас ақыны» деген белгілі мақаласы. Мұнда Ахаң Абайдың ойшылдығы туралы ұлағатты сөз айтқан. Солардың бірі – «1903 жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті, оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға, шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Мәнісін біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абай айта алмағаннан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағандығынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыдан емес, оқушыда. Не нәрсе жайынан жазса да, Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін жазады. Нәрсенің сыры, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың біліміне сын болып, емтихан болып табылады».

Ахаң осылайша ой өпбіте келіп, түсінікке ауыр деп:

«Көк тұман – алдыңдағы келер заман», - деп басталатын сегіз шумақтан тұратын өлеңді мысал ретінде ұсынған. Ендігі жерде осы өлеңдегң кейбір ойлар туралы біраз пікір білдіргенді жөн көрдік.

1. «Көк тұман – алдыңдағы келер заман»

Келер заман түгіл, бүгінгі қоғамды түсіне алмай жүргендер үшін алдындағы заман туралы сөз қозғау бос әуре. Әр заманның тауқыметі, әр адамның Тәңірі берген тағдыры бар. Осының бәрі жалған дүниенің еңсемізді басқан жүктері. Алғашқыда тік жүруге жаратқан адам баласының айуан болып кетпеуіне де қажыр-қайрат керек. Тұрмыс еңсеңді басқанда бүгінді ұмытып, ертеңді ойлауға мұрша бар ма? Әрине, жоқ. Абай осы халді сезе отырып, бүгінгі күннің мәнін ертеңгі келер күн арқылы ашпақ болған. Абайға келер заман сол кез үшін емес, бүгінгі әңгімеге қажет болып отыр. Бүгінгі тіршілік алдында өз кеңістігін аңғарғысы келеді. Келешегі болмаса бүгіннің мәні мен сәні неде? Хакім Абай осындай ой иірімдеріне түсе келе алдағы келер заманды «Көк тұман» дейді. Бұл мәселеде Абаймен келісуге де, келіспеуге де болады, мәселе онда емес. Әңгіме тақырыбы – дүние болмысы. Оны қалай меңгеріп, өзің қалай түсініп, өзгелерге түсіндіре алмақсың? Абай түсінігі бойынша, алдағы заман – тұман, яғни оның айқын бейнесі, бітімі белгісіз, күңгірт. Тек оның болмысына бойлай алатын сәуле – үміт. Болашақ үміт арқылы ғана сезілмек. Ал үміт деген – адам. Себебі үмітсіз шайтан ғана. Үміті бар адам, ол – нағыз адам. Ондай жанның болашақ туралы өзіндік санасы болуы абзал. Сондықтан да Абай:

Көк тұман – алдыңдағы келер заман,

Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған, -

дейді. Мұндай футурологиялық ойға түспеген ойшыл болмаған. Болашаққа көңілі кетпеген жан жоқ. Бірақ ол тұман. Ондағы іске асатын, дүниеге келетін, оқиға болатын жайлар әлі анықталмаған. Болашақ сонысымен қызықты. Егер болашақ ап-айқын, беп-белгілі болса өмірде не қызық қалмақшы? Өмірдің қызығы сонда, біз, алыс болашақ ьүгіл, ертеңгі күнімізді болық білмейміз. Ертең болатын іс – болашақтың жұмысы. Ертеңгі істің себебі бүгінде болғанымен, оның көрінуі, салдары ертеңде. Сонда адамға ертеңгіні білу бұйырмағаны ма? Әрине, бұйырмаған. Бірақ осы қисынды талайлар бұзғылары келген, ол үшін неше түрлі утопистік, тағы да басқа теориялар жасалған. Теорияны іске асыру мақсатында төңкерістер (революция) болған. Қалай болғанымен де келер заманның көк тұманы ашылмады. Сәуегейлік көк тұманның пердесін сыпыра алмады. Келер күнді ұғып, яғни көк тұманды сейілтетін – сол алдағы кезеңнің ұрпақтары, сол заманның хакімдері. Бүгінгілердің мүмкіндіктері тек қана үмітте. Үміт адамның алдамшы санасы емес, оны келер заманға бастайтын қуаты. Үміті мол адамның қуаты да мол. Жемек, келер заманға деген ынтасы да ерекше. Абайдың өзі дәл сондай жан, «келер заман» дегенде ол қайдағы бір дерексіз ұғым емес, ол – адамның әлі кешпеген ғұмыры, оның әлі айналыспаған ісі, оның әлі айтпаған (сөйленбеген) сөзі. Келер заман – адамның алдағы суретін өмірі. Осы өмірдің сипаты – көк тұман, яғни белгісіздік. Белгісіздікті белгіліге айналдыратын – адам, оның әрекеті, келер замандағы әрекет белгісіз болғандықтан ол көк тұман. Оны Абай былайша бейнелеген: «Көп жылдар, көп күнді айдап келе жатыр, сипат жоқ, сурет жоқ, көзім талған».

Осы тұста орынды бір сұрақ туады. Көп жылдар көп күнді айдап келе жатса, оның айдаушысы кім? Біз қысқа қайырсақ, жауабымыз – уақыт. Олай болса, уақыттың белгілі не? Жылдармен, күндермен адам ғұмырының қатысы қандай? Олар бірінсіз-бірі бола ма, жоқ па? Абай айтуынша, көп жылдардың көп күнді айдап келе жатуы адам еркінен тыс, яғни онтологиялық сипатта. Ал онымен адамның үйлесімділігі сипат (атрибут), сурет арқылы көрінбек.

Бірақ Абай келер заманнан сипат, сурет таба алмай, көзім талған дейді.

Адамның қоғам, заман туралы ойларындағы негізгі арқауы бүгін мен болашақтың тұтастығында. Ол тұтастық мәнге, мазмұнға толуы үшін келер заман бүгінгі заманға айналу керек, яғни адам ғұмыр кешуге қажет. Бұл – ақиқатқа бастайтын жол. Себебі ақиқат дегеніміздің өзі – адамның ғұмыры. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 155 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: