Абайдың хакімдігі
30/05/2022, 20:24

«АТА-АНАҒА КӨЗ ҚУАНЫШ...»

Осы бір алты шумақ аса мәнді дүниелер сөз болған. Ақын айтпағы – бала және ата-ана мәселесі. Өмірге келген жан өзі үшін де, өзгелер үшін де не қайғы, не қуаныш арқалап енері белгілі. Осы мәселені Абай өлеңіне өзек еткен. Әдетте, бала адамның бауыр еті деуші едік, Абай болса «көз қуаныш» деген ұғымды қолданған. Бұл ұғым не екенін ақын бірден ашып берген:

Ата-анаға көз қуаныш –

Алдына алған еркесі, -

дейді.

Демек, баланы еркелетіп қызықтау – ата-ананың көз қуанышы. Осы тұста ой келеді. Баланың еркелігін қызықтау – театр емес пе? Ата-анасы баласын өзінің көз қуанышы үшін еркелететіні дұрысырақ па әлде бұрыстық па? Ойлаймыз, осы жерде екі мәселенің басы ашылғалы тұр. Біріншіден, «көз қуанышы» кімге қажет, ата-анаға ма, балаға ма? Өлеңде «көз қуаныш» иесі – ата-ана. Олай болса, мұндай істен балаға не пайда? Баланың еркелігі бала үшін емес, ата-анаға қызық болса, еркелету дегеніміз – ата-ананың ермегі. Баланы ермек ретінде пайдалану қай қисынға жатады? Оны бір ойланып қойған жөн.

Екіншіден, еркелік балаға табиғи қажеттілік пе, жоқ па? Бұған да нақтылы жауап беру қиын. Себебі еркелік дегеніміз – баланың еркін ісі мен қарекеттерінің көрінісі. Әрине, бала ісі де мөлшерден аспауы керек. Бұл – жалпы қағида. Ал ісі шектеулі болған баладан ержеткенде кім шығады? Абай жауап бермей, сұраққа айналдырған:

Еркелік кетті,

Ержетті,

Не бітті?

Абай ерке бала ата-анаға көз қуаныш екенін айтқанда еркеліктің мақсатын да айта кеткен. Ата-ана баласын әлденеден үміттеніп еркелетеді. Бірақ үміт деген ғылымда дер кезінде орындала қоятын іс емес. Сондықтан Абай:

Ата көңіл жанбаса бір,

Артық өнер шықпаса.

Ел танымай, үй танып құр,

Шаруасын да ұқпаса –

Үміті қайда?

Соны ойла,

Абайла! –

дейді.

Үміттің ақталу кеңістігін ақын айқын ашып берген.

Ол – ел тану мен үй танудың арасы.

Ел тану – кісіліктің, азаматтылықтың өлшемі. Ал үйінен ұзап шықпайтын болса ше? Бала осының қай жағында болмақ? Ата көңіл жанбай, көз қуаныш – еркесі үйкүшік болса, үміттің сөнгені, қуаныштың өшкені.

Иә, ақын айтқандай, көкіректегі жұбаныштың нағыз қуанышқа айналуы оңай шаруа емес. баласы әкесінен озық тууы заңды болғанымен, ол өмірде сирек кездесетін құбылыс. Әкеден бала бір ісімен артылғанымен, кем тууы да түсінікті. Оның себебі: біз балаға ата-ана, аға ұрпақ көзімен қараймыз. Баланың балалығындағы іс мәніне жете бермейміз. Бала ісі атасына құпия. Оның еркелігі де бізге көз жұбаныш болуы содан. Абай осы мәселені дөп басқан. Ата-анаға бала ғұмыры – көкжиек. Балаға жақындаған сайын көкжиек ата-анадан алыстай бермек. Сондай жағдайға түскенде:

Зарланарсың, ойланарсың,

Не болам деп енді мен.

Құрбылардан қорланарсың,

Тәңірі ісіне сен де көн.

Қайғысыз пенде

Көрдің бе,

Өмірің?..

Қайғысыз пенде бұл ғұмырда (фәниде) жоқ. Демек, қайғыдан құтылу деген не сөз? Ол – бос сөз. Қайғы деген – ғұмыр туралы сана. Онда несіне қайғысыз болуға ынталанамыз? Ойлаймыз, сол қайғысыз болуға ынтадан баланы еркелетіп, ата-ана көз қуанышына айналдырса керек. Бірақ өмір өз дегенін істейді. Қай кезде, қай жерде болмасын ғұмыр өз санасын адамға арқалатпай өтпеген. Қайғыдан ада жандар, мүмкін, ақыл-есі кемістер болар. Сау ақылды азық қылғандар қайғыны серпіп тастауы үшін өз ұрпағын еркелетіп, көз қуанышына айналдырса несі мін?» өлеңнің соңғы шумағында мынандай ой айтылған:

Тәңірі сорлы етсе пенде

Не бітірер құр жылап?

Мәселе екі бағытта болып отыр. Бірі – бақытты болу адамның өзіне қатысты іс болса, келесісі – Тәңірге қатысты. Егер сені адам емес, Тәңір сорлы етсе не амал? Мұндай жағдайда жылағаннан пайда жоқ. Бұл – тағдыр. Сенің оған көнбесіңе шараң жоқ. Шарасыздықты біз көбіне заңдылық түрінде қабылдаймыз. Егер адамда жігер, ақыл толық болмаса, одан ел танитын кісі шығуы мүмкін емес. осындай жайға душар болғанда ақын:

Бір жаман мен бе

Дедің бе

Көңіліңде? –

дейді. Ашынып айтылған сөз, бірақ мәнді сөз. Егер адам өзінің жамандығын көңіліне алса, оның ол дерттен (жамандықтан) шығудың жолын да білгені. Ондай адам – надан емес, кеудесінде сәулесі бар адам. Бірақ ол өзі солай болғанымен, көз қуанышы болған баласына көңілі толмай отырып айтқан наласы еді. Әр адам өз ұрпағын үй танудан өтіп, ел тануға жетсе деп, сол үшін алдына алып еркелетеді, көзінің қуанышы, көкірегінің жұбанышы етеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 142 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: