Абайдың хакімдігі
23/05/2022, 15:56

«КӨЗІМНІҢ ҚАРАСЫ...»

Көзімнің қарасы,

Көңілімнің санасы.

Бітпейді ішімде

Ғашықтық жарасы...

Осы бір жиі айтылатын өлең шумағы ерекше әсер етіп қана қоймай, тың ойларға жетелейді. Абзалында, Абай ақын ретінде ешқашан өлең ұйқасын іздестіріп шаршамаған, өлеңдерінің ұйқасы айтылғалы отырған ойдың ішкі мазмұнынан туған.

Айталық, Абай бірінші жолда «көздің санасын» айтты делік. Сонда көздің қарасы мен көңілдің санасының қандай ішкі үйлесім байланысы бар?..

Осы тұрғыдан келгенде «қарасы», «санасы» және «жарасы» деген сөздер ұйқастыру қызметінде ғана ма, жоқ, әлде олар ұғымдық, түсіністік міндет атқарып тұр ма? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Бірінші жолдағы «көзімнің қарасы» дегенде әңгіме төркіні неде? Сірә, Абай бұл жерде көздің қаралығы туралы айтпаған. Ақын сезім туралы өлең жазған, демек, әңгіме көздің қарауында, яғни «көзқарасында» деген мәнде. Ғашықтық көздің қарауынан туып отыр. Абай айтқандай, көзқарас болмағанда сезімдер де тұтанбас еді. Сезімнің тұтануы осы көзқараста емес пе? Мүмкін, біз «көзімнің қарасы» дегенді физикалық мәнінде қабылдап қоя салар едік, егер өлеңнің екінші жолында «көңілімнің санасы» тұрмаса.

Екі жол бірін-бірі анықтап, толықтырып, тұтастырып тұр. Ақынның көзінің қарасы, оның көңілінің санасы, демек, көзқарастан сана пайда болған. Ол – ғашықтық сана. Ол сана ашылып, айқындалып өз жолын, жөнін таппаған. Ол сананың мүмкіндігі болғанмен әлі тұмшаланған күйде. Сана сәулеге айналып шықпаған соң, ол дертке айналған. Сондықтан ақын: «Бітпейді ішімде ғашықтың жарасы», - дейді.

Төртінші жолдағы «жара» деген де рухани түсінік. Ол да сана, бірақ ғашық жанның санасы. Жан деген – тән болмысынан тыс түсінік. Жаны жараланып, ғашықтық дертке әркім түсе бермейді. Ғашықтық деген көңіліміздің биік санасын қажет етеді. Сана дүниеге көзқарастан туады. Ал ғашықтық деген тек адам болмысымен шектелетін жай емес, ол – орындалмайтын арманды, іске аспайтын мүмкіндікті, бір сөзбен айтқанда, адамның жаратушысын аңсаудан, сонымен әуел бастағы тұтастық – бірлікті табиғи қажет етуден пайда болған сана. Сонда ғашықтық – дүниетаным демекпін. Ғашықтық қол жетпес құмарлық боп, ол дертке айналып, жан жарасы болғанда ғана өз мәніне келмек. Ғашықтық тұрмыстан, тәннен тыс болмағы ақиқат. Егер оны тұрмыстан, тән құмарлығынан тапсаң, ғашықтықтың өзін-өзі жойғаны. Тәннен жанның ұшып кетуі сияқты, ғашықтық құмарлықтан аулақтап кетпек.

Ғашықтық туралы дастанның, хикаяның, жырдың, өлеңнің, әннің адамдарға адам айтқысыз әсер қалдырып, жаныңды тербетіп, ғұмырға құмартатын күші осында деп білемәіз.

Абай – ақын, сондықтан оның осы өлеңінде де күнделікті тұрмысқа қатысты жайлар емес, адам болмысына тән ауқымды тақырып тілге тиек болған. Оның үстіне поэзия тілі ашық, анық, түсінікті болудан әманда аулақ екені мәлім. Поэзия – жұмбақ сана. Оның сыры ішінде. Ол сонысымен поэзия, сонысымен дара. Абай поэзияның осы құдіретін қалтқысыз қолданған.

Көздің қарасынан туған ғашықтық көңілдің санасы болған. Сонда көңілдің санасы деген не? Көңілдің өзі адамның санасы емес пе еді? Сонда сананың да санасы болғаны ма бұл – философиялық мәселе. Бұл жөнінде атақты Мәжнүн (Кайс ибн аль-Мулаввах) ақын терең пікір білдірген:

Ты спросил: «Кто она? Иль живет она в крае безвестном?»

Я ответил: «Заря, чья обитель – на своде небесном».

Мне сказали: «Пойми, что влюбиться в зарю – безрассудно».

Я ответил: «Таков мой удел, от того мне и трудно»...

Әдетте, сана ақылға сыйымды болушы еді, «көңілдің санасы» - (ғашықтық) ақылға сыйымсыз сана. Оның сыры бір жаратушыға мәлім. Бірақ сол сырдың болуы адамдар үшін қажеттілік...

Адам дүниеге қандай қажеттілікпен жаратылса, адамның оны аңсап, оған ынтық болуы да міндетті іс. Осы қажеттілікке ынтықтық – ғашықтықты туғызады. Ақын Мәжнүннің атқан таңға ғашық болуы осы ақиқатқа бастайды.

Сонда адам болмысында ғашықтық – адамдардың бір-біріне қажеттіліктерін өмір қызығынан жоғары қоюы. Бірақ осы табиғи істің, яғни құмарлықтың екі қыры бар: тән құмарлығы және жан құмарлығы.

Ғашықтық – жан құмарлығы. Сондықтан ғашықтық жарасы ешқашан да жазылмақ емес. егер жарасына ем табылған ғашықтық болса, ол әншейін тән құмарлығының әлегі, ол ғашықтық емес.

Ғашықтық – арман, ал арман ешқашан шындыққа айналмақ емес. орындалған арман – арман емес. абайдың: «Бітпейді ішімде ғашықтық жарасы», - дегенін де осы мәнде түсінген, сірә да, дұрыс болар.  

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 135 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: