Абайдың хакімдігі
16/05/2022, 13:38

«ӘУЕЛДЕ БІР СУЫҚ МҰЗ – АҚЫЛ ЗЕРЕК...»

Абай ақылды суық мұзға теңеген. Ақыл – зеректік, бірақ ол неге суық? Ақыл – тек адамның қасиеті. Ол туралы талас жоқ. Ақыл – білімнің деңгейі, өлшемі, оның осы қасиетін Абай да ерекше қастерлеген. Ақылсыз ешбір білім-ғылым жоқ. Алла ақылды адамға (пендесіне) мүмкіндік ретінде берсе, әрбір жан – оны өзінше іске асырушы. Ақылды адам – көп білетін, түсінігі мол адам. Дүниеде ақылды адамдар көп болған, қазір де көп, келешекте де солай бола бермек. Тарихта ақылды адамдардың күннен-күнге молыға беруі заңдылық, ол – өркениет талабы.

Егер Абай осы мәселелерді айтумен шектеліп қалса, онда оның данышпандығы туралы сөз болмас еді. Мұның бәрі белгілі жайлар. Абай мәселені өзгеше қойған, ол «Әуелден ақыл – суық мұз» екенін айта келіп, осы өлеңнің екінші жолында: «Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек», - дейді. Сонда сұрақ туады: егер де ақыл суық мұз болып тұра берсе не болмақ? Оған несіне ыстық жүректі қоспақпыз? Ақыл суық болғанда жақсылық пен жамандықты талғамайды, ажыратпайды, оған бәрібір. Әйтеуір дүниені, болмысты таныса, білсе, білімге айналдырса болғаны. Мұнда мақсат біреу-ақ – тек білу, анықтау, себебін ашу. Ал ол мақсат кімге қалай қызмет етеді, онда шаруа жоқ. Анықталған білім жауыздыққа да, әділеттілікке де қызмет етуі ықтимал, мұндаймен суық ақылдың жұмысы жоқ. Ол тек өз ісін ғана білмек. Іс осындай мазмұнда болғанда ақылдың өзі адамға, оның болмысына қауіп туғызады. Сондықтан Абай ақылмен қоса адам бойында «ыстық жүрек» болу керек деген мәселе көтерген. Ол суық мұзды ерітеді, ақылды нұрландырып, оны адамға, оның ізгі мұраттарына қзмет етуге елжіретеді.

Абай ақылмен жүректі бірге айтумен тежелмеген, ол одан әрі ойын былайша жалғастырған:

Тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық,

Бұл – қайраттан шығады, білсең керек, -

дейді.

Енді ақыл мен жүрекке қайрат қосылды. Ол ақынға тоқтаулылық, шыдамдылық береді. Міне, сонда ғана біз «толық ақыл» туралы сөз айта алмақпыз. Біздің «толық ақыл» деп отырғанымызды, сірә, даналық, данышпандық деген ұғымдармен білдірсек, орынды болар демекпіз. Себебі Абай:

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,

Сонда толық боласың елден бөлек, -

деп нақтылы байлам жасаған. Осы үшеуін бірдей ұстау әр адамға мақсат әрі мұрат болуы керек. Бірақ өмірде олай бола бермейді, ақылды болғанмен сабырсыз болады, шыдамды, қажырлы болғанымен жүрексіз болады. Абай «ыстық жүрек» дегенде адамшылықты айтып отыр, сондықтан ізгіліктен тыс тұрған қайраттылық кімге дәрі?

Өмірде қандай жандар болмайды, кейде айқара құшақты ақкөңіл, ақ қағаздай жандарды көресің, бірақ бойларында қайрат жоқ болғандықтан жазғытұрымғы жайма судай құрғап кете барады. Абай болса осы үшеуінің басы қосылғанда қалыптасатын сана туралы айтып отыр. Яғни, мәселе өте күрделі суық ақылға ыстық жүрек не береді, екеуіне қайрат не береді, сонда үшеуі бір адамның болмысында біте қайнасқанда қандай ұғым шығады№ міне, гәп осында.

Біз жоғарыда дүниеде ақылды адамдар көп дедік, ал ақыл, жүрек, қайратты бірдей ұстаған жандар өмірде көп пе, аз ба? Мұндай адамдардың санын анықтаудың қажеті амалы, себебі сөз данышпандар туралы болып отыр. Данышпандар дүниеге ешқашан көптік етпеген. Оларды аңсау – «толық адамды» аңсау, Абай лексикасында олар: хакімдер, кәміл мұсылмандар.

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 141 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: