Абайдың хакімдігі
09/05/2022, 18:41

«ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ...»

«Өлең – сөздің патшасы» дегенде Абай өлең мен сөздің бір-бірімен байланысын «патша» деген ұғыммен білдіріп отыр. «Патша» деген – даралықты емес, жалпылықты білдіретін ұғым. Патша болу үшін оның қасиеттері жалпы патшалыққа тән болса, сонымен бірге патшалықтың қадір-қасиеті патшада болуы шарт. Міне, «өлең» деген сондай мәнге ие болып, бүкіл сөздің патшасы атанған. Сөз деген патшалық болса, өлең – оның патшасы. Сонда «патша» деген әрі кеңдік, әрі даралық, өлең де сондай, ол да бүкіл сөзге тән әрі жеке-дара.

Сөз өнерінде өлеңсіз әңгіме айту мүмкін емес, оны бір лирика, поэтика деп атаймыз. Өлең патша болса, ол тек сөздің ең лауазымды биігі ғана емес, ол сөз өнерінің өне бойынан табылуы керек. Өлең тек сол кезде ғана сөз патшасы болмақ. Абай осы мәселеге нақтылы тоқталған.

«Өлең – сөздің патшасын» осылайша түсіндік десек, мәселенің ауырлығы осы өлең жолының екінші жартысында, ол – «сөз сарасы» деген ұғым.

Абай неліктен өлеңді «сөз сарасы» деген? Мұнда не мән бар? Тілімізде «сара бағыт», «сара жол» деген түсініктер бар. Демек, «сара» дегеніміз тура, әділ деген ұғыммен мәндес болып шығады. Осы дұрыс па? Тіптен дұрыс болса да, Абай «сара» деген ұғымды осы мәнде қолданып отыр ма? Абай өлеңдеріне түсініктемелер беріп жүріп көңілге түйген қағидамыз – оның өлеңінің бір жолындағы ұғымдар бір-бірінен ешқашан да алшақтамай, өзімен-өзі болмай, тың ұғым туғызуға қызмет етіп тұрады. Мысалы, өлең, сөз, патша, сара – осы төрт ұғым өлеңнің бір-ақ жолында тұр. Былайша қарағанда, әрқайсысы жеке-жеке дүниелер. Олардың бас-басына қатысты қаншама мәселелер қозғауға әбден болады. Бірақ мәселе олардың даралықтарында, әрқайсысының жеке мәнінде емес, солардың бәрі бірігіп тың ұғым құрауында немесе жаңа ойдың темірқазықтары сияқты болып тұруында. Сонда осы төрт ұғым топтасып, бірігіп, нендей мәселені көтерген? Ол – өлең туралы идея. Бұл идеяның екі жағы ашылған: бірі – «өлең – сөздің патшасы» , екіншісі – «өлең – сөздің сарасы». Абай бірінші, яғни өлең – сөздің патшасы деп неге қоя салмаған? Егер осылай ғана айтсақ, өлең табиғаты ашыла ма? Әрине, ашылады, біз соған да разы болар едік, алайда оны Абай місе тұтып, ойын тежемей, әңгімені әрі қарай өрбіткен, ол өлең сөздің тек патшасы ғана емес, өлең – сөздің сарасы деген.

Қазақта сөзді саралау деген түсінік бар. Ол деген – сөзді сөз еместен ажырата білу деген мәселе. Тіл мен жақтан сылдырап шыққандардың бәрі сөз емес. табиғаттағы барлық нәрселер сияқты сөз де дертті болады, оның дертін Абай: «Бөтен сөзбен былғанса сөз сарасы», - деп ашып айтқан. Сөз былғанса сөз болудан қалады. Ал енді осы нағыз сөзді қауызынан аршып алу үшін оны саралау қажет. Сараланған сөз – нағыз сөз, ол – өлең. Сонда өлең әншейін сөз емес, ол – сөздің сарасы, сондықтан Абай қиыннан қиыстырған қазақтың баласын «ер дана» деп атаған.

Абай мәдениет деген ұғымды қолданбаған, оны жаттап алып, күнде айтып жүрген біздерміз. Ал мәдениет деген не дегенге келсек, сөз сарасын түсінген адамды ғана мәдениетті адам қатарына қоюға әбден болады. Сөзді түсініп, меңгермеген адамның бойында мәдениеттіліктің өзі түгіл нышаны болуы мүмкін емес. осы пікіріміздің дәлелі ретінде Абай өлеңінің шумағын толық келтірейік:

Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы...

баспаға әзірлеген

Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ)

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 139 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: