03/05/2022, 16:18 | |
«ӨЛЕҢ – СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ, СӨЗ САРАСЫ...» Абайдың осы бір өлең жолын жұртшылық жиі қолданады. Кейде ретімен, өз орнына лайықты айтса, көбінесе істің мән-жайына түсінбей, әншейін айта салушылық бар. Осы өлеңнің бір ғана жолында иірім-иірім ойлар жатыр. Ол қандай ойлар? Біріншіден, біз ақынның «Өлең – сөздің патшасы» дегеніне тоқталуымыз керек. Неге өлең сөздің патшасы? Бұл сұраққа жауап беру үшін қаз қатар тұрған үш ұғымның (өлең, сөз, патша) қайсысынан бастамақпыз? Үшеуін тұтастырып тұрған негізгі ұғымы қайсы? Негізгі ұғым «сөз» болса керек. Себебі сөздің патшасы – өлең. Мәселе сөзде. Сөз болған соң өлең бар, оның патшалығы бар. Сонда сөз деген не? Оны жалғыз-ақ ұғыммен анықтауға болмайды. Сөздің іспен, қарекетпен байланысын мойындау қажет, қандай іс,қарекет болсын, ол сөз арқылы айқындалады. Сондықтан сөз – істің, қарекеттің көрінісі. Екіншіден, сөз идеяға байланысты. Идеяның өзі сөз арқылы анықталмақ. Сөзсіз идея айқындалмайды. Идеяны сөзбен теңестіру платон философиясынан бастау алған. Үшіншіден, сөз – ойлаудың нәтижесі әрі оның процесі. Тұжыра айтсақ, қандай сөзде болсын қорытынды бар, ойлау жүйесі, яғни ой тұтастығы бар. Сонымен бірге сөзде жаңа ой басталып, алдыңғы ой көмескіленіп тұрады. Сөзді жаңа ой басы дейтініміз сондықтан. Төртіншіден, сөз міндетті түрде сөйлеушіні (субъектіні) қажет етпейді, ол объективті мазмұнда өз алдынша өмір сүру береді. Сөздің мұндай абстракциялық табиғатын қазақтар «жақсыдан қалған сөз», «үлкендер айтқан сөз», т.б. мәнде білдірген. Мұндай жағдайда сөз сөйлеуші – халық. Мәдениетіміздегі фольклор деген ұғымның негізінде осындай жайлар жатыр. Бесіншіден, сөздің дара түсінігі болаы. Ең алдымен сөз болған деген идея баршамызға белгілі. Бірақ ол сөз кімнің сөзі? Бұл – шешімі табылмаған жұмбақ. Алғашқы сөзді айтушы Алла тағала (мұсылман діні бойынша) десек, діни ойлау шеңберінен асып кете алмаймыз. Ал егер алғашқы сөзді адам айтқан десек, тағы да екі мәселе туады. Біріншісі – адам сөзінің Алла өзімен байланысы бар ма? Екіншіден, егер адам сөзі өздігінен ешбір құдайсыз, оның құдіретінсіз болса, онда сөздің пайда болуының себебі неде? Осы мәселеде ғылым мен дін, философия мен атеизм бөліне бастайды. Біз осы мәселелердің мәнін аша алмағандықтан алғашқы сөзді Алла тағала айтқан деген пікірге сүйене отырып (оның өзіне де тереңдемей), адам сөзінің табиғатына сәл үңілсек. Сөз табиғаты дегенде, оның мистикалық мәнін жоққа шығара алмаймыз. Сөз мистикасы – үлкен мәселе. Неліктен кейбір сөздер адамға, оның санасы емес, сезіміне бойлап, рухын жайлап, еркін меңгеріп кетеді? Оның сыры неде? Сірә, бұл тұста сөздің музыка құдіретіндей адам болмысына оның еркінен тыс әсер ете алатын қуаты болса керек. Сөздің мистикалық табиғатын мойындамай, оған рационализм биігінен ғана қарайтындарды сөз ұлағатын меңгергендер деп айта алмаймыз. Сөзді меңгеру, оны қабылдай білу және қолдана, пайдалана білу дегеніміз мәдениеттіліктің ғана емес, даналықтың белгісі. Абай сөзді осы мәнде айтып отыр. Сөз сана емес, ақыл емес, сезім емес, ой емес, ол – соның бәрі. Сөзде осы айтқандардың қайсысы көп, қайсысы аз, қайсысы қостаушы, міне, мәселе сонда. Сөз философиясы – өзгеріс философиясы. Себебі сөз ағып жатқан су сияқты. Онда тұрақтылық, тоқтау жоқ. Ағынсыз су өз қасиетінен қалайша айырыла бастаса, сөз де сондай күйге түспек. Сөздің мұндай дертке түсуін ғылым тілінде «догма» дейді. Сөздің догмаға айналуы – ақылдың суалуының көрінісі. Сөзді қағидаға айналдыру үшін әлімсақтан бері жасалып келе жатқан әрекеттер мол. Сөздің өзгеруі адамдарға беймазалық, тынышсыздық әкеледі. Әдетке айналып қалған сөзді жаңа сөзбен ауыстыра беру қоғамдағы қалыптасып қалған дәстүр, салт-саналарды өзгертеді. Қандай да болсын өзгерісте қауіптілік бар. Өзгеріс әманда белгісіздікке бастайды. Белгісіздік үрей әкеледі. Адамдар көбінесе бәрі анық, бәрі түсінікті болғанды қалайды, бірақ адамдардың өздері түсініксіз істер бастауға әманда әзір. Белгісіздіктен белгілік іздеу – таным. Сөз болса – танымның сатылары. Осылайша сөз туралы біршама түсінікке келдік. (жалғасы бар) баспаға әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 150 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |