Абайдың хакімдігі
25/04/2022, 13:33

«ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН...»

«Мұң» мен «қайғы» адам болмысының бәр сәттерінде бір-бірінен алшақ кеткенмен, кей кезде жақындасып, толығып, бірігіп кететін жайлары бар. Абай болса, бұл өлеңде мұң туралы емес, қайғы туралы айтып отыр.

Енді осы мәселеге келейік. Ақынның өлең жолының басында «қартайдық» деп бастағанынан мән іздегелі отырмыз. Сөзге сараң, ойға дарқан Абай бостан-босқа сөздерді тіркестіре бермейтіні хақ. Олай болса, «қартаю» дегеннің өзі тек биологиялық сандық мөлшерден гөрі сапалық істер жиынтығын білдіретін ұғым болса керек. Адамның қартаюының да түрі көп. Айталық, қарт болу өмір жолындағы көбіміздің келетін мәртебеміз болса, соған кім несімен, қандай жүкпен жетеді? Көп жасау деген – көп көрген, көп түйген емес деген халық дүниетанымында түйсік бары да баршамызға аян. Абай қартаю дегенде өмірден тәжірибе жинақтап, өткен өмірден ғибрат алған адамды айтып отыр.

Ал мұндай адамның қартайғанда «қайғы ойлайтыны» заңды. Тіптен «қайғы ойлап» қартаю кейбір адамдарға тым ерте де келуі ықтимал. Мысалы, мұндай сана Сұлтанмахмұтқа отыз жасқа жетпей келген. Бұл сөз орыс ақыны Михаил Лермонтовқп да қатысты. Көп адамға қайғы ойлайтын қартаю тым кеш келуі, тіптен мүлдем келмеуі де ықтимал.

Өткен өмірге өкінішпен қарау, өксік ету, ол қайғы емес, тоғышарлық. Қайғы өткен өмірге емес, болашаққа бағытталған сана. Абай: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», - дейді. Ол арманды өшіретін емес, оны өсіріп, ұлғайтатын қайғыны айтып отыр.

Қайғы – философиялық, дүниетанымдық ұғым. Оның орны адам болмысында биік. Оның орны адам болмысында биік. Абай қайғы дегенде жеке басқа қатысты мәселені айтып отырған жоқ. Ол оны елдік сана тұрғысында пайымдаған. Ертеректе Абу Язид деген сопы айтса керек: «Когда в сердце приходит печаль, считай это удачей, ибо мужи благодаря печали достигают чего-либо».

Адамның қайғы ойлауы дегеніміз – оның дүниенің мәніне үңіліп, мәңгіліктің тылсым табиғатына тереңдеуі. Міне, осындай бағытта толғанысқа, қиналысқа түскен жанның арманы ұлғаяды. Әдетте, арманшыл деп жастарды айтушы еді. Абай қайғы ойлаған (қайғылы емес) адамның арманы ұлғаяды деген пікірге келген.

Сонда «ұлғайған арманә деген не? Оны Абай қай мәнінде қолданған?

Адамның ұлғайғаны – оның өз арнасына түсуі. Арман арнасы – үміт. Үміт – адам тіршілігінің нақ куәсі. Үмітсіз адам болмайды, үмітсіз – тек қана шайтан. Үміті бар адамның арманы да бар. Бірақ үміттің де үміті бар. Абайдың үміті оны «ұлғайған арманға» бастаған.

«Ұлғайған арман» - ұлы мақсатқа лайықталған ниеттен туындайды. Ұлы мақсат дегеніміз – өмірдің мәні туралы әңгіме.

Өмір мәні – жалпы ұғым. Абай оның нақтылы болмысын: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», - деп өлеңнің бір жолына сыйғызған.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 148 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: