Абайдың хакімдігі
18/04/2022, 13:49

«ҚАРТАЙДЫҚ, ҚАЙҒЫ ОЙЛАДЫҚ, ҰЛҒАЙДЫ АРМАН...»

Осы өлеңнің алғашқы 1995 жылғы шыққан екі томдық жинақта «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» деп берілсе (1-т., 54-б.), сол жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай энциклопедиясындағы» осы өлеңге түсініктеме «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деп берілген (356-б.). Бұл мақала авторы – Р.Нұрғалиев. көпшілікке осы екеуінің қайсысын ұсынбақшымыз? «Қайғы ойладық» дегенді неге «қайрат қайтты» дегенге өзгерткеніне екі томдықтың түсініктемесінде мынандай дәлелдер келтірілген: «Алдыңғы өлең де, осы өлең де «Қартайдық, қайғы ойладық...» деп басталады. Ал Садуақас жазбасында екінші өлең «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман» деп берілген. Осылай айтылуы дұрыс болар дейміз.

«Қайғы ойладық» деген сөзді екі рет қайталау жарасып тұрмағандықтан (?) өлең атын осылай өзгертуді мақұл көрдік» (259-б.).

Түсініктемені жазушылар алдыңғы өлең деп «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», - деп басталады. Сонда түсініктеме жазушыларға екі өлеңнің басталуындағы ұқсастық оғаш болып көрінген. Олардың келтірген дәлелдерінің бірі – «екі рет қайталау жарасып тұрмағандықтан». Бұл дәлел емес, дәлелсымақ. Неліктен жараспайды, бұл бір өлең емес, екі өлеңнің басталуы. Бұл бір. Екіншіден, екі өлең бір ойға құрылған. Абай қартаюды адамның жасына байланысты ғана айтып отырған жоқ, ойлы адамның жалғыздығы, оның көңіл күйінің мазмұны қайғы екендігін өлеңге қосқан. Қайғы деген – ойлылық, парасаттылық белгісі. Қайғы жауапкершіліктен туады. Алғашқы өлеңде: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», - десе, яғни қайғы ұйқыны да сергітті деген ой ұсынса, екінші өлеңде осы ойды ол тереңдете түскен, яғни қайғы ойлау арманды ұлғайтты деп отыр, ал «қайрат қайтса» арман қалай ұлғаймақ? Қайғы ойлаудың өзі қайраттану, сөйтіп барып арманды ұлғайту. Сондықтан мен «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген түсінікте қалмақпыз.

* * *

Өлеңнің осы бір ғана жолына үш ұғым сыйып тұр, олар: қартаю, қайғы және арман. Адамның қартаюы таңсық та, таңданатын да іс емес: Туу, өсу, есею, қартаю және дүниеден өту – адам еркінен тыс болатын табиғи құбылыстар. Адам тек соны сезіп, танып, ұғып, өзінің табиғи болмысына сай икемделуі шарт. Себебі адамның әрбір шағының өз дүниетанымы бар. Жас ұлғайған сайын сезім суалып, сана қоюлана түседі. Сезім мен сана тепе-теңдігі сақталған шақ – адам болмысының «алтын ғасыры». Оны қазақ серілері мен салдары әнге қосып, сандық мәнде «жиырма бес» десе, үниетанымдық тұрғыда «дәурен» деп атаған.

Ойлы адамның көңіл күйі қайғыға не мұңға толы болмақ.

Мұң мен қайғы бір емес. мұң – серпілмеген сезім, ашылмаан, айқындалмаған сана. Мұң табиғаты адам үшін жұмбақ. Оны мынандай іс деп ашып айту мүмкін емес. ол адамға өзінің мазасыз әрекетінің нәтижесінде пайда болады. Мазасыздық түбінде қызығушылық әрі құмарлық жатады. Мысалы, Шығыс поэзиясында, қазақ мәдениетінде молынан жырланған ғашықтық қайғы емес, мұң.

Сонымен, мұңды айқындайтын дүниеге құмарлық болса, қайғы, керісінше, құмарлық орнына өмірден жалығу (Абай қолданған мәнде) сияқты құбылыс. Бұл – «мұң» мен «қайғының» бірінші айырмашылығы. Екіншіден, мұң беймәлімділікті, тұмшалаған болмысты, қиялға айналған арманды бейнелесе, қайғы суық ақылды, айқындықты, заңдылықты тануға бағытталған зерек ой. Бірақ қайғы зерек ой болғанымен, оның да ақиқатқа жеткізетін қуаты шамалы. Ақыл-ой мөлшерлі, шектеулі болғандықтан қайғы да мұң сияқты дүниенің не екеніне анық жауап таба алмай, адамның пенде екендігін тағы бір дәлелдеп, жаратушыға немесе «өлшеусіз ұлы ақылға» бас игізетін қуат-күш. (жалғасы бар)   

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 160 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: