Абайдың хакімдігі
11/04/2022, 13:45

«ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН – ОЛ ЕКІ ЖОЛ»

Ғашықтық – адамшылықтың өлшемі. Ғашықтық – сезім, оны саналылыққа жатқызуға болмайды. Бірақ ғашықтық адам болмысында екі арнада өрбіген: бірі – адамның Аллаға ғашықтығы (бұл – мистикалық дүниетаным), екіншісі – адам мен адамның арасындағы (бұл – сезім) ынтықтық.

Аллаға немесе құдайға ғашық болғандарды ислам дінінде сопылар, әулиелер деп атаған. Бізге жақын нағыз сопы, әулие – Қожа Ахмет Иасауи. Сопылар ғашықтықты иман деп қабылдаған. Иасауи: «Ғашық еместердің иманы жоқ, ей,жандар!» - деп жар салған. Аллаға ғашық болған жан – нәпсіні жеңген, дүние кірінен тазарған адам. «Дүние кірі» деген түсінікті Абай «нәпсіге» қатысты қолданған.

Суфизмде ғашықтық – мистикалық дүниетаным. Әулиелер – Аллаға ғашық жандар. Әулиелер үшін Аллаға ғашықтық тек дүниетаным ғана емес, тағдырдың жазғаны болып саналады. Әулиелер Аллаға ғашық болғанда мәңгілік бақи дүниеде жұмаққа бармақшы боп дәмеленгендер емес, олар – жаратқанмен жүздесіп, дидарласуды өмірдің мәніне айналдырған аскеттер. Әулиелерде осы жалған дүниеде жақсылық жасасам, бақида жұмаққа барам деген «сауда сана» жоқ. Жұмаққа ену үшін жасалған жақсылық – әулиелер үшін күнә. Олардың Аллаға ғашықтығының ешқандай прагматистік мазмұны жоқ. Бұл – қалыпты санаға сыймайтын түсінік, сондықтан да әулиелер дүниетанымы біздер үшін тылсым. Оны еуропада мистика деп атайды. Мәселенің шындығы сол, мистиканың өз болмысында екі арна бар. Бірі – «жалған» дүниеден бақи ғұмырды, жұмақты артық қойып, тек сенімге құрылған дүниетаным, екіншісі – жалған дүниені бақи ғұмырмен бірге қойып, оның сырының тылсымдығын мойындайтын дүниетаным. Сопылар дүниетанымы осы соңғыға қатысты. Бұл – ғашықтық туралы бірінші арна.

Екінші арна – еркек пен әйелдің арасындағы сезім. Еркек әйелге не, керісінше, әйел еркекке ғашық болады. Одан өзге адамдар арасында, айталық, әке мен бала, туыс пен туыс арасында ғашықтық болмайды. Ондай жайларды білдіретін өзге түсініктер бар. Абайдың «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» дегенде айтып отырғаны осы жайлар.

Абай өлеңдерін мұқият оқыған адам оның ғашықтық пен махаббаттың өздеріне ғана тән ерекшеліктерін білгеніне шүбә келтірмейді. Ақын махаббат туралы айтқанда оған өзгеше мән берген. Махаббат – адамның жыныстық ерекшеліктеріне қарамастан бола беретін сезім. Махаббатта да саналылық жоқ. Абай «махаббатты» көбінесе гносеологиялық, яғни танымдық мәнде қолданған.

Дж.Тримингэм «Исламдағы суфистік өрендер» деген кітабында ғашықтық пен махаббаттың айырмасын білдіретін суфизмнің «жеті сатысын» толық бейнелейтін сызба жасаған. Осы сызбадағы төртінші буында жанның жеті сатысы бейнеленген, олар: (1) ақиқатқа жетем деуші нәпсіден тазару мақсатында (шахават) әдеттегі адамның ойлары мен қылықтарынан арылып, (2) оны махаббатқа айырбастап, одан әрі (3) ғашық отына түсу, (4) сөйтіп хақпен тұтасып (вусла) және (5) өзге түрге өтіп (фана), (6) Алланың рахматымен және қажырлылықпен (7) мәңгілік (бақи) дүниесіне өту. Осы жеті сатының өзіне тән түстері бар, махаббаттың түсі – сары, ғашықтықтың түсі – қызыл. Демек, махаббат пен ғашықтықты бөліп қарау Абайға дейін, әсіресе суфизмде айшықты түрде болған. Махаббат дүниетаным емес, ол – болмысты танудың тәсілі, ал ғашықтық болса – дүниетаным. Бұ бір. Екіншіден, махаббат хаққа емес, адамның адамға бағытталған сезімі. Абай махаббатты екі мәнде қолданған: біріншісі – махаббат жаратушының адамдар сезіміне тарнсформацияланған нұры, екіншісі – еркек пен әйел арасындағы сүйіспеншілік. Бұл мәнде махаббат пен ғашықтықты Абай синонимдес ұғымдар ретінде қолданған.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 137 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: