04/04/2022, 13:45 | |
«ҒАШЫҚТЫҚ, ҚҰМАРЛЫҚПЕН – ОЛ ЕКІ ЖОЛ» Адамның тылсым сезімдерін бейнелейтін тілімізде қадау-қадау ұғымдар бар. Олар – махаббат, ғашықтық, құмарлық және нәпсі. Осылардың бәрі адамға қатысты болғанымен, бір-бірінен айта қаларлықтай айырмашылықтары бар. Біз көбінесе оларды синоним ұғымдар ретінде қолдана береміз, онымыз ауызекі сөзде сыйымды болғанымен, адам болмысын ашуда әрқайсысына нақтылы тоқталып, талдау жасауға міндеттіміз. Себебі адам табиғатының қыр-сыры мол. Адам өзінің бойындағы қасиетін қалай, қандай жағдайда, неге байланысты қолданады, сонысымен оның болмысы анықталмақ. Мысалы, адам баласын құртуды мақсат етіп, әрекеттенуші де адам, одан қорғанып, дүниені дін аман сақтау үшін күресуші де адам. Мәселенің бәрі – адамда. Адамға адамнан өзге жау жоқ. Осы дилемманы Маркс тап күресі арқылы шешпек болған. Тап дегеніміздің табиғатында тобырлық психология жатыр. Адам әманда тобыр болып өмір сүрмейді, оның болмысы даралығында. Әрбір адам – жеке бір әлем, оның өз өмірі, өз түсінігі бар. Сол сияқты жеке адамның тек өзіне ғана қатысты сезімдері бар. Соның ішіндегі адамның аса қуатты сезімі – оның дүниеге құмарлығы. Құмарлық – адамзаттың қорғаныс қуаты. Себебі ол адам болмысының қажеттілігінен айқындалмақ. Мұндай қуат табиғи, оның негізі биологиялық заңдылықтармен анықталған. Адамның құмарлығы (қуаты) болмағанда, ол жер бетінен ілдеқашан құрып кеткен болар еді. Құмарлық адамдарға да, жануарларға да ортақ сезім болғанымен, екеуінің сапалық көріністері өзгеше. Адамдарға тән құмарлықты «нәпсі» деп атаймыз. Ақынның: «Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол», - деуі де сондықтан. «Нәпсі» деген өте күрделі мәселе, оны біз «мүмкіндік» деген философиялық категория арқылы түсіндіріп көрелік. Нәпсі – адамның мүмкіндігінің кеңістігі. Ол, бір жағынан, адам болмысының тұмшаланған көрінісі. Нәпсі мүмкін іске асады, мүмкін іске аспайды. Оны тежеу адамның еркінде. Екінші жағынан, нәпсі – адамның тағдыры. Мысалы, нәпсіні тыймақ болып, оны теріске шығарғандарды әулие, сопы, монах, архат, т.б. деп атаған. Олар – нәпсіні тәркілегендер, сөйтңп тағдырға мойынұсынып, әрбір қас қағым сәт сайын нәпсімен күресушілер. Нәпсіні меңгеру – адам болмысындағы аса қиын іс. Тарихтағы санасыз катаклизмдер – осы нәпсіні меңгерудің мөлшеріне қатысты қалыптасқан ұғымдар. Адамның күнәкар атануы да нәпсіге қатысты. Нәпсінің ұялаған жері сана емес, тіптен сезім де емес, ол адамның тарихи-табиғи болмысының ең төменгі қабатында. Нәпсіні зәулім үйдің іргетасымен (фундаментімен) салыстыруға болады. Ол туралы психоаналитиктер Зигмунд Фрейд, Эрих Фромм, т.б. көптеген еңбектер жазған. Нәпсі туралы Қазақстан ғалымдарының терең зерттеулері болмағанымен, Мұхтар Әуезовтің осы проблемаға арналған «Қаралы сұлу» әңгімесі бар. «Қаралы сұлуда» махаббат, ғашықтық туралы сөз жоқ, әңгіме тек нәпсі туралы ғана болған. Әңгіменің қысқаша желісі – күйеуі барымтада өлген жас келіншек ешқашан тұрмысқа шықпауға, еркек «бетін» көрмеуше өзіне-өзі ант береді. Бірақ ол сөзінде тұра алмай, кездейсоқ кездескен Болат шалға беріледі. Абайдың айтып отырғаны – осы ғашықтықтан өзге құмарлық жолы. Ғашықтық нәпсіні меңгеруден туады. Ғашық жандарда жалғандық, сатқындық болмайды. Ғашықтық – адамдардың, яғни әйел мен ер адамның бірін-бірі шексіз бағалауы. Ғашықтық, бір жағынан, сезім еркіндігі, яғни сүйгенін әр адамның өзінің таңдауы. Екінші жағынан, ғашықтық – әр адамның еркінің шектелуі. Ғашық адамға өзінің сүйгені – бүкіл дүниенің жиынтық бейнесі, символы. Ғашықтардың бірі үшін бірінің құрбандыққа ойланбай баратындары сондықтан. Ғашық болу әрбір адамның қолынан келе бермейді, ол үшін тән әрі жан сұлулығы қажет. Сондықтан Абай: Ғашықтық келсе, жеңер бойыңды алып, Жүдетер безгек ауру сықылданып. Тұла бой тоңар,суыр, үміт үзсе, Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып, - дейді. Ғашықтық адамдардан рухани пәктікті талап етеді. Пәк адам ғана ғашықтық отына түсе алады, себебі ғашық болу – тәуекелге бару, қажет болса дүние қызығынан безініп, басты бәйгеге тігу. Ғашықтық жолы өте ауыр. Абайдың құмарлық пен ғашықтықты екі жол дейтінінде терең мән бар. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 146 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |