Абайдың хакімдігі
21/03/2022, 11:35

«МЕНСІНБЕУШІ ЕМ НАДАНДЫ»

Біз кейінгі кезде Абай жұрт туралы, ақындар туралы олай-бұлай деген екен деп, жалпақ сөзбен, жайдақ ойға түсе береміз. Әманда есте болуы керек, Абайдың айту құқы бар мәселелерге біздің құқымыз болмауы мүмкін. Айталық, Абай: «...Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы», - дейді. Ақын жұрт кімнің сөзін тыңдамайтынын айтып отыр. Әрине, өзінің сөзін, олай айтуға Абайға толық негіз бар, ол сөзінің салмағын біледі. Ол өзінің қазақтар үшін кім екенін толық ұғынған. Сондықтан оның «...Айтушы мен тыңдаушы көбі надан» деуіне негіз бар. Сол сияқты: «...Ақындары ақылсыз надан келіп», - десе, Абайдың тағы да бұлай айтуға еркі бар. Себебі ол ақындық деген не екенін біліп қана қоймаған, оның үлгісін өзі жасаған. Бұл сөз Абайға лайықты, надандықтың мөлшерін анықтау Абай сияқты тұлғаларға жарасымды.

Жалпы наданды менсінбеушіліктің өзі – надандық. Надан да адам, сондықтан оған да мән беру әділеттілік. Мұндай дүниетаным тақуаларға тән. Абай тақуа болмаса да осы бағытқа көшкен. Адамға өшіккендік тек өшпенділік туғызатынын, оның жүрегін мұздататынын сезген Абай:

Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ, -

дейді.

Абай: «Менсінбеуші ем наданды, ақылсыз деп қорытып», - деп наданды менінбегенді өзіне мін санайды. Ақынның осы пікірі біздің қайсысымыз надандықтан саумыз деген ойға жетелейді. Бұл ғұмырда нададыққа шалдықпаған жан бар ма? Тіптен Абайдың өзінің наданды менсінбегені жөн бе? бұл сұраққа, асылы, жауапты әркімнің өзі бергені лайық.

Абай өзінің қара сөзінде ауруды берген – құдай, бірақ ауыртқан құдай емес екенін айтқан-ды. Сол сияқты надандықты берген – құдай, адамды надан еткен құдай емес. сонда қалай болғаны, адамның надан атануының себебі неде? Ахмет Иассауидің айтуынша, Алла тағала пендесіне ерік берген. Осы ерік – адамның дұшпаны. Пендеге ерік не үшін берілген? Алласын танып, сүюі үшін. Бұл – Абайдың сөзі. Адамға ерік берілмесе ол қарекетсіз хайуан болған болар еді. Ерікті адам өз ісіне өзі жауапты. Мәселе – сонда ерікті адам дұрыс жолға түсе ала ма, жоқ па? Ерік – әлі іске аспаған мүмкіндік. Мүмкіндікті шындыққа айналдырып, өзін-өзі әшкере ету – адамның өз қолындағы ісі. Адам өзін-өзі қалайша көрсете алады, мәселе сонда. Надандық барын сезген жан надан болмаса керек. Сірә, надан атанбаудың да амалы сол надандық дегенді сезе, тани білуде.

Надандықтың көбіне білместіктен туатынын Абай «Сегіз аяқта» былайша өрнектеген:

Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ

Күлкішіл кердең наданның;

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды –

Әдеті надан адамның.

Өзіндік ойы жоқ адамның кеудесі қуыс. Ол әркімнің айдауында, әркімнің шылауында жүреді. Ондай жанның басында еркі жоқ. Еркі жоқ адамның надандықтан құтылуы екіталай іс. Абай өз заманында осындай ойсыз, күлкішіл кердеңдерді көріп, бойын ыза кернеп: «Наданның сүйенгені көп пен дүрмек», - деп ашына жазған.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 146 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: