Абайдың хакімдігі
14/03/2022, 16:28

«МЕНСІНБЕУШІ ЕМ НАДАНДЫ»

Өмірді Абай боп қабылдап, Абай түсінігімен түсіну әркімнің қолынан келе ме? Адамдардың бәріне Абай болудың қажеті бар ма? Хакімдер мен қарапайым адамдар арасында әдетте «алты айлық» жол жатуы заңдылық. Мұны да ескеру керек. Білместіктің бәрі надандық болмаса керек. Ой кеңістігінің тарлығы да кешірімді нәрсе, кешірілмейтін іс – адамның хайуанша тұрмыс кешуі. Сондықтан надандықты бағалауда субъективтік пікірдің болуын да жоққа шығаруға болмайды.

Абай надандар көп дегенде олардың топтық іске келгенде бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай топтаса кететініне наразы. Топтық әрекеттің тобырлық санаға апаратынына қиналады. Айтқанды ұқпай, өңкей надан антұрғандыққа барады. Бұл – адамның адамшылығына үлкен сын, елге қауіп, болашаққа бөгет, ақылға құрық, қайратқа тұсау.

Екіншіден, ойсыз адамды Абай:

Көзінен басқа ойы жоқ,

Адамның надан әуресі, -

деп мінейді.

Ойсыз адам – саналы іске бармайтын, сөздің ұлағатын ұқпайтын, мән-жайдың жай-жапсарын анықтай алмайтын жан. Ондай жандар – көзіне көрінгенді ғана «көретін» көкірегі сәулесіз адамдар. Сондықтан ондайларды ақын надан деп анықтаған.

Ойсыз адамда қайғы-мұң деген болмайды. Оны екі аяқты хайуанға қосып қойған жөн. Адамның басты қасиеттерінің бірі – оның ойлылығы. Ойлы адам қайғының не екенін, қауныштың не екенін біледі, сезеді. Бұл сезім адамды толғанысқа салады. Адам өмірдің мәні туралы ойланады.

Ойсыздықтың өмірде екі түрі бар. Бірі – нақтылы мәндегі ойсыздық, яғни адамның ақыл-есінің кемістігі. Екіншісі – кәдімгі ойсыздық. Ол не жалқаулықтан, не жетесіздіктен туындайды. Біреулердің айтуынша, өмірден түңілушілік те ойсыздық болып саналуы мүмкін, алайда өмірден түңілу де, белгілі бір мәнде, ойдың жемісі болса керек. Бірақ ақиқаттың өзі ғұмыр екеніне санасы жетпей, өмірден әншейін қырсыздықтан түңілсе, ондай адамды надандар қатарына қосу орынды. Өмір – Алланың адамға берген қуаты, одан қашу, әрине, надандық. Сондықтан Абайдың былай деуі әбден орынды:

Наданның көңілін басып тұр

Қараңғылық пердесі.

Адамның көңілін неге қараңғылық басады? Одан құтылудың жолы қандай бұл сұрақтарға Абайдың жауабы даяр. Адамға жақсылық жасау – адамшылықтықтың негізі. Абай осы идеядан ешқашан тыс кетпеген. Тек сонда ғана адамның көңіліне сәуле түседі, қараңғылық сейіледі. Ал адамды тану, Алланы танып, мойындау, ғибрат ету – саналылықтың белгісі. Ол алғырлықты, зеректікті, парасаттылықты, сан салалы білімділікті, қысқасы, ойшылдықты қажет етеді. Алғыр, зерек, парасатты, білімді, ойшыл адамның көңілін ешқашан қараңғылық пердесі баса алмақ емес.

Абай ойсыз адам – надан, ойлы адам надан емес деген қорытындыға келгенмен, ақынды дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсінуге болмайды. Ақын өлеңдерін мұқият оқыған адам оның кесіп-пішіп пікір айтпайтынына көзі жетеді. Қандай мәселені болмасын Абай барынша айқындап, айшықты етіп бейнелегенмен, оның түпкі айтпақ ойы тереңде. Мысалы, наданды барынша әшкерелеп отырғандағы Абайдың мақсаты адамның надандығын айтып қою ғана емес, одан, яғни надандықтан құтылудың жолдарын көрсету. Надан адам – ойсыз адам дегенде Абай қайткенде надандықтан құтылудың жолын нақтылы айтып берген. Ол – адамның білімге, өнерге ынталанып қарекет етуі. Ол үшін, әрине, ой, сана, сезім байлығы керек.

Үшіншіден, Абай надандық – білімсіздік белгісі деген пікір айтады. Бұл – бізді білімсіздік дегеннің өзі не деген сауалға жауап іздеуге шақыратын пікір. Білімсіздік дегеннің өзі анық түсінік емес. біз әдетте білімсіз деп ұстаз алдын көрмеген адамдарды айтып жүрміз. Әрине, кейбір жайларда бұл дұрыс та шығар, бірақ кейде жоғары білімді жандардан да білімсіздікті кездестіріп жүрміз. Бұл заңдылық Абай заманында да көрінген. Абай сондықтан білімсіздікті екі мәнде айтып отыр: оқығандар және оқыса да көңіліне тоқымағандар. Абай білімділіктің өлшемі ретінде әманда адамшылықты алады. Мұндай жағдайда біліп тұрып білімсіздік көрсеткенді Абай надандар қатарына жатқызады. Ақынның:

Айтушы мен тыңдаушы көбі надан,

Бұл жұрттың сөз танымас бір парасы;

немесе:

Ақындары ақылсыз, надан келіп,

Көр-жерді өлең қыпты жоқтан қармап, -

деген пікірлеріне сақтықпен қарау керек.  (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 162 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: