28/02/2022, 22:32 | |
«ТІРІ АДАМНЫҢ ІСІ – ҮМІТ» Үміт деген – тірліксіз, мәнсіз ұғым. Әлденеден үміт ету үшін басты мәселе адамның тірі болуында. Қазақ «Тірі адам тіршілігін жасайды» дейді. Бірақ Абай тіршілік дегенде әйтеуір кеудеден жан шықпағанды тіршілік деп мойындамайды. Тірлік – ақын ұғымында қарекетті қажет ететін қуат. Бойынан қайрат-жігері кетпеген жанның көңілі тынышталмай, қимыл-қарекетпен жүреді. Адамның қуаты оған тыным бермейді. Міне, осы жағдайда үміт туралы айтуға болады. Үміт деген – болашақ туралы ой. Үміт – ойдың бағыты. «Үмітсіз шайтан» дейді халқымыз. Адам баласы болған соң, ол үмітсіз емес, кейде тіптен ауыр науқас та, хал үстінде жатқан жан да әлденені ойына тиянақ етіп, өмірден үміттенеді. Үміт жарық сәуле іспеттес. Бір күндік ғұмыры қалған адам кемінде үш күндік өмірі туралы ой ойлайды. Адамның дүниеге келуі өзіне қатысты емес, ал ес жиып, санасы толған сайын оны алға жетелейтін – үміт. Ол деген сөз – болашақтан жақсылық іздеу, талпыну, жақсы адаммен кездесу, білім-ғылым жолына түсу, сөйтіп өзін байытып, өзін өзгеге сыйлатып, өзін зор тұтпақ. Адамда, Абай айтқандай, мақтаншақтық та бар, үлкендік те бар. Өзін үлкен санаған адам тегін жан емес, демек, онда намыс қуаты мол. Егер осы намысқа сай білім, өнері, асыл қасиеттері болса, ондай жанға құрмет те ерекше болуы табиғи жағдай. Осындай үлкен адамдардың өмірден үміті де зор болмақ. Олар көбінесе мәңгілік мәселелерді үміт етеді. Мысалы, Абайдың өзі айтпап па еді: «Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» - деп. Демек, Абай сиқты даналардың үміті – арттағыға сөз қалдыру. Ол өз қамы емес, ұрпақ қамы. Мұндай жағдайда асқақ үміткер туралы айтуымыз керек. Сонымен бірге күнделікті тұрмысқа, күйбең тіршілікке де орай үміткер болады. Өмірдің ақиқаттығы сонда, ол тек ғұлама адамдардан, асқақ үміттерден тұрмайды. Өмірде көзге көріне бермейтін әдет, дәстүрге айналған тіршілік те бар. Онсыз өмір де, ақиқат та жоқ. Мұндай тіршіліктен жиренуге болмайды. Қарапайым адамдардың қарапайым тұрмысы ұлы майдандарға, ұлы ерліктерге бергісіз. Өйткені күнбе-күнгі тіршілік – сән-салтанатсыз, кәдімгі өмір. Бірақ бар мәселе осы тұрмыста. Сондықтан кімнің де болмысын бұл өмірде бір үміті бар, оны біреу арман, біреу қиял, біреулер бақыт дейді. Абайдың айтуынша, адамның ісі – үмітінде, яғни үміттену үшін, ең алдымен, тірлік қажет. Тірлік пен үміттің арасы – ғұмыр. Бар шындық, бар ақиқат осы ғұмырда. Абайдың «Асқа, тойға баратұғын...» деп басталатын сюжетті өлеңінің алғашқы шумағын оқығанда осы ойлар санаға орала береді. Өлең он шумақтан тұрады. Бірақ өлеңге негізі арқау болып тұрған – осы үміт мәселесі. Өлеңде қыз бен жігіттің бірін-бірі ұнатып, ғашық болуы айтылады. Бұл – күнделікті тұрмысымыздағы кездесіп жататын жай. Бірақ қыздың үмітіаяқ асты болады. Жігіт жау қолынан жаралы болып, дүниеден өтеді. Тойда киемін деген ақ көйлегін қыз кебінім деп киіп, ол да өледі. Міне, үміт қызды өмірін қиюға бастады. Қыздың ойы – ғашық болған жарына о дүниеде қосылмақ. Ойлаймыз, үміт өмір сүруге ғана бағытталған ынтық сезім емес, ол – өмірді жоққа шығара алатын да қуат. Сонда осы өмірден артық өмір болғаны ма, жоқ, әлде ол сананың қателігі ме? Неге адам үміт үшін өмірін қияды? Неге адам біреу үшін өмірін қияды? Неге адам біреу үшін жанын береді? Бұл қандай ақиқатқа жатады? Біз тірі адамның ісін үміт дейміз, дүниеден өткен жанның қандай үміті болмақ? Үмітке жету үшін құрбандыққа барудың өзі үміт пе? Осындай сұрақтарға Абай соңғы шумақта жауап бергенге ұқсайды: Шыны ғашық жар болса, Неге өлдім деп налымас. Онда екеуі кез келсе, Бірін-бірі танымас. Бірінші, екінші жолдағы сөздер бізге бұрыннан таныс, ғашықтардың бірінсіз-бірі тұра алмай, бірі үшін екіншісінің өлгендері (яғни құрбан болғандары) қазақтарға ертеден таныс оқиға. Оның ең айшықты көрінісі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы екі жастың өлімі. Ал үшінші, төртінші жолдағы ойлар оқырманға тосын естіледі. Бұл қалайша, ғашықтар о дүниеде кездесіп, қосыламыз деген үмітпен өздерін құрбан етсе, Абайғашықтар о дүниеде кездескенмен, бірін-бірі танымас дейді. Неге олай? Мәселе Абай айтқандай болса, ғашықтардың бірі үшін бірінің құрбан болуының несі мұрат? Сірә, бұл жерде екі мәселе бар секілді. Біріншіден, шын ғашықтар мәселенің байыбына барып, олай болса, бұлай болса қалай деп ойламайды. Олар өмірді тұтастық деп түсінген. Бірі өліп кетсе, екіншісі үшін тұтастық жоқ, яғни өмір жоқ. Ғашықтар өмір деп өзінің сүйген адамы мен оған деген ыстық сезімін ғана мойындайды. Өзге шындық ғашық үшін жоқ. Тірі кездегі үміті сүйгеніне қосылу еді, енді ол іске аспағанда, өзі тірі болған соң, сол үмітті өзгеше жүзеге асыруды мақсат етіп қояды. Онысы – ғашық жарының қиналыс, налыс емес – арман. Арманға өзін құрбан етіп жету де өмір заңдылығы. Бұл – ғашықтардың дүниетанымы, оны сырт көз адамның түсінуі қиын. Екіншіден, ғашықтар түсінбеген ақиқатты ашып берген. Ақынның айтуынша, ғашықтық – осы өмірдің қызығы, о дүниеде мұндай ғашықтық жоқ. Кеудеден ұшып шыққан жан өзге күйге ауысып, оның болмысы өзгермек. Ғашықтық – осы дүние азабы. Ол – тән мен жан азабы. О дүниеде өзге азап, өзге қызық болуы ықтимал. Біз оны білмейміз. Нақтылы білетініміз – «Қыз» және «Жігіт» деген қара жердің бетіндегі, тірліктегі ұғымдар. Олар тәнге қатысты. О дүниеде қыз да, жігіт те болмауы мүмкін. Абайдың: Онда екеуі кез келсе, Бірін-бірі танымас, - деуі тегін емес. бұл дүниенің адам о дүниеден еш хабарсыз болғандықтан, осы Абай сөзіне тоқталып, рас, о дүниеде ғашықтар бірін-бірі танымас, себебі жер бетіндегі қызық пен азаптың мәні өзгеше, мәңгілік ғұмырдың ақиқаты да өзге болар деген тоқтамға келгеніміз жөн. Біз ғаламның құпиясына қол сұға алмаймыз, бірақ білетініміз – тірі адам тіршілігін жасаудан талмайды, оның қарекетін үміт дейміз. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 167 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |