Абайдың хакімдігі
21/02/2022, 19:34

«МЕН» ӨЛМЕККЕ ТАҒДЫР ЖОҚ ӘУЕЛ БАСТАН»

Өлім мен өмір. Осы мәселе төңірегінде қаншама діндер, философиялық жүйелер, теориялар құрылмады десеңізші. Ғалымдардың, хакімдердің бәрі-бәрі өмір, өлім туралы өз ойларын айтты, осылардың себебін іздестірді, бірақ толық жауап берген ешкім жоқ. бұл мәселеге Абай да жауап бермеген, тіптен алдына ондай мақсат та қоймаған. Оның айтпағы – санадағы «мен» және «менікі» дегендерді бір-бірінен айырып беру.

«Мен» дегенді қарапайым мәнде емес, философиялық, дүниетанымдық құнарлы ұғым ретінде қарастырған, қазақтан шыққан Абайға дейінгі ойшылды білмейміз.

Абай «Көк тұман – алдындағы келер заман» деп басталатын сегіз шумақты өлеңінің үшінші шумағында «мен» және «менікі» деген түсінік берген. Әрине, онымен философиялық түйінін беру Шығыс поэзиясы дәстүрінде болғанымен, нақтылы түрде «мен» мен «менікін» ажыратуды біз Абайдан кездестіріп отырмыз. Әуелі Абайдың «мен» дегеніне тоқталайық. Ол: «Ақыл мен жан – мен өзім», - дейді. Сонда сырт көзге қарағанда мен деген ақыл мен жанның синтезі болмақ. Бұл дұрыс, бірақ ақиқатқа бастар ой ма екен?! Неге дейсіз ғой. Біріншіден, ақыл мен жан дегеннің өзі не? Ақыл туралы, біліп жазсақ та, білмей жазсақ та, көп жаздық, көп айтамыз. Ол – адамның зердесінің, саналылығының, ой қабілетінің өлшемі. Әдетте дұрыс шешім қабылдап, әлденені көре білгендерді ақылды адам деп айтып жатамыз. Ал «жан» туралы тым құрыса дұрыс түсініктің өзі қалыптаспаған. Тілімізде «шыбын жан», «жаным жаралы», «жанымдай жақсы көрем» деген, т.б. түсініктер бар. Бұл – қарапайым қатынастарда қолданылатын сөз тіркестері, бұларда дүниетанымдық философиялық сипат жоқ. «Жан» туралы ең құнарлы түсінік, оның тірі адамға қатысты айтылатыны, яғни адам дниеден өткенде кеудесінен жаны шығып кетеді. Тірі адамның жаны бар. Тіпті адамды қайтыс болды дегенде анықтауыш ретінде қолданылатын ұғым – «жан». Кеудесінде жаны жоқ, демек, ол адам қайтыс болған. Ал Абай ақыл мен жанды бірге айтып, «мен» деген ұғыммен анықтай отырып: «... Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан», - деп оны мәңгіліктің өлшемі ретінде қолданған. Сонда қалай болғаны, ақылдың да, жанның да мәңгілік болғаны ма? Ақыл да, жан да мәңгілік бола-ақ қойсын, бірақ олардың өмір сүру формалары қандай күйде болмақ? Ақыл жансыз болмаса, ал жан ақылсыз бола ма? Ол жағын Абай ашып айтпаған.

Екіншіден, «мен» деген ұғымды ақыл мен жанның бірлігі бере алмайды. Ақыл мен жанның бір-біріне қарым-қатынасы, байланысы бір мәселе. Осы қарым-қатынасқа «меннің» қатысы бар. Демек, «мен» дегенде ақыл мен жанның, оған «меннің» қатынасын еске алу керек, сонда барып «мен» ұғымы қалыптасады. Абай бұл мәселені: «Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі», - деп айшықты бейнелеген. Ақынның «мен өзім» деп отырғаны – өзінің ақылы мен жанына қатысты. Абай тәнді – менікі дейді. Тәнді жаннан бөліп алады. Адам болған кезде тән мен жан бірге. Бұлардың бөлінуі өмірдің соңында болмақ. «Мен» мен «менікі» - тұтас кезде адам тіршілік иесі. Олар бірақ бір кезде сөзсіз бөлінбек, ақын осы халді баяндап отыр. Ойымыз түсінікті болу үшін шумақты толық келтірейік:

Ақыл мен жан – мен өзім, тән – менікі,

«Мені» мен «менікінің» мағынасы – екі.

«Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,

«Менікі» өлсе өлсін, оған бекі.

Адам басына «арнаулы ақырғы күн» төнгенде «мен» мен «менікінің» мағынасы өзгеріп сала береді. Тән өледі, яғни менікі өледі, жан мен ақыл «менге» айналып ғұмыр кешеді. Бұған тағдырдың да күші жетпек емес. Тегі, ойлаймыз, абайдың «мен» деп отырғаны адамның рухы болса керек. Адамдар барда рух мәңгілік, адамдардан тыс жерде рухтың мәңгілік атануы, ол біздің ақылымыздан тыс сана.

Абай «мен» дегенді айтқанда ешқандай лирикалық қаһарман емес, нақтылы өз хақында айтып отыр. «Мен» өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан», - дегенде Абай нақтылы өзі туралы айтқан. Сөзсіз, Абай секілді жандардың «мені» ешқашан да өлмек емес. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Дана адамдар – бойларына ерекше қуат жинай білген адамдар. Сондықтан олардың табиғаты, тәні өлгенімен, «мені» өлмейді.

Ол қуат ұрпақтарға қажет. Мұндай тәртіп болмағанда адамзат болмысында өзгеріс болмас еді.   

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 153 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: