31/01/2022, 17:05 | |
«ПЫСЫҚ ДЕГЕН АТ ШЫҚТЫ» ХХ ғасырдың басында отар елдің жаңа көктеп келе жатқан оқығандарының арасында болатын «арам-шөптер» (бюрократтар) қазақ тұрмысында көріне бастады. Оларды Абай «пысықтар» деп атаған. Пысықтар тақыр жерде пайда болған жоқ, оларға сұраныс болды. Патша өкіметі өзінің отаршылдық саясатын нәтижелі түрде жүргізу үшін жергілікті халық өкілдерінен ұсақ шенеуніктерді қалыптастыруды қажет етті. Пысықтардың екі түрі бар, бірі: Қазаутың қайсысның бар санасы? Қылт етерде дап-дайын бір жаласы. Пысықтықтың белгісі – арыз беру, Жоқ тұрса бес бересі, алты аласы. Ақын «пысықтың» осы түрінің әлеуметтік бейнесін ашып береді: Пысық кім деп сұрасаң – Қалаға шапса демалмай, Өтірік арыз көп берсе, Көргендерден ұялмай. Кеселді пысық көбейді, Күшік иттей үріп жүр, Кісіден кеммін демейді. Қу тілменен құтыртып, Қылып жүрген өнері: Харекеті – әрекет, Өзі оңбаған антұрған Кімге ойлайды берекет? Кімді ұялып аяйды? Расы жоқ сөзінің, Ырысы жоқ өзінің, Өңкей жалған мақтанмен Шынның бетін бояйды. Бұл сөзімде жалған жоқ, Айтылмай сөзім қалған жоқ, Абайлаңыз, байқаңыз – Елдің жайы солай-ды. Мұндайларға, күшіктей, иттей үріп жүргендерге халықтың азып-тозғаны керек. Олар үшін халық қайғысы – пайда табудың көзі. ХХ ғасырдың отызыншы жылдары халықты жаппай ашаршылыққа әкелгендердің ішінде осындай «пысықтар» да бар емес пе еді?! Бертінгі Желтоқсан оқиғасынан кейін де осындай «пысықтар» өрбіп шыға келмеді ме? Абай айтқандай, атым шығып қалсын деп, «пысық» журналистер, ғалымдар, партия, кеңес қызметкерлері халықты қуырып жібере жаздады емес пе?! Олар халықтың жанды жері – тіліне, біліміне, тарихына, өніп-өсіп келе жатқан жастарға, студенттерге ауыз салды емес пе?» «Пысықтардың» екінші түрі – мемлекеттік бюрократиялық машинаның «винтик-тетіктері». Абай заманында олар – болыстар, тілмаштар, т.б. Мәз болады болысың Арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың Шенді шекпен жапқанға. Демек, шен-шекпен үшін қызмет ету, халық мүддесін соған айырбастау – бұл да «пысықтық». Бір нәрсені ескерген жөн, «пысықтық» - әлеуметтік тип. Олар барлық халықтардың тұрмысында ұшырасады. Бірақ біздің тарихымызда өзіміздің «пысықтардың» жасаған зардабы ауыр болды. «Пысықтық» қазақ топырағында өте қордаланып кетті, оның себебі пысықтық рулық санаға жайғасып, ожан рушылдықты өрбітті. Сөйтіп, мүлдем күшейіп, халық бойындағы дертке айналды. Өз халқын өзі жетім еткен «пысықтарға» деген сұраныс әр заманда да болып тұрды. Бір орталыққа бағынған әкімшіліктің бюрократиялық жүйесі «пысықтардан» құралуы заңды да еді. Осындай «пысық-болыстың» бейнесін Абай былайша суреттеді: Ұрысса орыс, Елге болыс Үйден үрген итке ұсап. Үйден үрген ит ешқашан нағыз ит болып жарытқан емес. Абай заманында халық біртұтас елдіктен, өзін-өзі юасқаруынан айырылған болатын. біртұтас қазақ жері жырымдалып, губернияларға бөлінді. Оның басында генерал-губернаторлар отырды, одан кейінгі әкімшілікте патша шенеуніктері болып, қазақтар үлесіне болыстық тиді. Шоқан кезінде болған аға сұлтандық та бертін келе жойылды. Этнос мүддесі мемлекеттік тұрғыда қаралудан қалды. Осының зардабынан рушылдық өрбіді. Күн тәртібінде елдік мүдде емес, ру мүддесі тұрды. Рулар жерге таласты. Жақсы жерлер түгел дерлік отаршылдардың қолына өтті. Қалған жерге қазақ ру-ру болып таласты. Жесір дауы, жер дауы деген әбден асқынды. Бұдан отаршылар еш қиындық көрмеді, қайта, керісінше, рулар таласы бұлар үшін екі жақты қолайлы болды. Біріншіден, өз-өзімен араздасқан ел патшаға қарсы енді бас көтермейтін болды, екіншіден, таласқандар әділдік іздеп, орыс шенеуніктеріне келіп, ісім оңға бассын деп пара беретін болды. Абай айтқан «пысықтар», өз бас пайдасын ойлаған болыстар, билер пайда болды. Абай портретін жасаған, отаршылдық халді басынан кешіп отырғанда саңырауқұлақтай өсіп-өнген «пысықтарды» сталинизм кезінде «шолақ белсенділер» деп атаған. «Пысықтар» мен «шолақ белсенділердің» ұқсастықтары көп. Әсіресе оларды туыстыратын – тоғышарлық пен надандық. Бұл екеуі де халық мүддесі жеке бастарына аса қажетті болғанда ғана соның жоқтаушысы болып шыға келді. Ал қарақан басы үшін өз халқын сатып, елдің қазына-байлығын тоздыру түкке де тұрмады. «Пысықтар» және «шолақ белсенділердің» ісі мен әрекеттері адамшылық негіздеріне қарсы бағытталған. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 164 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |