17/01/2022, 10:57 | |
«АДАМЗАТТЫҢ КӨРКІ – МАЛ» Хакім Абай қазақтың әр сөзін түпкі мәнінде қолданып отырған. Соның бір айғағы ретінде «мал» деген сөзге назар аударайық. Қазақтың ауызекі тілінде мал орыстың «скот» деген мәнінде қолданылатыны баршаға аян. Ал Абай өлеңдерінде, қара сөздерінде мал осы айтқан мәнде ғана емес, ұғым ретінде де қолданылған. Мысалы, ақын «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей» деген өлеңінде «мал» туралы былай дейді. Жалға жүр, жат жерге кет, мал тауып кел, Малың болса, сыйламай тұра алмас ел. Бұл өлең жолдарында Абай «мал тап» дегенде нақпа-нақ жылқы, сиыр, т.б. тізбектемеген, жалпылама байлықты, соған сай меншікті айтып отыр. Ол байлық алтын ба, күміс пе, ақша ма, мәселе онда емес, «мал» деген – байлықтың, дәулеттің жалпылама көрсеткіші. Келесі шумақта да ақын «малды» байлық мағынасында қолданған: Тәуекелсіз, талапсыз мал табылмас, Еңбек қылмас еріншек адам болмас. Есек к... жусаң да, мал тауып кел, Қолға жұқпас, еш адам кеміте алмас. Жоғарыда айтылған он шумақ өлеңде Абай «мал» деген ұғымды жеті рет қайталаған. Соның әрқайсысында да «мал» сиыр, жылқы, қой, түйелердің жалпылама атауы ретінде ғана емес, «капитал», «байлық» деген мәнде айтылған. Қысқаша айтқанда, Абай «малды» экономикалық ұғым ретінде поэзия тілімен бейнелеп берген. Сонымен «мал» түсінігі «байлық» және «капитал» сияқты ұғымдармен мәндес болып отыр. Тілшілер «капитал» дегенді қазақшаға қалай аударамыз деп пікір жарыстыруда, ал бұл мәселені капитализм қазақ даласына еркін ене бастаған кезде өмір сүрген Абай ұғынықты етіп жазып берген. Абайдың «мал» ұғымын экономикалық мәнде қолдануға негіз бар. «Мал» - араб тілінде «меншік», «капитал» деген ұғымды білдіреді. Әрине, Абайға дейін мал бұл мәнде қолданылмаған десек, ағат айтқан болар едік. Қазақтар бір-бірімен есен-саулық сұрасып, қауышқанда да «Мал-жаныңыз аман ба?» десетін. Бұл жерде де қазақ малды адамның қазына-байлығы, иелігі ретінде қолданып отыр. Қорадағы түйе, сиыр, жылқының амандығын сұрау- тым жабайы, қарапайым түсінік. «Малыңыз аман ба?» деген – әлдеқайда философиялық мәселе, мәдениеттіліктің үлгісі. Сондықтан бүгінгі нарық экономикасына енген жұрт бір-бірімен есендік сұрасқанда дәстүрлі «мал-жан» хақында рәсім жасаса – заманға сай жарасымды іс. Абай мал табуды тек еңбек деп қана бағаламай, оны адамшылыққа, адамның еркіндігіне бастайтын жол, мүмкіндік ретінде қарастырады: Қулық, сұмдық, ұрлықпен мал жиылмас, Сұм нәпсің үйір болса, тез тыйылмас. Зиян шекпей қалмайсың ондай істен, Мал кетер, мазаң кетер, ар бұйырмас, - деп таза, адал еңбекті жоғары бағалайды. Өз үйіңнен тоярға қолың қысқа, Ас берер ақылды іздеп жүрсің босқа. Бір жілік пен бір аяу қымыз берген Дереу сені жұмсайды бір жұмысқа. Ақынның айтуынша, малың болмаса басыңда еркің жоқ, қолбаласың, өзіңді-өзің сыйлаудан қаласың, асаған, ұрттағанға мәз болып, ез атанасың. Басыңда еркің болсын десең мал табудан арланба, адал еңбек етуден арланба. Осы Абай айтқан экономикалық прагматизм халқымызға әбден керек-ақ. Бізде жұмыс таңдау, жоқ нәрседен арлану бар. Шет елдерде (дамыған деген елдерде) қандай жұмыс болмасын құрметті, тек өлшеулі нарқы болсын. Біз, қазақтар, Абай айтқандай, мал табуға әзір емеспіз, өнімсіз «таққұмарлығымыз» бойдан әлі арылмаған. Ол – қардың суы сияқты тез суалатын іс. Экономикалық прагматизмнің елдік санаға егілуін бүгінгі заман қажеттілігі талап етеді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 145 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |