11/01/2022, 11:04 | |
«УАЙЫМ – ЕР ҚОРҒАНЫ, ЕСІ БАРЛЫҚ...» Уайым, қайғы – мәндес ұғымдар, бірақ уайым үнемі қайғыға бастамайды. Уайымы бар адамның қайғысы болмауы ықтимал. Кейде уайым мен қайғы тұтасып кетуі ғажап емес. Сонда уайым деген не? Абайға салсақ: «Уайым – ер қорғаны, есі барлық», - дейді. Демек, уайым – ойлылықтың көрсеткіші. Уайымдай білген жан – дүние парқын сезінетін адам. Ойшыл данышпандардың бәрінде уайым болған. Ол – санаға түрткі, ой ойлауға бастаушы адам қасиеті. Уайым, сірә, жануарлар дүниесінде болмаса керек. Ел арасында ботасын іздеген бозінген туралы аңыз бен күй бар. Әйтсе де, ол – адам сезімі арқылы бейнеленген жай. «Бозінген» күйі түйеге емес, адамға, оның қабылдау мүмкіндігіне арналған. Қазақ уайым дегенді екі мәнде қолданған. Соның бірі мына мақал: «Уайым түбі тұңғиық, батасың да кетесің, тәуекел түбі желқайық, мінесің де өтесің». Бұл мәнде уайым адамның дәрменсіздігі екенін, уайымнан іс өнбейтінін айтса, сонымен бірге оның терең ой екенін меңзейді. Уайым ойға байланысты. Уайым әншейін ойлау емес, өз басына, еліне жауапты адам ғана уайымдайды. Абайдың: «Ер қорғаны – уайым, - деуі сондықтан. Надан адамның уайымы – өкініш. Ол уайымшылдыққа салындырады. Ақылды адам өткен іске өкінбейді, қапаланбайды, одан болашаққа сабақ алады. Есті адамның уайымының өзегі жауапкершілікті сезінуден туады. Ол өткен өмір туралы өкініш емес, ақыл қортыдуан, ойды сана елегінен өткізуден аңғарылады. Кейде адамдар білместіктен әлденеге уайымдап отырмын деуі мүмкін, бұл тұста оның санасында уайым ба әлде өкініш пе екенін білген жөн. Ол жан уайым мен өкінішті ажырата алмай отыруы мүмкін. Уайым жеке адамға қатысты айтылғанмен, оның мазмұны жеке адам мүддесінен тыс болмақ. Бұл мәнде уайым ел алдындағы жауапкершілікті, жеке адам мен ел арасындағы бірлікті, білімділікті білдіреді. Уайымы жоқ жанның қара бастың қамынан өзге жауапкершілігі жоқ. Ол ер қорғаны болатын ұл емес, есі бар дана да емес. Абай уайым туралы осы мәнде айтқан. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |
| |
Просмотров: 155 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |