04/01/2022, 17:54 | |
«БЕЗЕНДІРГЕН ЖЕР ЖҮЗІН ТӘҢІРІМ ШЕБЕР...» Шебер – Алла есімі. Әлемді жаратушы да, оның иесі де, нақ өзі де – Алла. Өмірде бәрі-бәрі Алла әмірімен болмақ. «Мың сан ғалам» деп аңыз тілімен айтсақ, соның бәрін бар етіп, өмір сүргізіп, біріне-бірін тәуелді еткізіп, тіршілікке қуат, нәр беріп тұрған – Алла. Дүние деген түсініктің өзі жоқтан емес, бардан тұрады. Жоқ нәрселерден дүние құрастыру – бос әуре, дүниенің растығы – оның барлығында, заттың табиғатында. Дүние дегеніміздің өзі – барлық. Жоқ нәрсенің бір-ақ мәні бар, ол – оның жоқтығы, ал бар заттың мәні көп, себебі шындық қасиеті қисапсыз, өлшеусіз. Бар нәрсенің тек барлығын мойындап қана құтылмасаң, оның барша сипатын түгендеу адамзат баласының қолынан келер іс емес. бар заттың, яғни дүниенің сыры тек бір Аллаға мәлім деуіміз сондықтан. Егер Алла бар болмыстың атауы десек, дүниенің өз сыры өзінде. Сондықтан өмірге форма беруші бір затты өзгеден өзгеше етіп, дүниедегі заттар мен құбылыстардың әрқайсысына тек өзіне тән қасиет беріп, қайталанбайтындай етіп жаратушы құдіреттің шеберлігі алдында бас имейтін жан болмас. Адамның өзі әлем құпиясы, оның өзі – шебердің қолынан шыққан рух және зат. Нағыз шебер Алла болса, адам – осы шеберліктің сапалық өлшемін көрсете білетін қасиетті тұлға. Демек, Алланың шеберлігі әлемге ие болуға талпынысы, ынтасы, нұрлы ақылы, жылы жүрегі, ыстық қайраты бар адамды жаратуымен анықталады. Адам мен Алла, бірі шеберліктің аса үздік туындысы болса, екіншісі – жаратушы, яғни шексіз шеберліктің иесі. Шебер деген Аллаға ғана лайықты. Әдетте он саусағынан өнер тамған жандардың шеберлігіне таң-тамаша болған жұрт айтпаушы ма еді, бұл шеберлік адамға табиғаттың, Алланың, құдайдың бергені деп. Осы түсінік барлық діни қағидаларда бар. Христиандар да талант – құдайдан десіп жатады. Адамға қалатыны – оқып-үйрену, жаттығу. Талант, дарын – құдайдан. Осынау «талант, дарын, данышпан» деген ұғымдарды бір сөзбен шеберлік дейміз. Абай: «Жер жүзін безендірген Тәңірім шебер...» - деп отырғанда саусағы майысып іс тігуді не темірден түйін түюді айтып қана отырған жоқ. Ол қара жер мен аспанның ортасындағы дүниеге нұрын төгіп тұрған Шеберді айтады. Сонда шеберлік дегеніміз – сана мен заттың, ақыл мен сезімнің, рух пен тәннің, мүмкіндік пен шындықтың тұтасып барып, ажырамастай бір құбылысқа айналған кезінде аңғарылған адам еркінен тыс, Алланың құдіретін білдіре алатын өлшемнің мөлшері. Шеберлік деген шексіз десек, ол – адам болмысынан тыс түсінік. Шеберлік – адам кемелденуі еркіндігінің кеңістігі. Шеберлік жеке адам үшін шектеулі, Алла үшін шексіз. Шексіздік деген – Алла сыры, оның мәні адам үшін де, адамзат үшін де жұмбақ. Адамға қатыстысы – таңғалу, тану және ләззат алу. Біз көбіне шеберлікті ләззат алу сияқты жағымды сезімдер арқылы анықтауға дайын тұрамыз. Асылында шеберлік мәнінде құмарлық жатыр. Діни аңыздарда Алланың өзі адамды құмарлықпен жаратқан. Содан барып әлемге махаббат орнаған. Біз сөз етіп отырған «Жазғытұры» деген өлеңде Абай құмарлық туралы: Күн – күйеу, жер – қалыңдық сағынысты, Құмары екеуінің сондай күшті, - дейді. Осы құмарлықтың нәтижесі негізінде: масатыдай құлпырар жердің жүзі; жайраңдасып жас күлер құрбысымен; көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал жалбаңдасар өзінің тұрғысымен; жыршы құстар әуеде өлең айтып, қиқу салар қаз бен қулар, күн күйеуін жер көксеп ала қыстай, біреуіне біреуі қосылыспай; көңілі күн лебіне тойғаннан соң, жер толықсып, түрленер тотықұстай. Мұның бәрі – Тәңір ісі, соның шеберлігі. Абай: Тамашалап қарасаң Тәңірі ісіне, Бойың балқып, ериді іште жігер, - дейді. Біз жоғарыда адам шеберлігі шектеулі, Алла шеберлігі өлшеусіз дедік. Осы қағиданы құмарлық арқылы түсіндіріп көрейікші. Мысалы, адам қанша шебер, ұрпақ өсіруге соншама ынтық болғанымен, өз ақылымен, зердесімен ойлау арқылы қолдан адам жасауға қауқары жоқ. Баланы адамға Алла береді. Табиғатсыз адам жасау адамның қолынан келмейді. Егер де адам өз құдіретімен адам жасауға жеткенде дүние бұзылып, адам адам емес күйге өтері хақ, сірә, ақырзаман деген сол болар. Себебі адамның Алла сырын ақтарып, онымен тайталасқа түсуіне құқы жоқ. Мұндай жағдай бола қалғанда адам мен Алланың кім екенін тану күн тәртібінен түседі. Асылы адам мен Алланың арасындағы қашықтықтың әманда сақталғаны жөн. Ол қашықтық – адам еркінің кемелдену кеңістігі, адам кеңістігі. Бұл кеңістік ауқымы ұлғайған сайын Алла да адамнан қашықтай берсе керек. Себебі Алланың шебер екендігіне адам сенген сайын оның шексіздікті сезінуі айқындала түспек. Абай «Жазғытұры» деген өлеңінде әншейін көктем суретін бейнелеп қана бермеген. Олай болғанда Абай Абай болушы ма еді, ол «Жазғытұрыда» Алланың шеберлігін жырға қосқан. Мұндағы лирикалық қаһармандар Күн – күйеу, Жер – қалыңдық, кісімсінген Жұлдыз бен Ай, Аспан – әке, т.б. – мәңгілік ұғымдар. Осының бәрінің рет-ретін тауып «безендірген жер жүзін Тәңірім шебер» екенін айтады Абай. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 178 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |