Абайдың хакімдігі
27/12/2021, 22:50

«МҰҢЛЫ ШАЙТАН – ҚҰДАЙДЫҢ ҚУҒАН ЖАНЫ...»

Шайтан – Алланың ерекше жаратқан жаны. Алла еш құбылысты өз махаббатынсыз өмірге келтірмеген. Дүниедегі бар нәрсенің өз қажеттілігі, керектігі бар. Рет-ретімен қалыптасқан бұл дүниеде басы артық еш нәрсе жоқ. Шайтан да керек. Періште де керек. Бұл – Алланың адамға берген еркіне қатысты әңгіме тақырыбы.

Шайтанды мұң басатыны – ол Алла өзін қажеттілікпен жаратқанын, сол мөлшерден аспау керектігін біледі, сол білгендігінен қайғыға түсіп, қамығады. Бұған дейін де айтқанымыздай, мұңның түбі қайғы деп. Абайдың: «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны», - деп толғанып отырғаны да тегін емес.

«Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны» деген ән шумақты өлең – М.Лермонтовтың «Демон» деген поэмасынан үзінді. Абай поэманы толық аударуды мақсат етпеген, оның айтпағы адам баласы туралы. Шайтан (Демон) қандай айла-тәсіл қолданып адамды аздыруға ниет қылғанмен, ол адамның құпиясына таң-тамаша қалады. Былай қарағанда, ақылы да, ғұмыры да қысқа, бірақ өмірге соншама ынтық бұл неткен жан деп шайтанды қайғы жейді. Ібілістің бұл халін Абай оның өз монологымен білдірді.

Ақылға, өмірге де адам кенде,

Өлмес өмір, қайрат, күш – бәрі менде.

Күнінде жүз қуанып, күліп жүрген

Осы адам уайымсыз не еткен бенде?..

Абай түсінігінде шайтанның өзі – адам құпиясының бір сипаты. Бұл сипат Алла мен адам арасындағы байланысты бейнелейді. Шайтан адам алдында емес, Алла алдында күнәлі жан. Бірақ оның күнәлі болуына себепкер – адам. Шайтаннан адам тек сақтана алады, ол – Алланың құдіретіне қатысты іс. Алла шайтанды жойып жіберуге әмірі жетеді, бірақ оған бармаған. Демек, шайтанның болмысы – табиғи қажеттілік. Шайтан адамның еркіне ынталы, ол адамды аздырып-тоздыруға тырысады. Адамның еркін сақтаушы, күзетшісі – періште. Оның қызметі – адамның сезім-санасына кіршік түсірмей, оның игі істерге бастау. Демек, періште болмысы да табиғи қажеттілік, адамның зердесі осы екі істің бірін таңдауы керек. Шайтандықты таңдаудың еш қажеті жоқ, ол Алла әмірімен адамның тамыр-тамырына еніп, орын теуіп алған, әр адамның бойында шайтаны бар. Ал періштеге келсек, ол да адам бойында бар. Оның тұрағы – адамның жүрегі. Сондықтан жүрек тазалығы дегенде біз періштеміз үшін қам жейміз. Егер жүрек қарайса, онда періштенің төменшіктеп қайғы жегендігі, шайтанның жүректе өрмек құрғандығы.

Міне, осындай тұжырымдар Абайдың періште мен шайтан туралы ойларынан туындайды. Әрине, періште де, шайтан да тек адам санасы арқылы танылатын рухани құбылыстар емес. Зерделесек, бұл мәселеде априорлық мән барға ұқсайды. Сондықтан періште мен шайтан туралы ойларды тайға таңба басқандай етіп, қарапайым түсінікпен ұғындыра салған адамдардың айтқанына, жазғандарына күмәнім бар. Себебі шайтан мен періште – адам табиғаты мен құпиясының басты сипаттары. Сондықтан Абай адам сыры адамға емес, Аллаға ғана мәлім деген қорытындыға келген. 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 147 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: