Абайдың хакімдігі
20/12/2021, 19:33

«МҰҢЛЫ ШАЙТАН – ҚҰДАЙДЫҢ ҚУҒАН ЖАНЫ...»

Абай айтқан «шайтан өрнектің» зоры большевизм болды. Ақын заманында қазақ елі бұзылғанымен, қырғыннан аман еді, әлі де болса ел ішінде есті адамдар бар еді. Кейін Кеңес өкіметі жылдары Абайдың түсіне де енбейтін «шайтан өрнек» құрылды. Оны ақынның ұрпақтары көрді, шетін көргендер де жетіп артылады. «Шайтан өрнектің» есімі – идеология. Оның негізінде үрей жатыр. Үрей бар жерде шайтан әманда өрнек құрып жүреді. Үрей – шайтанға жасалған мүмкіндік. Үрейден арылмай адам еркін адам бола алмақ емес. үреймен енген сезім адамды адастырады, шатастырады. Бұл да хакім Абайдың сөзі.

Абайдың «мұңлы шайтан» деген ойына зер салсақ, кәдімгідей шайтанға аушылық білдіресің, себебі «мұң» - адамшылық түсінік. «Мұңлы жан» - ауыр ой дертіне ұшыраған адамға қатысты айтылады. Мұңның түкпірінде қайғы жатпақ. Қайғыданмұң туады. Қайғысы мұңға айналатындар азшылық. Қайғы тарқап мұңға айналмай, бұрынғысынша өмір сүре беретіндер – көпшілік. Мұң – адамның дүниеге көзқарасын, дүниетанымын білдіретін өлшем. Көпшіліктің дүниеге көзқарасы да, дүниетанымы да болмауы мүмкін. Көпшілік әдетте өмір дүрмегіне ілігіп жүре бермек. Ал өмірге, дүниеге көзқарас, одан дүниетаным орныға бастағанда адамды мұң басады. Сонымен мұң дегеніміз – субъектінің көзқарасына, дүниетанымынақатысты қолданыталын философиялық ұғым.

Абайдың айтып отырған «мұңлы шайтаны» туралы сөз, нақтыласақ, шайтанның дүниетанымы хақындағы әңгіме.

Шайтанның дүниетанымы – арнайыәңгіме бола қоймаған тақырып. Бұл – өкінішті жай. Өмірді, Алланы, адамды шайтансыз түсіндіру, тану – мүлдем болмайтын іс. Шайтан – адамның болмысы мен санасының аса қажетті сипаты (атрибуты). Шайтанды, шайтандықты айтпай өмір қызығы туралы сөз бола ма? Адам шайтандыққа салынып не оның шырмауына түсіп күнәлі болмаса, онда дінде (діндерде) не қадір-қасиет қалмақ? Қандай да болмасын дін адамның күнәсына негізделген. Күнәсі болмаған, болмайтын діннің еш қажеті жоқ, ол – өзінен-өзі Алланың жолындағы жан. Барша діннің мақсаты – адам бойындағы болатын және болуға мүмкіндігі бар күнәлардан тазарту не сақтандыру. Адамды күнәға бастайтын – шайтан. Сонда шайтан адамға керек пе, жоқ па?

Сірә, мұндай сұрақ қою артық. Адамға ауа, су, т.б. қажет пе, шайтандық та сол сияқты, адамның алпыс екі тамырымен жүретін, ет пен терінің арасын ғана жайламай, кейде оның еркін, жүрегін билеп, меңгеріп, салтанат құратын шақтары бар. Осы мезгілде шайтандық аса қауіпті. Шайтандық өз үстемдігін құрса, тек адамзатқа қауіп емес, шайтанның өзіне де қауіп. Себеп – шайтан өзінің шайтандық әрекеттерін періштемен тайталаста жүріп жүзеге асырмақ. Егер ол періштені жеңіп, өз өрнегін салып, жеке-даралыққа жетсе, онда өзінің бойындағы мұңға айналып, тас бекітіліп қалған періштелігі оянып, шайтан өзімен-өзі күреске түсіп кетуі өте ықтимал. Абай айтып отырған жоқ па: «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны», - деп. Бұл тегін айтылған сөз емес. Оның Ібіліс атанып «лағынет қамытын» киюі адамның дүниеге келуіне байланысты, оның адамды мойындамауынан басталған.

Қуғынға өз күнәсі үшін түскенмен, шайтан – қуылған, былайша айтқанда, жапа шеккен жан. Бойында күнәсі, ойнында «лағынет қамыты» бар. Бірақ ол Алланың бұрынғы періштесі емес пе? Осы жағдай шайтанды мұңлы ойға жетелейді. Абайдың «мұңлы шайтан» дейтіні сондықтан.

Анығына келсек, шайтанның жағдайы ауыр. Біріншіден, ол шайтандығын мөлшерден тыс асырып жіберсе, дүние ойран болмақ, адам азып, мүлдем құрымақ. Адам болмаған соң, шайтан да жоқ. Бұл мәнде шайтанның өз әрекеті түптің түбінде өзіне қарсы бағытталған. Екіншіден, шайтан өз күнәсін мойындап, Аллаға жалбарынып, адамға иман келтірсе, онда періштелер қатарына еніп, шайтандық істерін пышақ кескендей тыяды. Мұндай жағдайда тек шайтан ғана емес, адам баласы өмірге қызығушылығынан айырылады. Адам өмір сүруге ұмтылмай, өмірден (жалғаннан) тыс өмірге құлшынады. Ол – дүниені апатқа бастайтын түсінік. Сондықтан шайтан тек өзі үшін ғана емес, адам, дүние үшін де қажет. Демек, шайтандықта тек адам болмысына қарсы ғана емес, оған керекті де қылықтар бар. Мәселе шайтандықтың мөлшерінде, адам баласының осы мөлшерді белгілей білуінде. Зерделесек, Абай, мүмкін, «мұңлы шайтан» дегенде шайтанның осы халін сезген болуы керек. (жалғасы бар)  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 149 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: