06/12/2021, 20:17 | |
«МҰҢЛЫ ШАЙТАН – ҚҰДАЙДЫҢ ҚУҒАН ЖАНЫ...» Алдымен «шайтан» туралы. Бұл өзі не? Дүниеде бар нәрсе ме әлде қиялдан туған түсінік пе? Өзге діндегі ұғымдарды былай қойғанда, исламда шайтан деген – шындық. Тіптен бес уақыт оқылатын намаздарда әманда шайтанды қарғау қалыптасқан дәстүрге айналған. Шайтан туралы Құранның 113, 114-сүрелерінде айтылған. Соған қарағанда, шайтан дегеніміз бірер сөзбен айқындап тастайтын шаруа емес. Шайтанның бір есімі – Ібіліс. Ол көбінесе шайтандардың «бастығы» ретінде айтылады. Абай «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны» дегенде осы Ібілісті айтып отыр. Біз шайтанның мұңлы болуынан бұрын неліктен күнәқар атанғанына тоқталайық. Ислам дініндегі аңыздарды (мифологияны) негіге алсақ, шайтан Алла әміріне қарсы шыққан. Бірақ бұл мәселеде бір айқындық қажет. Ібіліс туралы әңгімелерді мұқият тыңдасақ, ол жалпы Аллаға қарсы емес, Алланың өз құдіретімен балшықтан адам жасап, оған жерді «меншікке» бергеніне қарсы. Себебі шайтан періштелер сияқты оттан жаралған. Ол да періште. Ол адамға иман келтірмегені үшін «шайтан» атанған. Алла тағала балшықтан адам жасап, барлық періштелерге оған иман келтірер дегенде тек Ібіліс қана Алла әмірін орындаудан бас тарқан. Ол менмендікке салынып, оттан жаралған жан балшықтан жаратылған адамға тағзым етуге болмайтынын айтқан. Шынында, Ібілістің осындай шайтандық жолға түсуі де Алла әмірі, оның құпиясы. Сірә, жаратушыға періштелердің және шайтандардың болғаны қажет болғанға ұқсайды. Себебі Алла қаһарына ұшырап, періштелер мекенінен қуғындалғанмен, ол Жаратушыдан ақырзаманға дейін адамдар ісіне араласып, азғындық, бүлік жасауға рұқсат алған. Ондай ерікті шайтанға Алла тағаланың өзі берген. Сондықтан Ібіліс әрекеті Аллаға қарсы емес, тек адамға ғана қатысты. Ол адамдар арасында ғана өмір сүрмек. Демек, адам бар жерде шайтан бар. Адам қандай іс істемесін, оның қарекеттеріне міндетті түрде шайтан араласпақ. Шайтан араласпаған адам ісі кемде-кем. Шайтан сәбиге жолай алмайды, себебі оның күзетшісі – періште. Шайтан адамның есі кіріп, күнә жасауға мүмкіндігі болған жастан бастап, оның ісіне бел шешіп араласады. Адамның қарекетін әрекетке айналдырумен болады. Әзәзіл-шайтан дүниенің қызығы болып көрінеді. Дүние қызығына құмар жан шайтанның жайған құшағына түсе бермек. Шайтан адамның нәпсісіне ие болуға тынымсыз әрекеттенеді. Ойлаймыз, не болса да Алла әмірімен орындалмақ, онда шайтан әрекеті де өзге күштің амалы емес. Сондықтан, сірә, шайтан топырақтан жаралған адам рухының сыншысы ретіндегі шындық па деген пікірге еріксіз келесің. Адамның есі кіріп, ойлау қабілеті оянғанда, анық есею еркіндігі ашылады. Бұл – адамға Алланың берген қазынасы. Еркін адам еркін ойлайды, еркін іс істейді, бірақ бұл еркіндік өзін өмірге әкелген құдірет иесін ұмытып кетуіне жол бермеуі шарт. Алласын ұмытқан жан шайтандыққа душар болмақ. Міне, осындай шайтан туралы діни-мистикалық түсініктер бар. Тегінде, атеистер «шайтан» проблемасын тым жеңілдетіп, нақтылы шайтан туралы құнарлы ойдан адам назарын тыс қарама-қарсы пікірді жарыстырғаннан гөрі, ол жөнінде Абай айтқан ойлар жүйесі негізінде бірер сөз айталық: 1. Шайтан, Әзәзіл, ібіліс, т.б. түсініктерсіз адам рухын түсіну мүмкін емес. себебі шайтан деген ұғым тек қана «адамға» қатысты қолданылады. Адам жоқ жерде шайтан тралы пәлен деп сөз айту бос әурешілік. Демек, шайтан адам болмысына тікелей қатысты болғандықтан, онсыз адамзаттың рухани кемелденуі туралы сөз жоқ. Бұл мәселе шайтан туралы түсінікке ерекше назар салуды талап етеді. Сонымен шайтан кім, әйтпесе не? Зерделесек, шайтан туралы айтудан гөрі шайтандық істер хақында сөйлеу жеңіл. Өйткені шайтан өзінің кім екенін ісі және әрекеті арқылы білдіреді. Ал оның істері дерексіз емес, нақтылы адамның ісі мен әрекеті арқылы көрінбек. Қысқасы, шайтан өзінің шайтандық істерін өз басынан өткізбейді, оның көрініс табатын жері адамның сөзінде, мінезінде, құлқында, ісінде, қимылдарында. Сонымен, шайтандық дегеніміз адамның ісі мен әрекеттерінде анықталғандықтан, шайтан дегеннің өзі адамнан тыс құбылыс ретінде бар ма деген сұрақ туады. Мүмкін, шайтан адам баласының бір қыры, оның санасының ө\көлеңкесі, сезімнің қойырпағы, есінің ауысуы, қиялының құбылмалы көрінісі шығар? (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 154 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |