22/11/2021, 09:12 | |
«ЕДИНИЦА КЕТКЕНДЕ, НЕ БОЛАДЫ ӨҢКЕЙ НӨЛ...» Біз – тарихты жеке адамдар (ұлы адамдар, хандар, патшалар, қолбасшылар, т.б.) жасамайды, тарихтың қозғаушы күші – халық деген санамен өскен ұрпақпыз. Шынында да, тарихтың авторы – халық, оған еш дау жоқ. Бұл ақиқатты Маркстен көп бұрын өмір сүрген қазақ ойшылы былайша бейнелеген: Құйрығы жоқ, жалы жоқ, Құлан қайтіп күн көрер? Аяғы жоқ, қолы жоқ, Жылан қайтып күн көрер? Хан мен билер қысқанда, Халық қайтып күн көрер? Онда халық түнерер, Халыққа қысым күш берер, Халықтың кегі күшке енер. Халық деген – мағыналы әрі қажетті сөз. «Халық айтса, қалып айтпайды» деген мақал да тегін шықпаған. Бірақ біздің халық туралы түсінігіміз шалалау. Халық деп материалдық игіліктерді өндірушілерді айтып жүрміз. Бұл – маркстік-лениндік ұғым. Асылында, халық – ауқымды түсінік, оған ел билеуші хан-патшадан бастап, малшыға дейін бәрі енеді. Бір халықты қанаушылар және қаналушылар деп бөлу – көпе-көрнеу зорлық. Халық – тұтастықты білдіретін ұғым. Оны бөлшектеген кезде халық деген жойылады. Осы тұста тағы ескере кететін жай – әр халықтың өзіне лайықты басшысы, өзіне сай азаматы болмақ. Біз кейде отырып алып, әлдебір халықтың саясатына не өкімет басшысына кінә тағып жатамыз, ол қате, себебі әрбір халықтың өз бітім-болмысына, салт-санасына, ұғым-түсінігіне сай басшысы болады. Осы мәселе туралы Абай отыз жетінші қара сөзінде былай деп түйін жасаған: «Адам баласын замана өсіреді, кімде*кім жаман болса, замандасының бәрі виноват». Кеңес өкіметі жылдарында халық деген ұғымнан хан, бай, би, батыр, хазірет, т.б. алынып тасталды. Бұларсыз халық болушы ма еді, әрине, жоқ. Халық деген ұғымды жұрдай етіп, біржақты түсіну Абай заманында да болған. «Сібір қырғыздарын басқару» туралы патшаның 1822 жылғы жарлығынан кейін қазақ шын мәнінде халық болу құқынан айырылған болатын. Өзін-өзі басқара алмаған жұртты халық деп атау қиын. Халық еркі оның өзін-өзі басқаруынан көрінеді. Өз ханы, өз биі болмаған қазақ жұрты азып-тоза бастады. Міне, осы жағдайды терең аңғарған Абай «халық» деген ұғымнан «көп» деген ұғымды мейлінше айрықша айқындап берген. Көпті ақын образды түрде нөлге теңейді. Единица болмаса, өңкей нөл не болмақ? Нөлдің қасына нөлдер қоя берсең еш мағына шықпайды. Оған мән беретін – единица. Сондықтан Абай: «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел», - деген қорытындыға келген. Абайдың «көп» деп айтылған сөз мәнісін өзімізге жақын түсінікке айналдырсақ, ол «люмпен», «толпа» деген ұғымдарға келіңкірейді. Бір ғажабы, қазақ тілінде «толпаның» «тобыр» деген баламасы бар. Алайда ақын тобыр демей, «көп» туралы айтқан. Мұнда да бір мәніс барға ұқсайды. «Көптің», сірә, «тобыр» дегеннен мағынасы өзгеше болса керек. Оған дәлел – Абай «көп» деген ұғымды әр мәнде қолданған. Ал тобыр болса, оны қолдану мәнісі біреу-ақ. Сондықтан ақын «көпті» «тобыр» демей, оның әр қырынан келген. Ол туралы ақын: «Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек», - деп, көптің мәні көп екендігі туралы сөз айтып кеткен. Көптің бірінші мәні. Ақын оны «тобыр» деген ұғымда қолданған. «Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел», - дегендегі көп – тобыр. Немесе: «Наданның сүйенгені көп пен дүрмек», - дегенде көп тобыр мәнінде қолданылған. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |
| |
Просмотров: 173 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |