15/11/2021, 16:44 | |||
«ӨМІР, ДҮНИЕ ДЕГЕНІҢ АҒЫП ЖАТҚАН СУ ЕКЕН...» Болмыс, адам табиғатын түсіндіруге талпынған ойшылдар «су» мәселесіне жиі тоқталған. Ерте дүние ғұламасы Фалес: «Дүниенің түпнегізі – су», - деген. Үнді, Қытай ойшылдары әлем құпиясын ажыратқанда басты-басты төрт дүние элементін айтқан, олар: от, ауа, жер, су. Су көбіне өзгеріс, қозғалыс бейнесі ретінде қолданылған. Көне грек философы Гераклит ағып жатқан өзенге екі рет түсуге болмайтынын йтқан. Бұл дүние – ағып жатқан су, оның бір болған көріністері енді қайталанбайды деген тұжырым. Дүниенің осындай тынышсыз (релятивтік) сипаты адамды терең толғанысқа салады. Қазақ философиясында «Терме» жанры осы «өмір, дүние дегенің ағып жатқан су екен...» деген негізге құрылған. Бұл – қазақ философиясында ертеден бар түсінік. Бұған Абайдың қандай өіндік қосқаны бар, соған тоқталайық. Дүние ағып жатқан су екен деп ақынның ағынанжарылуы, ең алдымен, оның білімділігін, парасаттылығын көрсетеді. Адамзат санасында бар білімді Абай негізінен меңгерген әрі өз түсінігімен жеткен. Одан әрі айтарымыз, ақын сананың адамға өмір туралы жеңіл-желпі түсінік әкелмей, қайғыға салатынын айтқан. Өмір болмысына тереңдеген адам одан ешқашан қызыққа кенелмеген. Өмір туралы ой Будданың ел кезіп кетуіне әкелген. Диогеннің «бөшкеде» өмір сүруіне жеткізген. Сондықтан Абайдың: Өмір, дүние дегенің ағып жатқан су екен. Жақсы-жаман көргенің, ойлай берсең, у екен, - деуі осы бағыттағы ой ағымы. Бұл ойдың генезисіне зер салсақ, оны сопылар дүниетанымынан да кездестіреміз. Өмірдің «жалған өмір» атануына да бір дәлел осындай ұғымдар болса керек. Дүниені релятивтік принциппен түсіндіру «мәңгілік өмір» идеясына әкелген. Бұл идея көп дінге ортақ. Жалған, яғни қысқа, шолақ өмір және мәңгілік өмір туралы ойлар көктен түспеген, адам болмысынан туған. Адам ғұмыры қысқа әрі қайталанбайды, ағып кеткен су сияқты, бірақ судың мәңгі жойылмайтыны сияқты адам рухы да мәңгілік. Су ағып кетіп, су емес күйге айналғаынмен, өзінің қасиеті арқылы білінеді. Айталық, өсімдік, жан-жануар өмір сүрулері нәтижесінде су өз қызметін айқындайды. Дәл сол сияқты адам ғұмыры қысқа болғанмен, оның руы адам кейпінде болмаса да әлемнен жойылып кетпек емес. Оны қазақ аруақ дейді. Біз «аруақ» деген идеяны тек ислам дінімен анықтағанға қосыла алмаймыз. Аруақ – философиясы діндерден бұрын қалыптасқан, кейінірек діни философияларда логикалық талдауға түскен, адам болмысындағы мәңгілікті бейнелейтін құбылыс. Аруақ туралы ой болмаса өмір, дүние хақында ұғым тым келте болар еді. «Жалған» мен «мәңгілік» өмір арасы, қарапайым тілмен айтқанда, жер мен көктей, осы кеңістікті тілге тиек еткендер – «ауыр ойды көтеріп, ауыратын жандар», оларды біз данышпандар дейміз. Өмір, дүние туралы толғанысқа түскен адамның тиянақты тұжырымға келуі – екіталай іс. Дүние болмысы туралы мінсіз ой қалдырған данышпан жоқ. Олардың бәрі терең сөздер айтқан, бірақ ешқайсысы өмір мәнін ашып бере алмаған. Өмір құпиясы, Кант тілімен айтсақ, «өзіндік жат», біздің айтып жүргеніміздің бәрі дүние туралы бағыт-бағдарлар.
әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
| |||
Просмотров: 162 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |