Абайдың хакімдігі
01/11/2021, 14:15

«ӨЛСЕ ӨЛЕР ТАБИҒАТ, АДАМ ӨЛМЕС...»

Адам туралы Адам ата заманына бері айтылып келе жатқан аңыз да, ақиқат та көп. Мың сан ғұлама хакімдер, нәбилер адам болмысы хақында не айтпады дейсің?! Әлемде адамнан өзге құпия жоқ. Алла да, табиғат та адам арқылы ғана түсінілмек. Адам құпиясын ақтармақ болып біреулер неше түрлі діндер ойлап тапты. Адамды дін арқылы, яғни оны өзге тыс құдірет арқылы түсіндіруге жасалған талпыныс адамзат санасында өз жемісін берді. Сонымен негізгі діни жүйелер қалыптасты. Олардың дені адамды жаратушы, оның құпиясын сақтаушы бар деген қорытындыға келді. Сонымен адамның құпиясы өзінен тыс абстракцияға айналып, оны адамның өзі зерттей бастады. Адам өзін өзге күш, шындық арқылы зерттеуге кірісті. Міне, осы тұста «жалған өмір» және «мәңгілік өмір» деген қағидалар бой көрсетті. Сонда не жалған, не мәңгілік? Адам ғұмыры қысқа, қас пен көзді арасындай, қас қағым сәт. Демек, бұл сәт жалған, ал мәңгілік деген не абай ос сауалға араласқан.

Ол табиғат өледі, адам өлмейді деген қағида ұстанған. Мұны қалай түсінуге болады? Адам да табиғаттың жемісі, соның төсінде өніп-өскен саналы тіршілік иесі екендігі туралы пікір Абайға дейін белгілі болған. Ақын оны қабылдап отыр, яғни адам да табиғат, сонда өлетін – адамның «тәні». Осы адамның табиғаты, яғни тәні жалған ғұмырлық. Ол табиғаттағы кезектесіп келетін қыс пен жаз, көктем мен күз сияқты өзгеріс заңына бағынып туады және өледі. Қазақ мұны ертеден ұққан, «Тумақ бар да өлмек бар», «Өзекті жанға бір өлім» деп анықтап тастаған. Абай қазақтың бұл мақалдарын, ондағы айтылған ойларды жақсы білген. Бірақ қайталамаған. Ол адам өлді демейді, табиғат өлді дейді. Демек, өлген адамның өзі емес, оның жалған ғұмырға шақталған табиғаты, тәні. Осылайша Абай жалған ғұмырдан мәңгілік ғұмырға ой салған. Оның айтуынша, адамның тәні өлгеннен кейін, ол «адам ойнап-күліп қайтып келмес». Демек, ол адам енді бұл жалған өмірде бұрынғы күйінде, қалпында өмір кешпек емес. Жалған ғұмыр жалғандығын жасайды. Адамның табиғаты өледі. Адамды енді қазақ тілінде «марқұм» деп атаймыз. Адам болмысының бір құбылысы мәңгілікке жабылады. Марқұмға біздің ортамызда орын жоқ. Оның орнын өзгелер басады. Біз адам о дүниелік болса, орнына дүниеге жаңа ұрпақ келмек. Бұл – әлемдік заңдылық, оның сырына ешкім жеткен емес. Сырына жете алмаған дәрменсіз сана осы адамның о дүниелік болуын да, Абай айтқандай, білместіктен «өлді» деп атаған. Тәннің өлуі, жанның кеудеден шығуы адамның рухының өлгені емес. Ақын «Менікі» өлгенмен «Мені» өлмек емес деен ой білдірген.

Өмір болмысын, адам болмысын барша жұртқа түсінуге Алла тағала жазбаған. Ол – ерекшелердің үлесі. Сондай дананың бірі Абай: «Мені мен «Менікінің» айрылғанын Өлді деп ат қойыпты өңкей білмес», - дейді.

Әрине, «Мені» мен «Менікінің» айырылғанын түсінуі үшін «Мен» дегеннің не екенін ақылға саламыз.

Абайдың «Мен» деп отырғаны – адамның тәні, табиғаты. Бірақ бұл жерде бір гносеологиялық қиыншылық бар. Алдымен соған тоқталайық. «Мен» ұғымы тек адамға қатысты қолданылады. Ол жан-жануарларға беймәлім, олардың «Мені» жоқ. Табиғат оларға «Менді» бермеген. Әр адамның өз «Мені» бар. Сонда «Мен» деген тек табиғат емес, ол – сана көрінісі, оның өлшемі. Әркімнің «Мені» - сол субъекті танымының сатысы. Мысалы, ақыл-есі ауысқан жандардың «Мені» туралы әлдеқандай пікір айту өте қиын. Ол бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, Алланы тануға немесе табиғатты тануға талпынған жандардың «Мені» туралы.

Абайдың «Менінде» үш мән бар, олар: тән, жан және рух. Тән – жалғандық, ол биологиялық заңдылықтардан тұрады. Ислам діні адамның тән тазалығына қатты көңіл бөлген. Тәні таза адамның жаны таза. Рух тән тазалығын қажет етеді. Тәні сау адамның жаны сау. Осы тән тазалығына ие – әркімнің «Мені». Адам өз болмысына жауапты, бұл жауаптылық оның «Мені» арқылы айқындалмақ.

«Мен» деген – адам болмысын бейнелейтін философиялық ұғым, демек, ол тек тәнге немесе жанға қатысты емес, ол рухтың да өлшемі. «Мен» - тән мен жан, рухтың синтезі. Ақынның «Мені» тән, жан және рухтың өткіншілік сипатын білдіреді. Тән өлген соң жан мен рух өзге күйге көшеді. Енді «Мен», «Мені» мен «Менікі»-не айырылады. Өлетін «Менікі», ал адамның «Мені» өлмек емес. Табиғат (тән) өлген соң жан мен рух өздеріне өзгеше өмір сүру формасын іздейді, яғни адамның «Мені» - мәңгілік. Тәннен айырылғанымен олар объективтік мазмұндарын жоймайды. Керісінше, олар мәңгілік мазмұнға ие болып, шексіз шындықпен бірігіп кетеді. Алайда олардың қандай формада өмір сүретіні бізге (адамдарға) жұмбақ. Адамдар кеудеден жан «ұшып» шыққаннан кейін, рух «аруақ» күйіне көшеді деп болжамдар жасайды. Бұл турасында әр халық, әр дін өздерінше мифтер қалыптастырған. Оның бәрі болжамнан аспайды.  Адамға рухтың болмысын тану берілмеген. Сондықтан да ғұлама Платон рухты идея ретінде қабылдауға шақырған. Идеяның ерекшелігі сол, оның өзі – танымның алғашқы себебі, қажет десеңіз қозғаушы күші. Бар болғаны сол. Идеяны туғызған себепті іздеп босқа таусылудың еш қажеті жоқ, оның себебін өз ішінен іздеу керек. Абай ұғымында Алла – идея, демек, Алла неге пайда болған, қалай пайда болған дегенді қарастырудың еш қажеті жоқ. Ал идея – Алланың өзіне тән себеп, сипаттарын тануға адам баласына жол ашық. Адам танымы Алла дегеннен асып жығыла алмайды. Таным мүмкіндігі – Аллаға дейінгі жол. Мұны Батыс Еуропада мистика деп атайды. Ал, шындығында, адамның «Мені» мен «Менікі» айырылғанда мойындайтын ақиқатымыз осы. Өйткені «Менікі» жойылғанмен «Мені» жойылмақ емес. «Мені» жойылса, өмірдің мәні бұзылмақ, сүрген өміріміз, атқарған ісімі, жасаған жақсылығымыз, өсірген ұрпағымыз – бәрі-бәрі қажетсіз болып қалған болар еді. Жоқ, олай емес, «Менікі» (табиғат) өлгенмен, «Мені» (рух) өлмек емес. (жалғасы бар)

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 202 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: