Абайдың хакімдігі
18/10/2021, 17:12

«АДАСҚАННЫҢ АЛДЫ – ЖӨН, АРТЫ – СОҚПАҚ...»

«Озық ой» иелері әманда сенімге құрылған идеологиялық жүйемен қайшылыққа келеді. Егер ондай қайшылық болмаса, екеудің біреуінің болмағаны. Не сенімге құрылған тоталитаризм жоқ, не ол қоғамда қозғаушы күш бола алатын «Озық ойдың» болмағаны.

Адасқандарын сезетін де осы озық ойлы жандар. Алайда тарихта осындай ұлдардың өз ұғымдарында жолы болып, айтқандарын ақылға алған патша, хан, сұлтан бола қоймаған. Себебі озық ойлы жандарда сенім болмайды. Олар – сенімнен жоғары адамдар.

Сенім туралы Фридрих Ницше «Заратустра осылай деген» шығармасында мынадай терең пікір айтқан: «Сіз Заратустраға сенесіз бе дейсіз? Бірақ мұнда Заратустраны неге тықпалаймыз? Сіз маған сенесіз, бірақ басқа барлық дінге сенушілер туралы не айтамын? Сіздер мені таба отырып, өздеріңізді әлі іздеген жоқсыздар. Барлық дінге сенушілер осындай және сондықтан да барлық діннің маңызы мардымсыз. Енді сіздерден мені жоғалтып, өздеріңізді тауып алуға шақырамын және сонда сіздердің барлықтарыңыз менен қол үзгенде ғана мен сіздерге ораламын».

Осы ойларды Ф.Ницше Заратустра айтты деп, парсы ойшылының беделін пайдаланып отыр. Әйтпегенде бұл ойлар – Ф.Ницшенің өз пікірі. Ол мәселені терісінен қойған. Заратустраға сенудің еш қажеті жоқ, ол үшін тіптен ұялу керек. Біреуге, тіптен Құдайға сену де аса құнды іс емес. Асылы, адам өзіне-өзі сенгені жөн. Тек сонда ғана адамда нағыз сенім пайда болады. Ол сенім адасудан сақтауы өте ықтимал. Одан өзге адаспаудың еш амалы жоқ. Біреуге сенім көш ішінде кетсең, адасқаныңды яки адаспағаныңды қайдан білмексің? Абай Алла туралы көп айтқанмен, ған сенуге шақырмайды (оны сүюге шақырады), оның растығын мойындауды талап етеді. Ол: «сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап», - деп басталатын өлеңінде:

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, -

дейді.

 Ницше мен Абай сенім туралы дәл бір жерден шығып отыр. Екеуі де сенімнің жүректе болуын мойындайды. Жүректе сенім болғанда Заратустраға, Аллаға да орын бар. Сондықтан Абай:

Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,

Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме, -

дейді.

Өзге жұртты былай қойғанда, қазақтардың Маркс, Ленин ілімдеріне деген сенімдерінен не шықты? Сенгіштікпен әуре болып, рәсуа болдық. Тіптен адасқандығымызды ұққымыз келмеді.

Осындай адасу болатынын Абай біліп, бізді сақтандырған еді. Ол: «Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып, салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?» - деп айтты, бірақ, амал қанша, жетпіс жыл бойы біздің зиялы қауымның дені «салпылдап сағым қуып келді».

Жарар, адасуға мысалды өткен күннен келтіріп отырмыз, ал бүгінгі күні адаспай жол тауып отырғанымызға кім кепілдік бере алады? Уақыт өткен соң келер ұрпақ адасушылар деп бізді де мысалға келтіруі ғажап емес.

Бұл мәселеге тура жауап беру ауыр. Ең алдымен мына проблеманы шешіп алған жөн. Адасқанда жөн табатын көп пе, жоқ, әлде Абай айтқан «единицалар» ма?

Көпшілік сенгіш, оларға идея, көсем керек. Демек, сенім керек. Яғни, көпшілік сенімсіз өмір кешпек емес. Сенгіш көпшілік көсем қайда бастаса соған барады. Мысалы, неміс халқының Гитлердің соңынан еруі, «Совет халқының» Сталинге берілуі – айғақты жайлар. Немесе күні кеше жер бетіндегі өмір сүріп жатқан елдерді екіге: социалистік және капиталистік елдер деп бөлдік. Бұларға жатпағандарды «үшінші әлемнің» елдері дедік. Осыны ақиқат, білім деп қабылдап, оқыдық. Бұл адасушылық емес пе еді?

Демек, көп адасады, адаспауға мүмкіндігі бар – «единицалар», олар – «озық ойдың», алдыңғы қатардағы ойдың өкілдері. Олардың да дәрмені – тек адасқанда жөн табу.(жалғасы бар)

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 165 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: