04/10/2021, 20:45 | |||
«ОСЫ ЖҰРТ ЕСКЕНДІРДІ БІЛЕ МЕ ЕКЕН?..» Ескендір бейнесі қазақ даласына көркем мәдениет арқылы молынан тараған. Шығыс поэзиясы дүлдүлдерінің Ескендір турал қалам тартпағандары кемде-кем. Олардың шығармалары қазақтарға ежелден мәлім. Атақты Әбілқасым Фирдоуси қазақтар құмарта оқыған «Шахнамасында» Ескендірді парсы патшасы Дараптың баласы етіп, оны Меккеге барғызып, мұсылман етіп қояды. «Ескендір-нәме» деген атпен Низами де дастандар жазған. Бұл дастандарды жұрт білген-білмегенін айту қазір қиын. Бірақ сол дастандардағы сюжеттерді қазақ ақын-жыраулары жырлағандары анық. Шығыс классиктері Ескендір туралы жазғандарында бірін-бірі толық қайталап жатпаған, оған Ескендір туралы сансыз аңыздар мүмкіндік те бермеген. Ескендірдің жаулап алмаған жері жоқ, нендей ғұлама жандармен жүздесіп сұхбаттасқан, соның бәрі әр шығармаға өзек бола берген. Мысалы, Низами шығармаларында Ескендірді үнді ғұламасымен әңгімелестіре, тізе теңестіріп қояды, сонымен бірге ақын Ескендір жорығының қайшылықты жағын да суреттеген. Әрине, әр ақын Ескендірді өзінше жырлаған, ол басы ашық мәселе, ал ең қызығы, Шығыстың түгел дерлік ақындары Ескендір тақырыбына қайта-қайта бұрыла берген. Соның ең соңғысы – Абай. Бұл мәселе турасында да ғалымдар арасында әр текті топшылаулар баршылық. Ескендірдің мифтік персонажға айналып, аса ірі ақындардың қиялына түрткі болуына тағы бір себеп оның өмірден өте жас шағында өтуінде ме деп ойлаймыз. Тарихтағы Александр – Ескендір біздің жыл санаумызға дейінгі 356 жылы туып, 323 жылы өлген. Бар-жоғы 33 жас өмір сүрген. Грек жұрты қырыққа келген адамды акмэге келді, қазақша айтқанда, «ақыл толтырды» деп санаған, ал Ескендір болса акмэге жетпей кеткен. Отыз – орда бұзатын жас, ақыл тоқтататын жас емес. Сондықтан Ескендірдің есеюі, грекше айтқанда, акмэге толуы өз өмірінде емес, кейінгі ойшылдардың, әсіресе ақындардың үлесіне тиген. Ескендір – өте күрделі тарихи тұлға. Әкесінің орнына патша болған соң Ескендірдің бойында қанішерлік, жауыздық, басқыншылық әбден күшіне енеді. Бала күнінен алған тәрбие қанішер Ескендір бойынан ара-тұра жылт етіп көрініп, сөніп отырса керек. Ал осы нәрсе кейін аңызға айналып, Ескендірді жағымды жан етіп көрсетуге негізгі себеп болуы әбден ықтимал. Шығыс ақындарын Ескендірдің тарихи нақтылы тұлғасы қызықтырмаған. Олар көбіне әлемге тарап кеткен Ескендір туралы аңыздарды негізге алған. Бұл – көркемдік тәсіл. Сонымен Фирдоуси, Низами, Жәми, Ахмедилер Ескендір үшін емес, керісінше, Ескендір бұлар үшін қызмет еткен. Реті келгенде айта кеткен жөн – дәл осындай жағдайға ХХ ғасырдың басында Ғайса-Христос бейнесі де ұшыраған. Революцияның қайнаған кезінде Александр Блок «Он ек» деген поэма жазып, шығармасын он екі адам бастап келе жатқан Христос деп аяқтайды. Осы кезеңдерде Сұлтанмахмұт Торайғыров «Ғайса кім?» деген өлең жазған. Бертін келе Ғайса бейнесі Михаил Булгаковтың «Шебер және Маргарита», Шыңғыс Айтматовтың «Жан пида», Ю.Домбровскийдің «Қажетсіз заттар» романдарында шығарма идеясына арқау болған. Адамзат баласының өтпелі дәуірінде «Ғайса кім?» деген сияқты сұрақ әманда туып отырса керек. Осындай сұраққа жауап іздегенде Шығыс ақындарына қолайлы бейне Ескендір болғанға ұқсайды. Адам баласының санасы – өте күрделі феномен. Кезінде дін өзіне қажет «тұлға» іздегенде өз заманының озық ойлы адамы Ғайса-Христостан «құдай» жасап алса, ал керісінше, жауыз патша Ескендірді бір заманда ислам діні пайғамбар, Шығыс ақындары ғаділ әмірші дегенге дейін барған. Тарихқа ғаділ көзбен қарау – Абай үшін басты міндет, бұл – оның сыншылдығының көрінісі. Абай ұстаз тұтқан Навои, Фирдоуси аруақтарына сиына отырып, олардың жасаған Ескендір бейнесіне түзету енгізеді. Ақын олармен, былайша айтқанда, шығармашылық сайысқа түседі. Ескендірге қатысты Фирдоуси, Низамилерге де ақын сыншылдықпен келген. Абай дәл біздей көп оқымағанымен, оның бізге қарағанда ойлау еркіндігі әлдеқайда мол болған. Бізде нағыз ойлау тәуелсіздігі болды ма? Бір жағынан таптық сана мүддесі, екінші жағынан тұрпайы атеизм санаға, қиялға еркіндік берді ме? Біздің ақынды бүгінгі күнге дейін жарытып түсінбей жүргеніміз де сондықтан. Бізде дайын қалыпқа салып ойлау әдет болып келді. Қазақ ғалымдары үшін қалыптың екі түрі болады: бірі – рухани мәдениетті маркстік-лениндік тұрғыда талдау, екіншісі – орыс ғалымдарының төл рухани мұраларын зерттегенде жасаған із-соқпаларға, қысқасы, дайын сызбаға салып талдау және бағалау, оған сыймай жатқан жерлерін тағы да сылып тастау. Осы екі дерттен енді-енді арылып келеміз. Ал Абай заманында мұндай дерттер болмағандықтан, ақын өз пікірін жасқанбай айта алған. Абай – шыншыл, сондықтан ол Ескендірдің нақтылы тұлғасын ашып беріп отыр. Ақын Ескендір туралы тарихи деректермен таныс болғандықтан ең алғашқы шумағында бар шындықты ашып берген: Осы жұрт Ескендірді біле ме екен? Македония шаһары оған мекен. Филипп патша баласы ер көңілді, Мақтан сүйгіш, ұзыншаш адам екен. Әрі қарай көпшілікке белгілі оқиға желісі өрби береді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
| |||
Просмотров: 216 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |