20/09/2021, 17:08 | |||
«КӨП КІТАП КЕЛДІ АЛЛАДАН, ОНЫҢ ТӨРТІ...» Құраннан кейін Алладан тағы жаңа кітап түсе ме, жоқ па дегенге... Оған әзірше алғышарттар жоқ. Кітап әдетте нәбиге (пайғамбарға) түседі. Пайғамабрды аңсау идеясы бар. Ол ХХ ғасырдың басында пайда болды. Кезінде Сұтанмахмұт Торйайғыровтың «Ғайса кім?» деп сұрақ қоюы да сондықтан. Пайғамбарды аңсау оның келуіне қажеттілік туғызады. Ондай қажеттілік әзірше жоқ, бірақ пайғамбарлықты аңсау бар. Ол – өткен замандар санасының дәстүрі. Әдетте дәстүрдің өміршеңі де, уақыт өткен сайын, маңызы кете бастайтыны да болады. Бұл дәстүрді қайсысына жатқызуымыз керек? Біздің білетінімз – пайғамбарлар әманда «өтпелі кезеңде» келетіні. Ондай заманның нышандары бар. Бірақ пайғамбарлыққа қажеттілік жоқ. Мұндай қорытындыға келіп отырғанымыз – пайғамбарлықтың екі мәні бар. Пайғамбарлық – міндетті түрде сенімге егізделген іс. Адамның пайғамбарға сенуі оның еркіне тұсау болмақ. Асылы, адам адамға табынудан тыс болғаны дұрыс. Адамға табынып, одан пайғамбар, тіптен құдай жасауға тырысқандықтан адамзаттың жетіскені шамалы. Пайғамбар да адам, бірақ ол – Алла атынан сөйлеуші, адам мен Алла арасындағы елші. Мәселе сонда: осы Алла мен адам арасындағы елшілік керек пе? Әр адамның өзі-ақ Алла жолын өзі тапса қалай болар еді? Абай – осындай бағыт ұстаған ойшыл, бірақ бәріміз Абай бола алмайтынымыз тағы бар. Сондықтан Алла сөзін жеткізуші адамды (нәбиді) қажет етеміз. Нәбиді қажет етушілік – озық ойлыларға жат қылық. Ол көпке керек. Пайғамбар дегеніміздің өзі – қоғамдық санада реформа жасаушы ойшыл. Мұндай ойшылдар болмаса тағы да болмайды. Көпке тек ел басшысы емес, ой көсемі, данышпан да керек. Сондықтан қазіргі заман пайғамбары тек таза ойшыл болса, оны ел басшылары қабылдамайды. Себебі данышпан – қоғамдық ел басқару жүйесіне ащы сын айтатын адам. Мұндай сынды саяси жағдай көтермейді. Бұл бір. Екіншіден, ел басқару ісінде данышпан адам болуы ықтимал деген мәселеге келсек, біздің айтарымыз, пайғамбардың ел басшысы болуы екіталай іс. Себебі әкімшілік жүйенің өз логикасы бар. Бұл жүйенің қалыптасқан қағида, принциптері бар. Мұның бәрі даналықтың логикасымен дәлме-дәл келмейді. Ел басқару – саяси іс. Оның қыры мен сыры әманда даналықты қажет ете бермейді. Саясаттың нақтылы тарихи кезеңдегі тіршілік қамына сай жүруі заңды. Даналық (пайғамбар) болса мәңгілікке қатысты. Ол күнде өзгеріп, адамзатты апатқа, қайғы-қасіретке бастамауы керек. Бізге қазіргі заманға керегі қалыптағы, түсініктегі пайғамбарлық емес, ғұлама ойшылдар, Абай айтқан хакімдер керек. Олар ешкімге де сеніп бас имейді жне өзгелердің де өздеріне құлдық ұрып, сенуін талап етпейді. Олар адамның ойлау еркіндігіне мүмкіндік қана жасайды, бағыт ұсынады. Олардың айтқанын қабылдау немесе қабылдамау әркімнің өз жұмысы. Абай Алладан келген көп кітаптардың мәніне зер салып, ой қозғағанда айтары осы мәнде деп түсінеміз. Өйткені Абай үшін Алла мәңгіліктің есімі де, өздеріне арнайы кітап түскен пайғамбарлар өткінші. Оның нәбилер кез-кезімен келген деп тұжырым жасауы пайғамбарлықты болмыстың өзгерісіне орай болатын құбылыс деп түсінгені. Бұл – биі түсінік. Пайғамбар (нәби) қаншама дана болғанмен, өзінен соң келетінге қарағанда шектеулі жан. Шектеулік нәбидің кемшілігі емес, оның адам (пенде) екендігінің өрінісі әрі заман кеңістігінің мүмкіншілігінен туған. Әр заманның өз пайғамбары бар. Осы жайды ескерген Абай – пайғамбарлыққа өз тарапынан пікір білдірген ойшыл. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі | |||
| |||
Просмотров: 202 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |