16/08/2021, 14:57 | |||
«МАХАББАТПЕН ЖАРАТҚАН АДАМЗАТТЫ...» «Махаббат философиясы» - араб-парсы, Орта Азия және Қазақстан әдебиеті мен мәдениетінің жетілуіне зор ықпалын жасаған дүниетаным. Себебі махаббатты жырлау әдебиет пен өнерде демократияның, еркін ойдың өрісі болды.Сондықтан да орта ғасырлардағы араб-парсы поэзиясына әлемде ешбір елдің поэзиясы тең келмейді. Міне, осы кемелдену ислам діні шеңберінде болған. Кезінде «махаббат философиясы» исламның дертке ұшыраған кезінен сауықтырған болатын. Абай заманында қазақ тұрмысында ислам саяси дертке ұшыраған еді. Хакім Абай дінге тағы да бір тың көзқарас керек екенін сезген, ол – Алланы тану мәселесі. Себебі Алланы тану – адамның өзін-өзі тануына бастайтын жол. Абай махаббаттың адамның кеселді қылықтарынан тазартатын күш екеніне кәміл сенген. Бірақ қазақ даласына «махаббат философиясы» «махаббат поэзиясы» болып сіңген болатын. Алла мен адам арасындағы махаббат трансформацияланып (түрленіп), әйел мен еркек арасындағы ғашытыққа ауысқан. Солай болғанмен, мәселенің түп қазығы сол қалпында, яғни адам бойындағы қасиеттерді саудаға салмау. Адамдардың (қыз бен жігіттің) бір-біріне қалтқысыз берілуі, ғашық болуы – бұл құдай жолы. Ғашықтық тақырыбы қисслар түрінде Шығыстан да келіп жатты. Өз ақындарымыз да жырлап, оны ел жаттап алып айтатын болды. Сөйтіп, «махаббат философиясы» поэзия арқылы қазақ санасына толық сіңісті. Бірақ Шығыстың одан бергіде қазақтың ғашықтық жырларында Рабиғаның жападан-жалғыз отырып Аллаға ғашық болып бәйіт айтуы өзге күйге түсті. Ғашықтық сезімін қыз жігітке, жігіт қызға арнады. Махаббат адамдар сезіміне ауысты. Алайда тақуалық, яғни махаббат үшін өзін құрбан ету, өмірін арнау қалды. Ғашықтық жырларда екі жастың бақытқа жетуі өте сирек. Көбіне ғашық болғандар мерт болады. Мысалы, Қозы көрпеш пен Баян, Төлеген мен Жібек. Демек, махаббат үшін құрбан болу – «махаббат философиясынан» қалған дәстүр. Дүниетаным, халықтық сана дегендер – тарихи ұғымдар. Абайдың «махаббатпен жаратқан адамзатты» деген дана сөзі ХІХ ғасырда өмір сүрген барлық қазаққа түсінікті. Оны ХХ ғасыр қазағы түсінбеуі мүмкін. Олай дейтініміз: Абай заманында адамның жаратылуы туралы суфистік діни әдебиеттер арқылы келіп, ел арасына кеңінен таралған мынадай аңыз болған: Бүкіл әлемде жалғыз Алла ғана бар болған дәуір өткен. Ол заманда хайуанаттар да, адамдар да болмаған. Әлем иесі бір Алла. Осындай кезде Алла ойға шомса керек: «Әлемде жалғыз өзім болғандықтан, менің құдіретімді сезінетін ешкім жоқ». Алла тағала осылай ойлағанда әлемді мұң басқан. Әлемді мұң басып, болмыс тұмшаланған күйде қаншама дәуірлер өтті. Күндердің күнінде Алла өз құдіретімен дүниеге құс жаратты, оған қорек болсын деп жер бетіне мол етіп дән шашып тастады. Құс күніне бір-бірлеп дәнді шоқып жейді, көп мерзімнен кейін дән таусылып, құс өледі. Құс әлемге иелік ете алмады. Алланы тағы мұң басты. Құс мәңгілік болмады, ол әлемге иелік жасауға талпынбады, барға разы боп, өз бетімен қарекет жасамады. Себебі Алла тағала құсқа ғұмыр бергенмен, несібе ұсынғанмен, оған өмірге құштарлық бермеген еді. Алла енді өзгеше тәсілге көшті. Балшықтан тағы бір мақұлық жасады, оның есімін «Адам» деп атады. Денесіне жан, оған қосы ақыл берді. Адам Ата өзін жаратқан жарылқаушысына жалынып-жалбарынатын болды. Себебі Алла оған өмірге деген құштарлық сезімін берген еді. Өмірге құштарлық сезімін біз махаббат деп атаймыз. Адамзатты Алла махаббатпен жаратқан дейтініміз сондықтан. Махаббат Алланың өзіне деген сағынышы болатын. Сағыныштан жаралған Адамның Жаратушыға жалынып-жалбарынуы, махаббатын білдіруі орынды. Осылай аяқталады аңыз. Бұл аңыз қазақ санасында әртүрлі мәнерде айтылып жүрді. Бірақ мәнісі сол – Алланың адамды махаббатпен жаратқаны туралы. Махаббат – Алланың қасиеті, сипаты ретінде шексіз, өлшеусіз шындық. Демек, ол туралы таным да шексіз. Махаббат – мәңгі таусылмайтын тақырып. Өмірдің мәні махаббатта. Келе-келе адамның Аллаға махаббаты рух махаббаты және тән махаббаты болып бөлінген. Ол туралы Абай: «Ғашықтық, құмарлықпен – ол екі жол», - деп нақты айтқан, себебі құмарлық негізінде нәпсі бар. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
| |||
Просмотров: 166 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |