Абайдың хакімдігі
09/08/2021, 08:47

«МАХАББАТПЕН ЖАРАТҚАН АДАМЗАТТЫ...»

Өмір мәні және болмысы туралы толғана келіп, Абай:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті, -

дейді «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп басталатын өлеңнің бесінші шумағында.

Алла – ислам дінінде құдай есімі, Алланы сүюге насихаттаушылар Абайға дейін де көп болған. Ақынның мәселе қойысы өзгеше, ол сен Алланы адамзатты махаббатпен жаратқаны үшін сүй деп нақтылы айтып отыр, демек, мәселе махаббатқа тірелген.

Абай бұл тұста махаббатты адамға емес, Аллаға қатысты айтқан. Алла адамзатты махаббатпен жаратқан. Олай болса, махаббат – адамға дейін болған шындық. Демек, махаббаттың иесі – Алла. Ол – Алланың құдіреті, қуаты, рухы. Бірақ ол, сірә, адамзат жаратылғанға дейін өзіне де айқындалмаған тылсым, шындыққа айналмаған мүмкіндік.

Бұл тылсым, Алла құдіреті адамзатты жаратқанда айқындалған, олай болса, махаббат – Алланың өзінің көріну, айқындалу формасы. Алла өз қарекеті арқылы, яғни махаббатпен адамзатты жаратқаны арқылы танылып отыр. Біз оның өзге де қажеті, сипаттары туралы сөз қозғамаймыз, себебі оны білмейміз, Алланың өзге сипаттары бізге құпия.

Алланың осы бір ғана сипатын, яки атрибутын, танудың өзі – адам санасына салмақ салатын іс. Алланың жаратушы екенін мойындау адам ақылына тұғыр, ойына өріс береді.

Адам Алланы «мүмкін, бар шындық» деген дәрежеде қабылдай алады,одан әріге адам санасы, ақылы жетпейді. Өлшеулі ақыл өлшеусіз Алланы танымақ емес. Алла адамға нақтылы сана берген. Ол – өзінің адамзатты махаббатпен жаратқаны туралы ақиқат.

Енді былайша сауал қоялық. Алла адамзатты дүниеде жаратпаса не болар еді?

Адамзат жаратылғаннан кейін махаббат Алланың көріну формасынан оның бір сипатына (атрибутына) айналған. Сондықтан Абай махаббатпен жаратқан адамзатты деп отыр. Адамзатты жаратқан Алла деу – тым қарабайыр түсінік, дұрысы – Абай айтқан Алла адамзатты өз махаббатымен жаратқан. Олай болса, Алланы жанымыздан де тәтті сүюге біз парыздармыз. Алланы сүю арқылы біз оған қарызымызды өтемекпіз. Сондықтан Аллаға бас иіп, сүю – дәлелді мәселе.

Абай дүниетанымында Алланы тану мәселесінде махаббат ерекше орын алған. Осы тұста заңды сұрақ туады. Абай мұндай мәселелерге қалай келген? Бұл сұраққа тікелей жауап беруден бұрын діни философиядағы «махаббат» мәселесіне тоқталып өтейік.

Әлемдегі ешбір діни илософия махаббат мәселесіне соқпай өтпеген. Христиан дінінде «құдай дегеніміз – махаббат» деген қағида бар. «Махаббат туралы ілімдердің негізгі түптамырлары тоғысатынына еш таңқалуға болмайды. Себебі махаббат – адамдық өлшемінің белгісі. Абайдың «Махаббатсыз дүние бос» дейтіні не содан. Махаббат туралы ой міндетті түрде өмір мәні, болмысына бастап апарады.

Әлемдегі аса ірі діндердің ең жасы ислам діні ауқымында махаббат мәселесі төңірегінде өте салмақты жұмыстар атқарылған. Махаббатты Алланы тану ісіндегі басты түсінік ретінде алғаш дәлелдер негізін қалаған Рабиа әл-Адавийа (713-801) болды.

Есімі аңызға аналған Рабиға (Рабиа) бар өмірін тақуалықпен өткізген. Жасынан жетімдік көріп өсіп, күңдікте болған Рабиғаның қожалары тақуалығына бас иіп, оған еркіндік берген. Еркіндікке ие болған Рабиға өмірінің соңына дейін махаббат туралы ілім салумен өткен. Оның махаббаты Жаратушыға бағытталған.

Рабиғаның ізбасарлары: ал-Бистами, ал-Халладж, ибн-араби, т.б. махаббат философиясын жоғары деңгейге көтерді.

Х-ХІ ғасырларда махаббат философиясы өнерге, нақтылы айтқанда, поэзияға, әдебиетке трансформацияланды. Шығыстағы «1001 түн» хикаясы, атақты шайырлар Фирдоуси, Низами, Руми, Хафиз, т.б. махаббат поэзиясының жыршылары болған.

Махаббат тақырыбына арналған «Ләйлі және Мәжнүн» хикаясы махаббат философиясының поэзиядағы көрінісі болатын. Олай дейтініміз, Шығыс мәдениетінің білгірі е.Э.Бертельс Мәжнүн туралы айта келіп, оның махаббаты тек Ләйліге ғана бағышталмағанын бір автордан кезіктіргенін айтады. Мәжнүн үшін бәрі Ләйлі, тау да, тас та, үйдің қабырғасы да, ондағы заттар да, яғни Мәжнүн өмірге ғашық, оның махаббаты біртұтас тіршілікке, болмысқа бағытталған. Мәжнүнді ғашық еткен – өмір. Оның Ләйліге ғашықтығы метафоралық сипатта.

Рабиғаның махаббат философиясының өмірге келіп, одан бергіде кеңінен таралып кетуіне себептер болды. Рабиға тұсында ислам діні әлемге таралғанына бір ғасырдай мезгіл болатын. Осы мерзімде ислам жақтаушылары өздерін халықтан алыстатып, дінді саясатқа айналдыра бастаған еді. Бұл халық наразылығын туғызды. Міне, сөйтіп діни наразылық философиясының түрі – Рабиғаның махаббат философиясы дүниеге келді. Мұнда еш «сауда» жоқ. Дінбасылар бұл жалған дүниеде құдайға құлшылық етсең, ақысына бақи дүниеде жаның жаннатта болады дейді. Рабиға болса оны жоққа шығарған. Махаббатта сауда жоқ. рабиға философиясы бойынша, Адам мен Алла бір. Адам Алланы ешбір дәмесіз, шын жүректен сүюі керек. Алладан өз махаббаты үшін әлдене  қайыр дәмету бұл махаббат философиясына жат.

«Махаббат философиясында», байқап отырсыз, тақуалық басым. Адам Аллаға махаббатын білдіргеннен өзге қарекеттермен айналыспауы шарт. Абай үшін бұл ұғым Алланы танудың тәсілі. Абай тақуалық (аскеттік) емес, өміршеңдік прагматикалық философияны жақтаған. Ол Алланы сүюге шақырғанда, адамның өзін-өзі танып, тазартуын мақсат тұтқан. Өзін-өзі танушы жан өзгеге бөгде көзқараспен қарауы мүмкін емес.

Рабиғаның «махаббат философиясы» келе-келе ислам философиясындағы шешуші күшке айналды. Анығын айтқанда, суфистік дүниетанымның негізі осы Рабиғаның «махаббат философиясы». (жалғасы бар)

 
 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

  

Категория: Мои файлы | Добавил: shakhibbeker
Просмотров: 214 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: