26/07/2021, 12:56 | |||
«АЛЛАНЫҢ ӨЗІ ДЕ РАС, СӨЗІ ДЕ РАС...» Абай Платонның: «Сократ маған дос, бірақ одан ақиқат зор», - дегеніндей, өзі мұсылман бола тұрып, діни сана ауқымынан шығарлық ой айтқан. Себебі ол – данышпан, оның ойлау деңгейі бір дін шеңберінде шектелуі мүмкін емес. Бұл – Рас туралы Абайдың төл көзқарасы. Ол ешкімді қайталап отырған жоқ, оқыған-түйгендерін өлең сөзбен ұсынып отыр. Мұндай ойларды айтудағы жауапкершілікті Абай жақсы білген, ол Алла туралы сөз жеңіл деп отырған жоқ, қайта ұлы тақырыпқа тереңдеп, жаңаша ойлау жүйесін жасауға талпынған. Ислам дінінде иман келтіріп, мұсылман атану үшін Алланың бір, пайғамбардың хақтығын мойындау шарт. Абай бұл шартты бұзып отырған жоқ: «Алланың, пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастың иманымыз», - дейді. Бірақ Абай дүниетанымында Алланың орны бір басқа, пайғамбар орны бір басқа. Ақын мәңгілік туралы, өмір мәні туралы сөз қозғағанда тарихта аты-жөні жеке адамдарды негізге алмайды. Ол мәңгілік ұғымдарды қолданады. Олар – Алла мен Адам. Нәбилер де адамдар. Сондықтан Абай философиясында, әдеттегі Ислам дініндегідей, Алла – Расул – Адам болып келмейді, мұнда ортадағ буын жоқ. Абай Алла мен Адам туралы айтады. Алла шексіз, оны танымақ болсаң өзіңді де шексіз болмыстың бір бөлігі деп сана, сонда адамдық атыңды жоймай, кәміл мұсылман болғандығың. Абайдың айтуынша, Алла – өзінің әр пендесіне шамамен, мөлшермен ізгілік, даналық беруші. Бірақ Алла адамдарға осыларды беріп қана қоймай, оны гүлдендіріп, рауаж (реттеу деген ұғым) беріп, оларды пайдаға асыру үшін мүмкіндігін берген. Осы мүмкіндіктерді әр адам қалайша іске асырмақ? Бұл жолда олар Алланың растығын мойындай отырып, кімдердің соңынан ермек? Ондай ертушілер үшеу: пайғамбарлар, әулиелер және хакімдер. «Кәміл мұсылмандар» осы үшеуінің қайсысының соңынан еруі керек? Егер пайғамбарлар мен әулиелер айтқанындай құдайға құлшылық жолына түсіп, өз нәпсілерін пида қылса, дүние ойран болмақ, себебі: «...бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарды кім іздейді?» - дейді Абай. Сондықтан «кәміл мұсылмандарға» хакімдер қажет. Олар діни ұстазымыз болмаса да, құдайдың елшісі Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарымыздың: «Адамның жақсысы – адамға пайда келтірген адам», - деп айтқаны бар. Хакім қызметі осы бағытта. Абайдың осы ойлары ортодоксиялық ислам шеңберінен асып жатыр. Ол Алланы танудың мақсаты адамшылық, ізгілік туралы ойлар тарқату деген түсінікте болған. Оны еуропалық, христиандқ дүниетанымда гунизм деп атайды. Абай ұғымында Алланы сүю адамның жеке басындағы асыл қасиеттерді қастерлеу, адамшылықты негізгі қағидаға айналдыру, ал ол үшін ең алдымен өзіңді-өзің тазалауың қажет. Алланы сүю – ізгілікке байланысты жол. Өзің күнә арқалап тұрып Алланы сүй алмайсың, алдымен күнәңнан арыл, өзіңді-өзің ластан аршы, одан әрі барып хақ жолына түс. Бұл жолға түссең, бойыңдағы қуатың, санаң сәулеленбек. Алланың сүйікті құлы болуға Абай фаталистік мәнде емес, адамның бостандығы үшін шақырады. Адамның жеке басының бостандығы ол адамға тән қасиеттерді жетілдіргенде ғана болатынын ақын жақсы түсінген. Абай Алланы тануда «әмір» деген ұғымға мән берген. «Сен асыққан екен деп Алла әмірін өзгертпес», - дегенде, ақын өмірде болмыс заңдылығын айтып отыр. Болмыс заңдылығын адамдарға танытушылар – хакімдер, Абайдың хакімдерді діни ұстаз болмаса да қадірлеуі сондықтан. Абай ұғымында Аллаға жетудің жолы көп. Адам баласы нәсіліне, дініне қарамастан түптің түбінде тоғысуы, тіл табысуы ықтимал. Ол үшін әлемде хакімдер сөзі үстем болып, олар билік жүргізсе, сол заман Алланың растығын мойындау заманы болмақ. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
| |||
| |||
Просмотров: 172 | Загрузок: 0 | |
Всего комментариев: 0 | |