10:08 Жады-нама |
ҚАЙТАЛАУ – БІЛІМНІҢ АНАСЫ Адамның жадысы компьютердің жадысына қарағанда уақыт өте келе өзгеріске ұшырауға бейім. Дұрыс қайталанбаған ақпарат санадан өшеді. 20 минуттан кейін-ақ ақпараттың 20%-ын жоғалтасың. Ақпаратты есте жақсылап сақтау үшін оны белгілі бір уақыт ішінде қайталап отыру керек. Ежелден келе жатқан мақал бар: «Қайталау – білімнің анасы». Қайталау арқылы ақпаратты санамызға сіңіреміз. Ұзақмерзімді жадыға әсер ететін де осы – қайталау. Дұрыс уақытында қайталанған ақпарат жадыда дұрыс сақталады әрі оны жарыққа шығару оңай болады.
Қайталау процесі қалай жүзеге асуы керек? Ол ақпараттың түріне байланысты. Кез келген нәрсені қайталауға болады: сөздер, цифрлар, сандар, әріптер, мәтіндер, кітап немесе мақала, шет тіліндегі сөздіктер. Цифрларды, өлеңдерді жаттаған кезде, оларды әрбір сөзіне, әрпіне дейін қайталау қажет. Ал кітаптың материалын есте сақтау үшін әр жолы әртүрлі қайталау әдісін қолданамыз. Материалды есте сақтау үшін қайталаудың түрлі техникасын қолдануға болады. Олардың ішінен белсенді қайталау және мазмұнын айту туралы айта кетейік.
Белсенді қайталау Жадыда ақпаратты неғұрлым ұзақ сақтау үшін оны белсенді қайталау қажет, яғни қайталап жатқан ақпараттың мағынасын түсіну қажет. Ол үшін алға бірнеше міндет қою қажет. Сұрақтарға жауап беру (оқулықта әр сабақтың соңында пысықтау сұрақтары болады), өмірден мысал табу және өзің мысал келтіру. Белсенді қайталау кезінде адамның назары және ассоциация қосылады, сөйтіп ақпарат сапалы әрі тиімді жатталады.
Мазмұнын айту Егер ақпаратты сөзбе-сөз жаттау қажет болмаса, мазмұнын айту арқылы қайталаймыз. Мазмұын айту да белсенді қайталаудың бір элементі деуге болады. Мазмұнын айту кезінде сөзбен жеткіземіз. Сол арқылы ақпарат жадыда жақсы сақталады әрі оны қалай жеткізуді біліп тұрамыз. Егер жаттау керек ақпараттың көлемі көп болса, онда оны бірнеше ұсақ бөлікке бөлеміз. Сосын оны Цицерон әдісімен жаттаймыз. Бірінші бөлікті жаттаған соң, кідіріс жасаймыз, сосын келесі бөлікке өтеміз. Осылай барлық бөлікті жаттап алған соң, қайталауға кірісуге болады. Қайталау барынша пайдалы, тиімді болуы үшін барлық ақпаратты ойша еске түсіріп қайталау керек. Тек маңызды бір деректі еске түсіре алмай, тоқтап қалғанда ғана қайнаркөзге (кітапқа, мақалаға, цифрға, т.б.) бір қарауға болады. Оны қағазға түртіп алып, ары қарай еске түсіруді жалғастыра бер. Екінші рет қайталаған кезде қағамдағы ақпарат есіңде тұрады. баспаға әзірлеген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |