10:18 Қызықтар |
ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ЖАЛАҢАЯҚ ЖҮРЕТІН ҚАРИЯ Жер бетінде қысы-жазы аяқ киімсіз жүретін ерекше адамдар көп емес. Сондай жандардың бірі – павлодарлық Сахипзада Биболов. «Мен Оңтүстікке жиі келемін, – дейді С. Биболов. – Шымкентте тамыз айында шахматтан халықаралық жарыс өткен. Сол жарысқа шәкірттеріммен қатысып, жүлделі орын алып кеткенбіз. Ал шахматты мен 1969-жылдан бері ойнап келемін. 1986-жылдан бастап тоғызқұмалаққа ден қойдым. Осы жылдар ішінде түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болған сәттерім көп. Менің туып-өскен ауылым Семей сынақ алаңы аумағына жақын еді. Бала кезімде қой бағып жүріп сонда атом бомбасының жарылғанын талай көргенім бар. Соның кесірі ме, 1990-жылы денсаулығым күрт нашарлап, қатты сыр бере бастады. Бірте-бірте көзімнің көруі қатты төмендеп, 2-ші топтағы мүгедек болып қалдым, ғұмырлық зейнеткерлікке шықтым. Алайда денсаулығым одан сайын нашарлай берген соң өз-өзімді қолға алып, шынығуға бел будым. Жалаңаяқ жүрудің адам денсаулығына өте пайдалы екенін газет-журналдардан, кітаптардан оқып біліп, сол жылғы күздің соңғы айында жалаңаяқ жүруге кірістім. Таңертең ерте тұрып Ертіс өзенінің жағасында жалаңаяқ жүгіріп, 10-20 минут өзенге шомылып, дене шынықтыру жаттығуларын жасай бастадым. Кейін қайда барсам да жалаңаяқ жүруді әдетке айналдырдым. Жұрт алғашында бұл қылығыма тосырқай қарады. Бірақ мен денсаулығым үшін өзгелердің сөздеріне мән бермедім, бұл әрекетімнен еш қысылған жоқпын. Тіпті қыста да жалаңаяқ жүре бердім. Сондай-ақ жалаңаяқ жүруіме бойыма қонған емшілік қасиет те себеп болды. Денемде биоөріс толып, мені мазалай берді. Ақырында емшілік жолға біржола түсіп, адамдарды емдей бастадым. Бір қызығы, осыдан бастап денсаулығым түзеліп, жалаңаяқ жүрген сайын өзімді аса сергек сезіне бердім. Осылай істесем жердің қуатын, табиғаттың құдіретін сезінемін, тіпті рахаттана бастаймын. Адамдарды емдегенде бойымда биоөрісім таусылып бара жатса жалаңаяқ жүріп жерден қуат аламын. Негізі табан мен алақанда денедегі барлық мүшелермен байланыс нүктелері жиналған. Сондықтан адам жиі жалаңаяқ жүрсе өзін-өзі емдей алады». Сахипзада қария қасиетті жерлерге жаяу зиярат жасайды екен. Ол 20 жылдың ішінде Қазақстанның барлық қалаларын аяқ киімсіз, жаяу аралап шығыпты. Осы жылдар ішінде ол бірде-бір аяқ киім сатып алмапты. Тек той-томалаққа барғанда ғана амалсыз аяқ киім киетін көрінеді. «Сондай-ақ мешітке бес уақыт намаз оқуға ғана тәпішке алып барамын. Өйткені дәрет алғанда аяғың таза болғаны жөн ғой. Ал қалған уақытта аяқ киім киюді қажетсінбеймін. Жасым 70-ке келгенде денсаулығымды түзеп алғаныма Аллаға шүкіршілік етемін. Бүгінде 3 ұл, 3 қызымның, өсіп келе жатқан 9 немеремнің қызығын көріп отырған жайым бар», – дейді Сахипзада ақсақал. Осыдан біраз бұрын Астана қаласында Сахипзада Биболов сияқты жалаңаяқ жүретін белорус жігіті болған екен. Бүгінде ол Канадада тұрады деседі. Ол жер шарын жалаңаяқ аралап шыққан көрінеді. Содан жұрт оған Мир деген атақ теліпті. Сахипзада ақсақал да сол Мир тәрізді жер бетін жалаңаяқ аралап шығуды армандайтынын айтады. Ғ. ҚАДЫРБЕК. |
|
Всего комментариев: 0 | |