15:45 Туыстық атаулар сыры |
Күйеу (ер) – бір рудың қызын алған жігіт сол елге «күйеу» болып есептеледі де, сол ел оның қайын жұрты деп аталады. Қайнылары алдында күйеудің жолы кіші болғанмен, сыйлы адамдардың бірі. Оны көпшілік күйеу жүзден үлкен деп сыйлайды, сонымен бірге елдің үлкен-кішісі, әйел-еркегі бәрі де қажап, ойнап отырады. «Әзілің жарасса – атаңмен ойна» деп, күйеу де беріспейді. Бірақ бұлар сыпайы әзілдеседі. Күйеу еркелей де алады, ойын арасында «осы елден тағы бір қыз аламын» деп айтуға толық хақысы бар. Оның бұл сөзін ешкім ерсі көрмейді. Күйеу жақсы, сыйлы болса, үлкендердің өзі «е, береміз ғой» деп мәрттік танытады. Әйелінің ағалары күйеуге қайын аға болады. Әйелінің ағасы күйеуден жасы кіші болса да қайнаға дейді. Күйеу әйелінің апаларын «қайынбикем» деп, сіңілілері мен інілерін «балдызым» деп, онымен әзілдесіп ойнай береді. Кейде күйеудің әйелі қайтыс болса, онда оның қайын жұртынан тағы бір қыз (әрине, жас болса) алуға, сұрауға хақы бар. Егер басқа бір елдің қызына үйленсе, әлгі күйеудің бұрынғы қайын жұрты оның жаңа әйелін «біздің қыздың орнына келген» деп, оны да өздеріне жақын тартып, бұрынғы қатынасты үзбейді. «Күйеу – жүз жылдық» деген сөз осындайдан қалса керек. Қонақасы бергенде күйеуге төс тартылады. Күйеу төрге отырмайды, бас ұстамайды. Жас күйеу тамаққа бата бермейді.
әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |