10:39 Туыстық атаулар сыры |
Құда (ер) – қыз алып, қыз беріскен ер адамды «құда» деп айтады. Құдалық жолмен келген адамдардың үлкенін немесе жолы үлкенін (басшысын) бас құда деп атайды. Қыз бен жігіттің әкелері бір-біріне «бауыздау құда» деп аталады. Бұл ертеде құда болғандар құдалыққа сойған қойдың бауыздау қанына құдалардың қол батырып, бірін-бірі тануынан (серттесуінен) шыққан екен. Аталған құдалардың рулас туған-туыстары да бір-біріне құдандалы, яғни «құда, құдағи» болып саналады. Құдалар қазақ арасында өте сыйлы, құрметті адам, төрде отырады. Оған арнаулы мал сойылып, бас, жамбас тартылады. Халық «құданы Құдай, досты періште қосады», «құда мың жылдық» дейді. Мұның себебі құдалардың өздері өмірден кетсе де, оның құдалық аты руластар арасында көп жылдар ұмытылмайды. Кейде ежелгі құдалар бұрынғы құдалық сыйластықты жалғастыру үшін тағы да құда түсіп, қыз алып, қыз беріседі. Мұны «сүйек жаңғырту» дейді. Құдалықтың басқа да түрлері бар. Құдалар әлі тумаған іштегі балаларына да құда түседі. Мұны «бел құда» немесе кей жерлерде «қарын құда», «құрсақ құда» деп те атайды. Кейбіреулер бесікте жатқан ұл, қыздың бірін-біріне атастырады. Мұны «бесік құда» дейді. Кейде қыз берген құда, сол құдасының қызын өз ұлына келін етіп алып береді. Мұндай құдалық «қарсы құда» деп аталады.
Үйірі басқаны ноқта қосады.
Жақын жерге құда болсаң – түйе-түйе сөз келер.
әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |