12:36 Туыстық атаулар сыры |
Қарындас (әйел) – ағайындылар ішінде жасы кіші қыз ағалары үшін қарындас болады. Бұлар аға, іні үшін қымбат та, қимас жандар. Сонымен бірге бауырлары үшін ешқашан аянбайтын біртуар, текті, зерделі, қаншыл туыс. Әсіресе әйел заты туыс-туғаны үшін жанын да, қанын да беретін батыл да тапқыр болады. Сол үшін де бұлар ағайын, туыс үшін әрі құрметті, әрі сыйлы адамдар. Басқа елге, басқа жерге ұзатылған қыздың ауылда қалған бауырларын сағынуы, көрсе керемет қуанып асты-үстіне түсіп бәйек боп жатуы, қолынан келген қамқорын аямауы, әйтеуір жақсылық жасап жанын жадыратып жіберуге тырысуы, бауырым ғой деп ерекше атап, елжіреп тұруы, көңілінің төрінен орын беруі, қазақ елінің дәстүріндегі туысқандық қатынастың айрықша бір ажарлы үлгісі дерлік. Бауырлардың бір-біріне сағынышы мен сүйінішісі, ықыласы мен тілектестігі туралы халық арасында талай-талай аңыздар туып, кеңінен тарауы, талай ән-жырлардың көптен айтылатыны осыған айғақ бола алады. Қарындастың күйеуі «күйеу бала», балалары «жиен» деп аталады.
Сіңілі (әйел) – бірге туған апасы (жақын туыстары) қыздардың кішісін сіңілі дейді. Аға, апа (әпке) алдында сіңілі мен інілердің құқы бірдей болғанымен «қыздың жолы жіңішке» деп жол көбінесе қызға тиеді. Сіңілі мен қарындас өзінен үлкендер алдында батылдау да, еркелеу, еркіндеу болады. Және олардың бұл еркелігін аға, апалары көтеруі керек.
әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |