19:23 Тіл тарихы |
ӘЛСІРЕУ, БӨЛІНУ және ДИАЛЕКТІЛЕР ХІІ ғасырдан бастап ислам дініндегі елдер ауыр саяси қиындықтарға кезікті. Бағдатта халифпен бірге тұрған орталық билік іс жүзінде қызметін тоқтатты, кейін бірқатар тәуелсіз мұсылман мемлекеттердің пайда болуымен жойылып кетті. Оған қоса, сыртқы жау шапқыншылық жасады. Крест жорықтары кезінде келген христиан дініндегі еуропалықтар Жерорта теңізінің шығыс жағалауын иемденіп алып, бір ғасырдан астам ешкімге билетпей тұрды. Мұсылман дінін қабылдған түріктер шығыстан келіп, Таяу Шығыстың басым бөлігін жаулап алды. ХІІІ ғасырда солтүстік-шығыстан моңғолдар төніп, соққы берді. Бірақ түріктер моңғолдарды жеңіп, ХІІІ ғасырдың соңына қарай Осман империясы пайда болды. Бұл түрік тілінде сөйлейтін мемлекет еді. Осман империясы өте ұзақ ғұмыр кешті, ол Бірінші дүниежүзілік слғыстың салдарынан құлады. Сөйтіп, арабтілділер бірнеше ғасыр бойы саяси билік жүргізген түріктердің қоластында өмір сүрді. Нәтижесінде арабтардың тілі бұрынғы беделінен айырылды. Марокко сияқты кей арабтілді елдер тәуелсіз болып қалды, бірақ бұрынғымен салыстырғанда, қандастардың барыс-келісі сиреді. Кейінірек, XVII ғасырдан бастап Осман империясы саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да әлсіреді. Империяның түкпір-түкпіріндегі елдер көбінесе өзін-өзі қорғауға мәжбүр болды. Үлкейіп жатқан еуропалық мемлекеттер ХІХ ғасырда Жерорта теңізінің оңтүстігі мен шығысындағы елдер арқылы өз мүддесіне жетуге тырысты. Марокко мен Тунис Францияның протектораты болды, ал Алжир отар елге айналды. Ұлыбритания үшін Суэц каналының стратегиялық маңызы өте зор, сондықтан ол бірнеше жыл бойы Мысырды басқарып тұрды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Ирак және қазіргі Иордания Ұлыбританияның, ал Сирия мен Ливан Францияның мандатына айналды. Осылай соңғы 5-6 ғасыр бойы арабтілділер басқарушылары алыста тұрып билік жүргізген елдер мен жерлерде өмір сүріп келді. Бірнеше жердің әкімдік-басқару ісі мен білім беру саласында оны ұзақ уақыт бойы түрік, француз немесе ағылшын тілдері ығыстырды. Ұзаққа созылған осындай саяси бөлшектенудің нәтижесінде тілдің ауызекі түрі әртүрлі бағытта дамыды. Лингвистикалық өзгерістер әдеттегідей жүрді. Бүгінде араб тілінде сөйлеудің бірнеше жолы бар. Айырмашылықтың көптігі сонша – Ирактың тұрғынының айтқанын марокколық түсінбейді немесе, керісінше. Бірақ олар бір-бірінің жазғанын жақсы түсінеді. Барлық арабтілді елдер классикалық араб жазуын қолданады. Барлық жерде түпнұсқа Құранды қалай оқу керек екенін және Құрандағы ережелерге сәйкес қалай жазу керектігін үйретеді. Бүгінде сөйлеуі бөлек, бірақ жазғанда бірдей жазатын бірнеше арабтілді мемлекет бар. Бұл – педагогтерге, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне және басқаларға да қиындық туындататын шектен тыс ерекше жағдай. Болашақта ол өзгеруі мүмкін, бірақ одан әрі не болатынын айту қиын. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |