10:21
Тіл тарихы

ӨЗГЕ ТІЛДЕРДІ ЖҰТЫП ҚОЮ

Алғашқы император үлкен әрі халық тығыз қоныстанған ауданды басқарды, бірақ ол бүгінгі Қытайдан анағұрлым кішкентай еді. Жалпақ тілмен айтқанда, Цинь империясы дегеніміз – бүгінгі Қытайдың солтүстік-шығыс бөлігіндегі аймақ. Қазір қытай тілі одан бірнеше есе үлкен аймақта қолданыста, сондықтан ол бастапқы шыққан жерінен көп таралған деп айтамыз.

Бұл әрине, мәдени және саяси экспансияның салдары. Қытай өз тарихында өзге елдерді де басып алды, өзі де басқыншылардың қолына түсті, бас-басына ел болып, бөлініп-ыдырап та кетті, бір қолдың астына бірікті де. Бірақ соның бәрінің нәтижесінде қытай тілі тағы бір аймақта басты тілге айналып отырды. Қоғамдағы өзгерістердің барлық түрі қытай тіліне оң әсер етті.

Неге олай болды? Соғыс арқылы жаулап алу міндетті түрде тілдің өзгеруіне әкелмейді, тілді өзгерткен күннің өзінде не жаулап алушылар, не жаулап алынғандар өз тілдерінен басқа тілге ауысады. Қытай тілінің ерекшелігі де сонда, ол қытайлар өзгелердің еліне басып кіргенде де, өздері жаттың қоластында қалғанда да жойылып кетпеді, қайта күшейе түсті.

Тарихтан біраз мысал келтірейік. Қазіргі Қытайдың оңтүстігі мен Вьетнамның солтүстігін б.з.д екі жүз жылдай қытай әскері басып алды. Бұл аймақ ресми түрде Қытай императорының қоластында болды, ал іс жүзінде ел азды-көпті тәуелсіз өмір сүрді. Басында тек басқарушы элитаның аз ғана тобы қытай тілінде сөйледі, ал халықтың дені тай мен кхмер тілдерінде сөйледі. Сосын бірнеше жүз жылға созылған саяси толқулар мен қытайлардың иммиграциясының нәтижесінде қытай тілі үстем тілге айналды. Қазір Оңтүстік Қытай деп аталатын бұл аймақта қытай тілі әлі үстемдік құрып келеді. Бұл тіл жоғарыдан келеді де, төменгі эшелондағыларды бірте-бірте жайлап алады.

Солтүстік Қытай, керісінше, солтүстіктен немесе батыстан келген басқыншылардың соққысына ұшырады. IV ғасырда астанасы Луоньянг қаласына ғұндар басып кірді, одан бір ғасырдай кейін табғаш деген тайпа Солтүстік Қытайды жаулап алып, 150 жылдай қоластында ұстады. Ғұндар да, табғаштар да көп кешікпей Қытай халқына сіңіп кетті, өз тілі бар бөлек халықмболудан қалды. Осыдан көп кейін Х ғасырда Солтүстік Қытайдың басым бөлігін қидандар жаулады. Олар екі ғасырдай билік құрып, көп кешікпей Қытай қоғамымен араласып, өз тілінде сөйлеуді доғарды. Дәл осындай жағдай XVII ғасырда соңғы Қытай императорларының династиясын құрған манжұрлардың да басынан өтті. Олар елді 1911 жылға дейін биледі. Бұл уақытта манжұрлар Қытай қоғамына толық кіріп, өз тілінен бас тартты.

Қысқасы, барлық жағдайда қытай тілі жеңіп отырған. Тарихта ереже жоқ, сондықтан әрі қарай не болатынын айта алмаймыз, бірақ қытай тілінің пайдасына жұмыс істейтін жағдайларды жүйелі түрде атауға болады.

Біріншіден, сан мен көлемнің маңызы зор. Адамдар тобы тығыз қатынас орнатқанда, үлкенірек топтың тілі үстемдік құрады. Бірақ бұған кереғар жағдайлар да болып тұрады. Қытайлар саны жағынан үнемі басқалардан көп еді.

Екіншіден, үстем тіл өзінің сөйлеушілеріне белгілі бір жеңілдіктер береді. Қытай мәдениеті – ұлы мәдениет. Қытайлар тағдыр қосқан халықтардан ауыл шаруашылығында да, технология мен ғылымда да, философия мен әдебиетте де анағұрлым ілгері еді. Осы салалармен айналысқысы келген әрбір адамның қытай тілін үйренуі керек болды.

Үшіншіден, тұрақты жазба тіл тек қана сөйлесуде қолданылатын ауызекі тілден анағұрлым артық. Мәдени даму үшін жазбаша қатынас орнату, маңызды мәтіндерді оқи білу керек. Қытай тілі – Шығыс Азиядағы жазуы бар алғашқы тіл, ұзақ уақыт бойы бірден-бір сондай тіл болып қалды. Ол ежелден бүгінгі күнге дейін әлемнің осы түкпіріндегі ең маңызды жазба тіл болып отыр. 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 199 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: