15:13 Тіл тарихы |
ҚЫТАЙ ТІЛІ – ЕЖЕЛДЕН АМАН ЖЕТКЕН ТІЛ Қытай жазуының пайда болғанына кем дегенде 3300 жыл болды, оның жасының ұзақтығы мысыр жазуымен бірдей. Бірақ бұл тілдің қазіргі қолданушыларының жағдайы мысырдың иероглиф жазуын соңғы қолданушылардан мүлде бөлек. Біріншіден, қазіргі қытай тілі – бір миллиардтан астам адам сөйлейтін өскелең, серпінді, ширақ тіл. Екіншіден, бұл тілдегі жазу – аз ғана бітікшілер мен хатшылардың құзіретінде ғана емес, жүздеген миллион адамның күнделікті өмірінің бір бөлігі. Қытай жастарының арасында сауаттылық деңгейі өте жоғары, Ұлыбритания мен Еуропа елдерінен сәл-ақ төмен. Қазіргі қытай тілінің күні кешеге дейін қолданыста болған классикалық тілден бірқатар айырмашылығы бар. Бұл әдеби дәстүр ұзақ болса да, барша халыққа қолжетімді бола бермейтінін көрсетеді. Ұлыбритания халқы Шекспир заманынан жеткен мәтіндерді оқиды. Ал қытай жастары тек өткен ғасырда қағазға түскен мәтіндерді ғана оқи алады. Одан бұрын жазылған мәтіндерді оқу үшін бейімделген нұсқасын қолданады немесе ескі жазуды үйренуге тура келеді. Қытай өркениеті мысыр өркениетіне ұқсас басталды. Сары өзеннің жағасындағы жері құнарлы аймақта патша басқаратын ел пайда болды. Ол жерде тарыдан мол өнім келді. Халық қытай тілінде сөйледі. Мысыр еліндегі сияқты бұл ел де ертеректе бірнеше тілде сөйледі ме, жоқ па – оны ешкім білмейді. Шаң дәуірінен жеткен патша және оның айналасындағылар туралы ежелгі мәтіндер б.з.д. 1300 жылдары жазылған. Шаң патшалары балгер-сәуегейлерге бал аштырып, өздері табынатын Құдайлардан ақыл-кеңес сұрап отыратын. Балгер жалпақтау келген сүйекті, көбінесе тасбақаның сауытын отқа жарылып кеткенше әбден қыздырып, жарықшақ-сызықтарға қарап, патша қойған сұраққа жауап айтатын. Кейде жарықшақтан сұрақ та, жауап та іздейтін. Жерге көміліп, ұмыт болған ондай сүйектердің ондаған мыңы императорлардың резиденциясы орналасқан жерлерден өткен ғасырда табылды. Мұндай сәуегей сүйектердегі жазулар бүгінгі қытай жазуының алғашқы түрі екені анық. Кей әріптер қазір де тура сол бұрынғы кездегісінен өзгермеген, ал енді бірінің мыңжылдықтар ішінде қандай эволюциялық өзгерістерге ұшырағанын көруге болады. Бірақ ежелгі және кейінгі жазулардағы символдардың қалыптасу және мағыналық негізгі принциптері ұқсас. Қытай халқының жазуды қашан және қалай ойлап тапқаны белгісіз. Алғашқы жүйелі, қисынды мәтіндер б.з.д. XIV ғасырдан жеткен, бірақ одан мың жылдан астам уақыт бұрын жасалған саз тақтайшаларда әріптерге ұқсас ойып жазған пішіндер бар. Сәуегей сүйектердегі жазулардың толықтай жетілген жүйе екені көрінеді, олардың бір күнде ойлап табылмағаны анық. Ол жазу өте ұзақ уақыт бойы қолданыста болса керек. Бір нәрсе анық, қытай жазуы да мысыр және шумер жазуы тәрізді ауыл шаруашылығы қарқынды жүрген және күшті орталық билігі бар аймақта пайда болды. Америкада жазу жүгері өсіруді жақсы меңгергендерді басқаратын күшті билігі бар майя өркениетінде туындады. Мұндай қоғамдар салық салуды ұйымдастыру мен жүйелеуге зәру болды. Патша билігі жаңа жүйе жасауға және жас ұқпақты сол жүйемен жұмыс істеп үйретуге мүдделі болды. Жазу ойлап табу жеткіліксіз, халық ол жазуды оқып және жаза алуы керек. Сауатты қоғам құрудағы ең күрделі жұмыс – сауаттылықты іске жарату мен білім беруді ұйымдастыру. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |