11:26 Тіл тарихы |
ҮНДІЕУРОПА ТОБЫНДАҒЫ ТІЛДЕР Алдыңғы тақырыпта талқыланған үш тіл тобы бір-біріне жақын емес. Кей тұстары бір-біріне ұқсайтындай болып көрінгенімен, топ ішіндегі тілдердей ұқсас қасиеттері айқын емес. ‘father’ ‘mother’ Латын тілі: pater / mater Ежелгі грек тілі: pater / meter Ежелгі ағылшын тілі: faeder / modor Ежелгі норвег тілі: fadir / modir Ежелгі ирланд тілі: athir / mathir Ежелгі санскрит тілі: pitar / matar Герман тілдері жағдайында көргеніміздей, бүгінгі сөздерден гөрі бұрынғы сөздер бір-біріне ұқсас. Жоғарыдағы мліметтерде «әке» және «ана» ұғымын беретін бірнеше сөздің тізімін Еуропаның бірнеше ескі тілі мен Үндістанның бір ескі тілі – санскритте берілді. XVIII ғасырдағы ағылшын ғалымы, сэр Уильям Джонс санскрит тілін зерттеуге арнаған еңбегінде осындай көп ұқсастық тапса, грамматикада одан бөлек таңаларлық параллельді анықтаған. Уильям Джонс 1786 жылы Калькутта қаласында оқыған атақты дәрісінде латын, ежелгі грек, санскрит, герман тілдері мен ирланд тілі жататын кельт тілдерінің жалпы шығу тегі бір екенін айтты. Осы кезден бастап тарихи лингвистика дамыды. Содан кейінгі ғасырда көптеген ғалымдар Джонстың айтқанының дұрыс екенін, оған еш шүбә келтіруге болмайтынын дәлелдеді. Сөйтіп, олар бастапқы идеяны 12-13 тармаққа кіретін бірнеше ондаған тілдер арасындағы қатынасқа дейін кеңейтті. Ол үлкен топты қазір біз «үндіеуропа тобындағы тілдер» деп атаймыз. Қысқаша айтқанда, үндіеуропа тобындағы тілдер: герман, славян, итальян (латын, роман және бірнеше өлі тіл), грек, балтық тілдері, кельт тілдері, албан тәрізді өзге де көптеген еуропалық тілдер, иран тілдері (олардың ішінде парсы тілі де бар(, санскрит пен хинди тілдерінен тұрады. Үнді еуропа тобындағы бірнеше тіл тек ежелгі мәтіндерде ғана сақталып қалды. Осы мәліметтерге қазіргі Түркия жерінде сөйлеген хет тілін қосуға болады. Бұл тілдердің өзара байланысының бар екені санскрит, грек және латын тілдеріндегі ежелгі мәтіндерді және қалпына келтірілген протогерман және протославян тілдерін салыстыра отырып дәлелденген. Нәтижесі түсінікті. Біріншіден, маңызды ұқсастықтары бар. Екіншіден, дыбыстары мен грамматикасы жүйелі қалыптасқан, ол жалпы өзгерістердің аздығымен түсіндіріледі. «Әке» деген ұғымды беретін сөздердің ұқсастығы сонша – олардың түптөркінінің бір екені анық көрінеді. Бір айырмашылығы – ежелгі ағылшын және ежелгі норвег сияқты герман тілдерінде сөз басында –f әрпі, ал өзге тілдерде –p әрпі жазылған. Бұл түптөркінінің бір екені туралы ойды әлсіретіп жіберуі мүмкін. Бірақ әрі қарай зерттей түскенде, мұндай сәйкестік тек бұл сөзде ғана емес, осы тілдерге ортақ өзге сөздерде де бар екені белгілі болды. Келесі мысал ағылшынның fish сөзі, ол латынның piscis сөзімен сәйкес. Мұны үндіеуропалық –p-ның герман тілдерінде –f-ке өзгеріп кетуімен түсіндіруге болады. Мұндай типтік өзгеріс басқа да тілдерден байқалады. Сөйтіп, алғашқыда кездейсоқ болып көрінген ауытқудың тұрақты жағдай екені анықталды. Ұзақ уақыт жүрген көптеген өзгерістер тілдердің арасында үлкен айырмашылықтар туындауына алып келеді. Ағылшын тілінде сөйлейтін адам үндіеуропа тілдеріне жататын парсы немесе хинди тілінде бір сөзді де білмеуі мүмкін. Тілдер өте ұзақ уақыт бойы бөлектеніп, әрқайсысы өз жолымен дамыды. Соған қарамастан, үндіеуропа тілдері, расында да, бір-бірімен байланысты. Олар әдетте «протоүндіеуропа тілдері» деп аталатын бір прототілден шыққан деп есептеледі. (жалғасы бар) әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |