14:47 Тіл тарихы |
ХОЙСАН ТІЛДЕРІНЕ ҚАНША ТІЛ ЖАТАДЫ? Сан халықтары сөйлейтін хойсан тобына көп тіл жатады, олардың нақты қанша екенін және қалай аталатынын анықтау оңай жұмыс емес. Оларды зерттеуші әр ғалым өзінше атайды және ол атаулардың көбінің жазылымы айрықша. Бұл ерекше жазулар жартылай ол сөздердегі сыртылды дыбыстарды жазумен жеткізудің қиындығымен түсіндіріледі. Сыртыл – ауызда төмен қысым туындатып, ауаны тез шығарып жіберуден пайда болады. Мұндай дыбыстар өзге жерлерде арнайы мақсатта жиі қолданылады. Мысалы, ағылшынтілділер сенбегенін немесе қоштамағанын білдіру үшін “tut” немесе “tut-tut” деп дыбыстайды. Хойсан тілдеріндегі «таңдай сыртылы» деп аталатын дыбыс – осы. Бірақ хойсан сөздерінде ол кәдімгі дауыссыз дыбыс ретінде қолданылады. Бұл тілдерде басқаша дыбысталатын өзге де сыртылдар бар. Оларды жазба тілде белгілеу үшін түрлі жүйені пайдалануға болады. Әдетте лингвистер сыртылдың төрт түрі үшін өзіндік төрт түрлі таңба қолданады. Мәселе тек тілдердің атауының жазылымында болса, ол соншалық қиындық болып есептелмес еді. Бірақ соңғы онжылдықтарда хойсан тілдерін зерттеген ғалымдардың барлығы дерлік тағы бірнеше тіл мен диалектінің атауын енгізді. 1981 жылы бір белсенді ғалым хойсан тілдерінің сол кезге дейін әдебиетте қолданылып келген тізімін жарыққа шығарды. Орфографиясындағы сәл-пәл айырмашылықтарды есепке алмағанда, тізімге 141тілдің атауы енді. Содан бері тағы бірнеше тілдің атауы қосылды. «70 мыңдай ғана сөйлеушінің соншама көп тілге бөлінуі мүмкін емес» дейтін де шығар кейбіреулер. Шындығын айтқанда, көптеген адам бір тіл деп санайтын тілдің бірнеше атауы бар. Мұншама көп атаудың болуының бірнеше себептері бар. Солардың бірі – жоғалып кеткен тілдер мен топтар, олар бірнеше атауға ие. Хойсан тілдерінде сөйлейтін көптеген адамдар Оңтүстік Африканың шығыс және оңтүстік бөлігінде тұрған. Еуропалық басқыншылар оларды қатыгездікпен қудалап, кей кездері геноцидке ұшыратқан. Ол тайпалардың аман қалған адамдары өз тілдерін тасада қалдырып, африкаанс тілінің бір түрінде сөйлей бастады. Содан Оңтүстік Африкада қазір хойсан тілдері мүлде жойылды десе де болады. Көптеген атаулардың қырыққа жуығы осы тілдерге қатысты. Әйтсе де көптеген тіл әлі де тірі. Неге бұлай екенін түсіну үшін ол тілдер және олардың өзара қалай араласатыны туралы білгеніміз артық болмас. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |