08:06
Тіл тарихы

СӨЗДІК ҚОР және ҚОҒАМ

Сөздік қор мен ұғымдарды айту мәселесінде жағдай басқаша. Әлемнің барлық тілінде жаңа сөз жасауға немесе өзге тілдерден сөз енгізуге болады. Теория жүзінде кез клеген ойды кез келген тілде жеткізу мүмкіндігі бар. Бірақ іс жүзінде тілдердің лексикалық қорының айырмашылықтары өте көп. Белгілі бір тілдегі сөздер мен сөз тіркестері сол тілде сөйлейтін мәдениетке ғана керек және сол мәдениетке ғана тән. Сондықтан әртүрлі мәдениеттердің сөздік қоры да әртүрлі.

Хойсан тілдеріндегі сөздер Калахара шөліндегі және оның төңірегіндегі терімшілер мен аңшыларға ғана қажет. Ол тілдерде басқа тілдерде болмауы мүмкін көптеген жануарлар мен өсімдіктердің атаулары бар. Адами қарым-қатынастар мен сезімдер туралы сөздер саны Еуропа тілдеріндегі сөздерден еш кем түспейді. Адамның дене мүшелері, өмір мен өлім туралы тағы басқа сөздер саны жағынан да еш тілден қалыспайды. сондай-ақ мифтікәңгіме және діни ұғымдарды білдіретін сөздер өте көп. Қысқаша айтқанда, бұл тілде сол ортаның адамдарына әдетте қажет болатын сөздердің бай қоры бар.

Бірақ еуропалық тілдерде бар кей сөздер хойсан тілінде күні кешеге дейін болған жоқ. Заманауи технология, автокөліктер, теледидар, тұрғын үй, жиһаз, тұрмыстық заттар, киім сияқты біз үшін ең қажетті саналатын сөздер оларда жоқ еді. Сан халқының тұрақты көсемі болмайды, олар шағын топқа бірлесіп өмір сүреді. Сондықтан оларда мемлекет, контитуция, заң, полиция ұғымдарын беретін сөз жлқ. Олар ешкіммен соғысқан емес, сондықтан генерал, әскер, зеңбірек деген ұғымдарды білдіретін сөздер жоқ.

Сан халқы математикаға онша мұқтаж емес еді, өйткені оларда мал да, ақша да, санауды қажет ететін ештеңе де болған жоқ. Осының бәрі тілге әсер еткен, плюс немесе минус деген сөз атадан мұра болып қалмаған, санды білдіретін сөздері аз. Ол ол ма, хойсан тілінде алтыдан жоғары сандарды білдіретін сөз жоқ.

Хойсан тілдерінде, ағылшын және басқа да еуропалық тілдермен салыстырғанда, сөздердің аздығының тағы бір себебі бар, ол – хойсан тілдерінде жазудың жоқтығы. Жазу болса, тіл және оның сөздік қоры ұрпақтан ұрпаққа жетеді, балалар оны түсінуге және сол тілде сөйлеуге тырысады. Салыстырмалы түрде аз ғана адамнан тұратын тіл үшін жазудың маңызы зор болуы мүмкін. Күнделікті сөйлесуде жиі қолданылмайтын сөз кейбір адамдарға бейтаныс болуы ықтимал. Егер сөйлеушілердің саны бірнеше мыңнан аспаса немесе тіпті бірнеше жүз болса, сирек қолданылатын сөз келесі ұрпаққа мүлде жетпей қалуы мүмкін. Ондай жағдайда сөз қайта оралмастай болып жоғалады. Бірақ жазуы бар тілдердің сөздік қоры байырақ екені айқын, өйткені жазылған сөздер жақсы сақталады.

Жазуы жоқ тіл поэзиялық шығармаларын және тілдің басқа да құнды жәдігерлерін жоғалтып алуы мүмкін. Бұл «жазусыз әдебиет бола алмайды» дегенді білдірмейді: бізге ауызша жеткен көптеген өлеңдерді, эпикалық ертегілерді білеміз. Бірақ бір ұрпақтың кем дегенде бес-алты адамы сол ертегілер мен өлеңдерді жаттап, басқаларға таратумен айналысуға тиіс. Адамдардың шағын тобында мұны іске асыру қиын. Осындай жағдайда үлкен әдеби шығармалардағы сөздер мен сөз тіркестері кейінгі ұрпаққа жетпей қалады.

Терімшілер мен аңшылар тілдерінің басты қасиеті мен адам ойын жеткізуде еуропалық тілдерден еш айырмашылығы жоқ, бірақ олардың әлеуеті жеткілікті деңгейде қолданылмайды. Бұл халықтардың тілі біздің жағдайымыздан өзге жағдайда қолданылатындықтан, ойды жеткізу ресурсы да өзгеше. Ол тілдерде қоғамға керекті барлық сөздер мен сөз тіркестері бар, кейде тіпті еуропалық тілдерде жоқ лексикалық бірліктерді кездестіруге болады. Бірақ біз үшін ең қажет, қарапайым көрінетін сөздер оларда жоқ болып шығатын жағдайлар бар.

Әрине, тілдің құрылымы мен әлеуетіне мұның еш қатысы жоқ, бұл тек тілдердің қалай қолданылатынына байланысты. Бүгінгі таңда хойсан тілінде сөйлеушілер ана тілдерін жаңа жағдайға бейімдеп, қазіргі заманның бұйымдары мен ұғымдарын білдіретін көптеген сөзді енгізіп жатыр. Келешекте полимерлік химия немесе компьютер дизайны туралы сөйлеу үшін неге хойсан тілін қолданбасқа? Ал ағылшынтілділер өз ана тілін Калахари шөліндегі өсімдіктер мен аңшылық әдістері туралы айтуға бейімдеуі ықтимал. Бірақ лексика қалыптастыру процесі өте баяу да бейнетті. Сондықтан хойсан тілін қолданушылар қала жағдайында әлі ұзақ уақыт бойы өздерін қолайсыз сезінеді. Ал ағылшын тілі шөлдегі тіршілікке ешқашан бейімделе қоймас.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 238 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: