09:37 Тіл тарихы |
ОЛ КЕЗДЕГІ ТІЛДЕР ҚАЗІРГІ ТІЛДЕРГЕ ҰҚСАС БОЛДЫ МА? Терімшілер мен аңшылар қоғамындағы тілдер туралы бірінші және ең маңызды айта кететін нәрсе – ол тілдердің де басқа тілдердей екені. ХІХ ғасыр лингвистері материалдық байлық аса дамымаған қоғамда тілдер қарабайыр, қарадүрсін деген пікірде болған. Көп адам әлі де солай ойлайды. Бірақ ол шындыққа жатпайды. Қатты дамыған тіл деген не? мұндай баға беру үшін адам әртүрлі нәрселер туралы ойлауы мүмкін. Тілдік жүйе, яғни дыбыстар, сөзжасам және сөйлем құрау жолдары қалыптасқан. Сонымен қатар айту және түсіндіру керектің бәрін білдіретін сөздік қор, сөздер мен сөз тіркестері бар; олар арқылы мағынаның реңкін беріп, ойыңды астарлап, бір ұғымды бірнеше рет түрлендіріп айтуға болады. Олардан бөлек, жазба тіл мен оның дәстүрлері бар, ол тілде жазылған құнды кітаптар мен жақсы жазушылар т.б. бар. Лингвистер «хойсан тілдері немесе Америка үндістерінің тілдері еуропалық ірі тілдердің ешқайсысынан кем емес» дегенде, тілдік жүйені айтып отыр. Әлемдегі барлық тілдің негізгі қасиеттері бірдей. Әр тілде өзіне тән дыбыс топтамасы бар, олар бірігіп, мағыналы сөздер құрайды. Сөздердің жекеше және көпше түрі, етістіктің шақтары және басқа да грамматикалық ұғымдарды білдіретін (мысалы, адам: «мен, сен, ол») әдістер де қалыптасқан. Сөздерді тұтас сөйлемге айналдыратын ережелер бар. Бөлшектеп қарасақ, тілдердің бір-бірінен айырмашылығы өте көп. Белгілі бір тілді үйрену барлық жағынан қиын деп айту шындыққа жатпайды. Мәселен, ағылшын тілінде дауысты дыбыстар мен дифтонгілер өте көп, ал испан тілінде бес-ақ негізгі дауысты дыбыс бар. Есесіне, испан тіліндегі етістіктердің түрі ағылшын тіліндегі етістіктерден анағұрлым көп. Бұл екі тілдің қиындығын немесе «дамуын» бағамдамақ болған адам дауысты дыбыстарды үйрену қиын ба, әлде етістіктердің сандаған түрін үйрену қиын ба – сол жағын анықтап алуы керек. Мұны қалай жасауға болатынын түсіну қиын. Тұтастай алғанда, екі тіл де өте күрделі және оларды жетік меңгеру қиынға соғады. Бұдан қиындық пен даму жағынан тілдердің бәрі бір деңгейде деген түсінік туындамауы керек. Бірақ басты айырмашылықтарын анықтау оңай емес. Барлық хойсан тілдерінде дыбыс жүйесі өте күрделі. Оларда кез келген еуропалық тілмен салыстырғанда, дауысты дыбыс көп, ал дауыссыз дыбыс одан да көп. Мұның бір себебі – бұл тілдерде тек Африканың оңтүстігінде сөйлеу дыбысы ретінде қолданылатын дауыссыз дыбыстың «сыртыл» деп аталатын ерекше түрінің болуында. Сыртылдарды санамағанның өзінде бұл аймақтарда дауыссыз дыбыстар біздің тілдеріміздегіден анағұрлым көп. Қайсыбір хойсан тілінде дүнежүзінің бізге белгілі тілдерінің бәрінен көп дыбыс бар. Өзге тілдерде 30-40 дыбыс болса, хойсан тілдерінде жүзден аса дыбыс бар. Екінші жағынан, хойсан тобының басқа тілдерінде де етістіктің түрлері аз және сөйлем құрау ережелері күрделі емес. Осылайша бұл тілдік жүйелер дыбыстық тұрғысынан қиын да, басқа жағынан қарапайым. Әлемнің басқа бөліктерінде тұратын терімшілер мен аңшыларда жағдай басқаша. Австралиялық аборигендер еуропалықтар келмей тұрып, көп тілде сөйлеген. Олардың көпшілігінің дыбыстық жүйесі өте қарапайым. Кейбіреулеріндегі дыбыстар саны жиырмаға да жетпейді. Олардың сөз септеу жүйесінің өте жоғары дамығаны сонша – кейде бір күрделі етістік ағылшын тілінде бірнеше сөйлеммен түсіндірілетін мағына бере алады. Австралиялық рембаррнга тілінен мысалды қазақшалағанда: Біз оған (кенгуруге) жайлап жақындағанда, одан біздің теріміздің иісі шығуы мүмкін. Көріп отырсыздар, австралиялық тілдердің дыбыстық жүйесі қараапйым болғанымен, өзге аспектілері өте күрделі. Терімшілер мен аңшылар тілдері дыбыстар мен грамматикалық аспектісі жағынан барлық өзге тілдермен бірдей: кей тұсы күрделі, тура ағылшын, испан немесе араб тілдері тәрізді. Тіл жүйесі тұрғысынан қарасақ, біз сөйлейтін тілдерді бүгінгі терімшілер мен аңшылар сөйлейтін тілдермен салыстыруға әбден болады және олар біздің ата-бабаларымыздың терімшілер мен аңышылар кезіндегі тілдерге де ұқсас болуы мүмкін. Жалпы алғанда, тілдерді күрделі немесе оңай деп айтуға келмейді. Олар тек бір-бірінен ерекшеленеді. әзірлеген Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар қаласы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
Всего комментариев: 0 | |