23:09
Тұлғалану толқындарында

ӨЛІМ АҚИҚАТЫ

Адамың көбі өлім ақиқатынан қорқады. Бұл – адамзаттың ең үлкен қорқынышы. Өлімнен неліктен мұнша қатты қорқамыз? Себебі адам рухы мына пәни дүниедегі қысқа ғұмырға қанағаттанбайды. Мәңгілікке жаралған жан мәңгілікті аңсайды.

Әлі есінде, кішкентай кезінде ауылдағы алғаш адам өлімі мен жерлеуге куә болған кезде, бірнеше түн дөңбекшіп ұйқысы қашқан. Төсекте жатып «Адамның бәрі ерте ме, кеш пе, өледі екен ғой. Өліп, жоқ боламыз ба, сонда? Менің өлгім келмейді» дейтін терең ойға батып.

Осы сәттен бастап, өмір мен өлім, тіршіліктің мәні, Құдай жайлы ойлайтынды шығарды. Кейіннен осынау ойлар оны діни жолға алып келген сияқты.

Иә, өлім құбылысы өмір секілді сөзсіз келіп жететін ақиқат. Бірақ өлім шіріп жоқ болып кету немесе тіршіліктің соңы емес, рухтың бір хәлден екінші бір хәлге өтуі, пәниден мәңгілік әлемге көшуі болмақ. Кез келген адамға «Дене мүшелерің кімдікі?» деп сұраса, «Менікі» деп жауап береді. Барша тәніңе «Менікі» деп иелік етіп тұрған – іштегі рухың – «Мен».

Ендеше, өлім ақиқаты «Меннің» «менікінен», яғни, жанның тәннен ажырау процесі ғана. Абай айтпақшы, «Мен менен менікінің айырылғанын, өлді деп ат қойыпты өңкей білмес».

Қыстан кейін жазды жаратқан Құдай өлімнен кейін мәңгі өмірді де жаратады. Олай болмағанда, мына тіршіліктің мәні толық ашылмайды. Бейне бір аяқталмай қалған кітап тәрізді мағынасыз күй кешпек. Залымдар жауапқа тартылатын, ізгілер жасаған салиқалы істерінің қарымын алар есеп күні, ақырет әлемі болмаса, Құдайдың өзі әділетсіз болмақ. Ал бұл мүмкін емес. Құдайға әділетті деп иман келтірдік емес пе?!

Олай болса, қыстың күні шыбын-шіркейді, өсімдік біткенді, ағаш атаулыны қуратып, көктемде қайта тірілтіп, жап-жасыл етіп жайқалтқан Алла тағала адамды да ақыретте қайта тірілтеді. Себебі адам – шыбын-шіркейден де, өсімдік атаулыдан да ардақты һәм мағыналы жаратылыс. Күллі жаратылыс атаулыны жоқтан жаратқан Құдай үшін сені қайта тірілту қиынға соға ма?!

Маған және жақындарыма «ажал келіп жете ме?» деп қыбыр еткен оқиғадан, сытыр еткен сәттерден қорықпағын. Өлімді ойлап, сары уайымға салынба!

Себебі өлім мына дүниедегі себеп-салдар заңдылығына бағынса да, ол – тағдырдың өзгермейтін жазмышы. Ажал тізгіні сенің қолыңда емес. Оны өз бақылауыма аламын деп тырыспа!

Өлімнің өзінен емес, өмірді мәнді сүре алмаудан қорық. Әсілінде, өмірі мәнге, ізгілікке толы адам үшін өлім сондай қорқынышты емес. Олай болса, кеудеңде жаның барда жаса, жақсылыққа ұмтыл, ғұмырыңды ізгілікпен кестеле. Пәниден мәңгілікке көшкенде артыңда ғибратты ғұмыр, ұялмайтын өмір қалсын! Раббыңның құзырына жарқын жүзбен баруды ойла!

баспаға әзірлеп, жиған-терген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 2 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: