22:50 Тұлғалану толқындарында |
ҚАЙҒЫ Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол, жақсы жаз келмеуші ме еді? Абай Басыңа қайғы келсе, қапа болма, Тарылып, назаланып шықпа діннен! Болмайды түн күндізсіз, күндіз түнсіз, «Ай кірсіз», - деген сөз бар, - «Құдай –мінсіз!» Шаттық пенен қапалық кезек нәрсе, Бірінен соң бірі бар артық-кемсіз. Мәшһүр Жүсіп Кейде адам баласы өмірінде ұшыраған әртүрлі келеңсіз оқиғаны, сәтсіз жағдайды ұмыта алмай, өзін іштей кеміріп, үнемі қайғырумен болады. Өткен өкінішті оқиғалардв жиі еске алып, жан жарасын тырналап, қайта-қайта қаната береді. Таңның атысы, күннің батысы өзін және айналасындағы жан біткенді кінәлаумен, жазғырумен болады. «Әттең, олай жасамағында бұлай болмас еді. Бұлай жасағаында басқаша болар ма еді?» - деп аһылап-уһілеп, бар уақытын өкінішпен өткізеді. Өткеннің ықпалынан шыға алмай, бүк түсіп жатып қалады. Еш нәрсеге зауқы соқпайды. Қайғының иіріміне ілігіп, терең тұңғиығына батады. «Бір қайғыны ойласам, жүз қайғыны қозғайды» демекші, мұндай күйдегі адамдар тек өткен шақпен өмір сүреді. Торығып, күйзеліске ұшырайды. Денсаулығынан айырылады. Тат темірді шірітетіні секілді, қайғы да адамды кеміреді. Бір байқағанымыз, жолы болмаған адамның көбі өтке шақпен өмір сүретін, кешегі өткен өкінішті ұмыта алмайтын жандар екен. Өйткені олар өз мүмкіншіліктерін өткен шақтың жібімен тұсап, арқанымен байлап тастағандар. Өткен жылдары бір досының інісі жүрек талмасынан бақилық болды. Ол бала бір жыл ата-анасына үйленуге ниеті барын айтқан екен. Бірақ әкесі мен анасы: «Балам, әуелі докторлық диссертацияңды қорғап ал, сосын үйлене жатарсың», - деп кейінге қалдырыпты. Марқұмның жаназасына бара алмады. Анасы Алматыға келгенін естіп, үйге шақырып, көңіл шай берді. Ол кісі қатты қайғыда екен. Көңілі күпті. «бәлкім, баламның үйленуіне қарсы болмағанымызда, тірі қалар ма еді?» деп өздерін кінәлап отыр. Әрине, баласынан айырылу – кез келген ата-анаға ауыр. Көңіл қайғырады, жүрек жылайды. Бірақ өзін кінәлағанмен жарасы жазылмайды. Қайғы жан дүниесіне тереңдесе, адам күйзеліске ұшырап, соңында түрлі дертке шалдығуы ықтимал. Ешбір адам өз баласына жаманшылық тілемейді. Тағдыр деген бар. Адам баласы болашақта не күтіп тұрғанын болжай алмайды. Үлйнеіп алып, күйбең тіршіліктен ғылыми жұмысы айда, өзі сайда қалып жатқандар жетерлік. Сол сияқты, әуелі ғылыми зерттеуін қорғап алып, сосын үйленіп бақытты болып жатқандар да аз емес. Сондықтан жақсы ниеттен туған шешімге өкінуге болмайды. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген қағиданы жүрегіне иман етіп бекіткен халықпыз. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Басыңа қандай да бір қиыншылық, қайғы келсе, «мен былай істегенімде, басқаша болар еді» деп айтпағын. Керісінше, «Алланың жазғаны, қалағаны болды» деңдер. «Әттең былай болғанда, анандай болатын еді» деген сөз шайтанға бол ашады» делінген хадисін айтып жұбатуға тырысты. Расында да, қайғының емі адамның ішкі сенімінде, берік иманында, терең дүниетанымында. Ең әуелі, мынаны мойындауымыз қажет: адам абаласы – пенде. барлық нәрсе біз ойлағандай бола бермейді. Тағдырдың бұралаң бұрылысында не күтіп тұрғаны беймәлім. Оқиғалар қалай өрбитінін білмейміз. Кездейсоқ ұшырасатын қайғылы жағдайлар да тағдырымызда жазулы. Кейде саналы түрде қабылдаған шешімдеріміз қате болып, көкірегімізді күдікке, көңілімізді өкінішке итермелейді. Адам баласы қанша жерден дұрыс шешім қабылдадым десе де, сол сәттегі көңіл-күйі мен тап болған жағдайлар тікелей әсер етпей қоймайды. Дәл осы сәтте адам баласы өзін кінәлауды доғарып, бір мезет пенде екенін ұғынуға тиіс. Сынақ әлемінде екенін ұмтыпасын. Біздің қайғымыз біреулер үшін шүкір ететін жағдай болуы да мүмкін. Мына дүниеде жоғалтқанымызды ана дүниеде табатынымыз да сөзсіз. Қателік кеткен болса, Алладан кешірім сұрап, оны түзетуді, оқиғадан сабақ алып, харекетке көшу ләзім. Көңілге медет – кешірімді де рақымды Жаратушымыздың бар екендігі. Мына дүниеде жіберген олқылықты тәубе арқылы түзетуге мүмкіншілік мол. Қайғыға сабыр етсең, оның таудай сауабы бар. алла елшісі (с.а.у.) былай дейді: «мұсылманның жағдайы қандай ғажап! Бұл тек Аллаға шынайы бойсұнған кісіге ғана тиесілі. Оның басына қуанышты жағдай орнаса, шүкір етеді. Бұл сонда оған қайырлы болды. Ал басына қиыншылық түссе, сабыр етеді. Нәтижесінде, бұл да оған сауап болып қайтады». (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
