08:37 Тұлғалану толқындарында |
ЖҮСІП ПАЙҒАМБАР ҒИБРАТЫ Құранда баяндалған Жүсіп пайғамбардың ғибратты ғұмырын оқығанда, оның қандай жағдайға тап болса да тура жолдан еш таймағанын, Алласымен әрдайым бірге болғанын байқаймыз. «Юсуф» сүресінің бес жерінде Жүсіп пайғамбарға қатысты «Алланы көріп тұрғандай жақсылық жасайтын ізгі жан» екендігі айтылады. Жақып пайғамбардай әкенің ерекше мәпелеп өсірген баласы Жүсіп әуелі өз бауырларының қызғанышы салдарынан айдаладағы құдыққа тасталады. Жолай аялдаған керуен құдықтың ішінде жападан жалғыз қалған жас бала Жүсіпті көріп, өздерімен бірге ала кетеді. Бірақ оны Мысыр базарына апарып құл ретінде арзан бағаға сатып жібереді. Оны патшаның ықпалды бір уәзірі «бір пайдасы тиер немесе өзімізге бала етіп алармыз» деген ниетпен сатып алады. Тағдырға қараңыз: кеше құл дәрежесіне түскен Жақыптың сүйікті ұлы енді міне уәзір сарайында. Ішем дегені алдында, кием дегені үстінде. Бірақ сарайдың мұндай сән-салтанатты өмірі Жүсіпті тура жолдан тайдырып, Алласынан алыстатқан жоқ. Оған дәлел сұлулығына көз тоймайтын сымбатты жігіт Жүсіпті уәзірдің әйелі оңашада төсек қатынасына шақырып, азғырғанда, ол «Құдайдан қорқамын!» деп ойнас жасаудан бас тартады. Айтқаны бола қоймаған әйелдің «Бұйрығымнан бас тартсаң, зынданға тасталып, қор боласың» еген қатал шартына да «Мен үшін сіз ұсынған харам істен зынданға қамалғаным әлдеқайда артық» дейді. Сөйтіп, ол зынданға тасталады. Жүсіптің сарайдағы сән-салтанатты өмірі әп-сәтте қараңғы қапасқа айналып шыға келеді. бірақ та Жүсіпті зынданның ауыр өмірі өзгерте алған жоқ. Алламен байланысы күшеймесе, әлсіремеді. Керісінше, ол зынданда бірге жатқан жандарға құдіретті жаратушыны түсіндіреді. Ақыреттегі мәңгілік өмірді естеріне салып, жақсылыққа шақырады. Қысқасы, ол зынданды медресеге айналдыра білді. Жанындағы серіктері Жүсіп пайғамбарға: «Сен ізгілікке жаны құмар жақсы адамсың» деп куәлік бергенін байқаймыз. Кейіннен Мысыр патшасы түсінде көрген «жеті семіз сиыр жеті арық сиырды жеп жатқан» оқиғаны: «Әуелі жеті жыл молшылық, сосын жеті жыл жұт болады екен. Сол себепті, молшылық жылдары көп астық жинап, одан кейінгі жеті жыл жұттан аман шығу керек» деп жориды. Осы жағдайдан кейін Жүсіп пайғамбар толық ақталып, бостандыққа шығады. Жай ғана шығып қоймай, патшаның қазынашысы болады. Елдегі ең ықпалды адамдардың біріне айналады. Сөйтіп, жұт жылдары баяғыда өзін құлдыққа тастаған бауырлары Жүсіптен көмек сұрап келеді. олар оны танымаса да, Жүсіп оларды бірден танып, ағаларының қиянатын кешіреді. Ұзақ жылдар жырақ қалған қарт ата-анасын қасына алдырады. Осындай сәтте Жүсіп пайғамбардың «Жанымды мұсылман күйінде алғайсың һәм салиқалы жандар қатарына қосқайсың» («Юсуф» сүерсі, 101-аят) деп жасаған дұғасы оның Алламен терең байланысы болғанын білдіреді. Осы хикаяда айтылғандай, Жүсіп пайғамбарды айдаладағы қараңғы құдық та, құл болып базарда сатылу да, сарайдағы сән-салтанатты молшылық та, бірнеше жылғы қараңғы зындан да, кейінгі өміріндегі қолына тиген зор билік те өзгерте алған жоқ. Түзу жолдан шатасып, адасқан жоқ. Қиыншылыққа күйзеліп, молшылыққа мастанбады. Билікпен бүлінбеді. Атақпен алданбады. Ол нендей жағдайда, қандай хәлде жүрсе де әрдайым Алласымен бірге болды. Қысқасы, Жүсіптің ғибратты ғұмыры өмірдің қалтарыс-бұлтарысына қарамастан ішкі құндылықпен өмір сүрудің, тура жолда тұрақты болудың жарқын үлгісі іспеттес. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
