17:50 Тұлғалану толқындарында |
УӘДЕГЕ БЕРІК БОЛ! Мына бір ғибраты мол оқиғаға назар салайық. Өте ертеде қолы қарулы бір жігіт байқаусызда адам өлтіріп қояды. Өлген адамның туыстары қазыдан «қанға – қан» үкімін сұрайды. Жігіт сонда: «алыста тұрушы едім, жақындарыммен қоштасайын, қарыздарымды жабайын. Үш күнге мұрсат берсеңіз», - дейді. Ешкім үндемейді. Сол кезде бір қария шығып: «Мен кепіл боламын. Ол келмей қалса, мен жауап беремін». Ел-жұрт аң-таң. Өйткені қария әлгі жігітті танымайды. Арада үш күн өтеді. Уәделі күні елдің бәрі жаза алаңына жиналады. Әлгі кісі өлтірген жігіт жоқ. Жұрт біткен оның жолына қарап тұр. Бірақ ешкім көрінбейді. Ел: «Жігіт өтірік уәде берген екен, мына қарияға обал болатын болды-ау», - деп ойлайды. Бір кезде көпшілік алыстан қара терге малшынып жүгіріп келе жатқан жігітті көреді. Оның уәдесінде тұрғанына бәрі таңғалады. Жігіт айтады: «Елім алыс болғандықтан, уақыттан кешіктім, бірақ бәріне үлгердім, енді өлімге дайынмын». Уәдеден таймаған азаматқа ел риза. Жағдайға қаныққан өлген адамның туыстары да «біз кешірдік» дейді. Қазы көпшілік алдында өлім жазасы үкім етілген жігіттен: «Сен өлетініңді біле тұрып келдің, неге қашып кетпедің?» - дейді. Ол: «Мен Уәдемде тұрмасам, кейін мұсылмандар арасында уәденің құны жойыла ма деп қорықтым», - дейді. Қазы қарияға бұрылып: «Сіз бұл адамды танымай тұрып неге кепіл болдыңыз?» - дейді. Ақсақал: «Кейін мұсылмандар арасында уәдеге әлсірей ме деп қорықтым», - депті. Әсілінде, уәдеден айну пайдакүнемдіктен туындайды. Пенде қара басын ғана ойлайтын пайдакүнемге айналғанда, уәде бұзғыш келеді. өйткені ол уәде бергенде, өзінің бас пайдасын есептеп үлгереді. Ал үміттенген пайдасы жоғалса немесе уәдені орындаудың бағасы пайдасынан асып кетсе, «ақ болды, көк болдыға» салып, уәдесін бұза салуды оңай көреді. Нағыз мұсылман өз зиянына болса да, уәдесін бұзуды ар санайды. Мәшһүр Жүсіп былай дейді: «Бұл мұсылманшылық деген немен болады: уағдаға опалы (орындау) болуменен, пайда менен залал таласып келгенде, залалға өзі шыдап, пайданы басқаға қиюменен [болады]». Бүгінде кәсібі кейін кетіп жатқандарға қарасақ, солардың көбі жеке пайдасынан бола берген уәделерін бұзатындар екенін байқаймыз. Олар әріптес компаниялармен болған келісімді немесе қол астындағы қызметкерлеріне сыйақы беру, айлығын жоғарылату, т.б. берген уәделерінен уақыты келгенде түрлі сылтау айтып, кейін тайқып шығады. Уәдені бұзу арқылы қысқа мерзімде материалдық пайдаға кенелгенімен, ұзақ мерзімде ұтылады. Кәсіптегі әріптестерінен, жақсы қызметкерлерінен айырылады. Адамдар арасында сый-құрметі төмен адамдар уәде үдесінен шыға алмағандар екені анық. Орындамайтын ісіңе уәде берме! Қандай жағдай болса да, уәдеңе берік бол! Адамдарға уәдеңді орындамағаның емес, оларды босқа үміттендіріп, күткізгенің ауыр тиеді. Бұзылған уәде сенімді, үмітті, мәрттікті, достықты өлтіреді. баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
