08:55 Тұлғалану толқындарында |
УӘДЕГЕ БЕРІК БОЛ! Ешкіммен дауласып, тартысушы болма! Көңілге тиетін қалжың айтпа! Орындай алмайтын ісіңе уәде берме! Хадис Уәдеде тұру – кемелдікке ұмтылған барлық ізгі жандардың айнымас қасиеті. Тақуалықты ту еткен жандар қандай жағдайға тап болса да, сөзде тұруды ең үлкен міндет деп біледі. Мұсылманшылық уәдеге беріктіпен өлшенеді. Құранда мүміндердің жақсы қасиеттері жайлы айтылғанда «Олар берген уәделерін толық орындайды» делінген. Уәдеде тұру – сенім ұялатудың жалғыз жолы, сыйластық қарым-қатынас құрудың кепілі. Уағдасына берік кісіні айналасы жақсы көріп, ең қиыны оған сенім артып, арқа сүйейді. Сондықтан Алла тағала Құранда: «Уа, иман келтіргендер, берген уәделеріңде тұрыңдар!» («Мәида» сүресі, 1-аят), «Берген уәделеріңді және жасасқан, келіскен шарттарыңды орындаңдар. Өйткені берілген серттің сұрауы бар!» («Исра» сүресі, 34-аят) деп уәдеде тұрудың маңыздылығын ерекше білдірген. Алла елшісі (с.а.у.). «Екіжүздінің сипаты үшеу: сөйлесе өтірік айтады, уәдеде тұрмайды және аманатқа қиянат жасайды», - деп уағдадан айнуды екіжүзді тайғақ адамдарға тән сипат деп қатаң ескерткен. Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз уәдесінде тұрған адамның жұмаққа кіретіндігіне кепілдік берген. «Кімде-кім мына алты нәрсеге кепілдік берсе, мен оған жұмаққа кіретіндігіне кепілмін.
Уәденің үлкен-кішісі болмайды. Кішкентай балаңа «Ананы алып беремін, мынаны әкеліп беремін» деген уәдең де – уәде. Тіпті уәденің ең үлкені. Өйткені бала жүрек оны тағатсыз күтеді. Ал берген уәдеңді әр бұзған сайын оны опасыздыққа, өтірікке баулып жатырсың деген сөз. Келісілген уақыттан кешікпей бару да уәдені орындауға жатады. Алған қарызды уақытында қайтару да солай. Уәдеде тұру мұсылман қазақ баласының көзге көрінетін ең ұлы қасиеті еді. Бұл жайлы қазақ зиялысы Ақселеу Сейдімбек былай дейді: «Біз – уәдеге берік халық едік. Уәдеден тайдық. Уәде – қазақтың ұлы құндылықтарының бірі еді. Қазақ даласына ХІХ-ХХ ғасырға дейін сырттан келген этнографтар бір-ақ нәрсеге тағалған екен. Өте ірі тағдырлы істер тек қана уәдеен шешіле береді дейді бұл далада. Қазір уәде беріп тұрып, қолхат жазып тұрып, қақпанға түсіріп кетеді. Осындай жоғалтқан құндылықтарды санап тауыса алмайсың». Рас, қазақ уәдеге ар-намыс мәселесі ретінде қараған. Сондықтан атам қазақ «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, емен ағаштың иілгені – сынғаны» немесе «Айтылған сөз атылған оқпен тең» деп бір-ақ ауыз сөзбен кесіп айтқан. Ілияс Есенберлиннің шығармасында бұрынғы қазақ батырларының уәдеге беріктігі жайлы мына бір тәмсіл айтылады. Бірде Қырым билеушісі Мамай ел ішін бүлдіргені үшін ноғайлының Ақпанбет батырын өлтіріп, жұртын ойрандайды. Ақпанбет өлерінде үзеңгілес серігі кегенес Кен Жанбайға адам шаптырып: «Жалғыз ұлым Тастемірді өлімнен құтқарсын», - деп одан ақыреттік уәдесін сұратады. Уәде алған Кен Жанбай батыр хан жасағының алдынан шығып, Ақпанбеттің ұлына сауға сұрайды. Мамайдың қаһарынан қорыққан жасақ басшысы көнбейді. Ақыры, ақыреттік уәдесін орындау үшін Кен Жанбай егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзақты досының ұлының орнына өлімге беріп, Тастемірді құтқарып уәдесін орындапты. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
