08:38 Тұлғалану толқындарында |
ТӘУЕКЕЛ ЕТ! Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің, Уайым түбі – тұңғиық, батасың да кетесің. Мақал Қорқыныш пен үрейден құтылудың тағы бір қадамы – Ұлы Жаратушыға деген шынайы сенім мен тәуекел. Тәуекелшілдік дегеніміз – жетістікке жету үшін қажетті барлық себепті қолыңнан келгенінше жасап, нәтижесін Аллаға тапсыру. Осындай шынайы тәуекел кез келген қорқыныш пен бойдағы үрейдің бірден-бір емі. Себебі ғаламда Алланың рұқсатынсыз еш нәрсе жүзеге аспайды. Ешбір іс Алланың назарынан тыс емес. Алла болуын қалаған қиыншылықтан сені ешкім құтқара алмайды. Ал Алла адамды қандай да бір пәлекеттен құтқарамын десе, оған ешкім бөгет болмақ емес. Пайғамбарымыз (с.а.у.) әз сахабасы Әбу Бәкірмен бірге Меккеден Мәдина қаласына көшкен кезде арттарынан қуып келе жатқан жаудан сақтанып, үңгірге жасырынды. Қуғыншылар дәл үңгірдің аузына келгенін байқаған Әбу Бәкір уайымдай бастайды. Сонда Алла елшісі «Қорықпағын. Алла бізбен бірге» деп басу айтып, алаңдаған сахабаның көңілін тыныштандырады. Кез келген іске қатысты қолымыздан келер әрекетті жасағаннан кейін нәтижесін Аллаға тапсырып, шынайы тәуекел ете алсақ, бойдағы орынсыз үрей мен қорқыныш өзі-ақ жоғалады. Ал кез келген істің себептерімен қатар, нәтижесін де мойынымызға артып, «нәсіп ету», «рызық беру», «сәтін салу» секілді Аллаға ғана тән істерге араласқан жағдайда бойымызды үрей билеп, орынсыз уайымға салына бастаймыз. Рухани кемелденген жандар қолынан келгенінің бәрін жасағаннан кейін қалғанын тағдырдың табиғи ағысына, Жаратқанның әділдігіне тапсырады. Нәтижесін бір Алладан күтеді. Аз бере ме, жоқ әлде көп етіп төге ме, қашан, қай жерде, қандай кеіпте нәсіп ететіндігіне араласып, қарсы шықпайды. Алланың шекарасына өтпейді. Жаратқанға тиесілі істерді уысында ұстап, бақылауға алуға ұмтылмайды. Керісінше, нәсіпті, нәтижені қабылдай біледі. Өмірде ешбір нәрсенің кездейсоқ еместігіне, әр оқиғаның, әр кездескен адамның бекер еместігіне иланады. Әсілінде, барлық мәселе тәуекелдің аздығы мен Аллаға тиесілі іске араласудан туындайды. «Тағдырдың табиғи ағысына қарсы келмей, бойсұн. Анаңның қараңғы құрсағында белгісіз бір нәрсе болғаныңда, Алла сені қоректендіріп, мына әлемге жіберді. Бесікте еш нәрседен хабарсыз жатқаныңда сені есіркеп, анаңның омырауынан шипалы сүтті идірген сол бір Жаратушың емес пе?! Ендеше, сол сәттеріңді есіңе түсір де, Аллаға сенім арт!» Абдулқадір Жәйлани баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
