08:41 Тұлғалану толқындарында |
ТАҢҒЫ УАҚЫТТЫҢ БЕРЕКЕСІ МОЛ Уа, Алла тағала, үмбетімнің ерте тұрғанына берекеңді бере гөр! Әзірет Мұхаммед (с.а.у.) Таң атпай оянған қандай ғажап?! Өйткені мұндай дағды адамды дәулетке және даналыққа жетелейді. Аристотель Таңғы уақытта ояу болу – өте маңызды. Өйткені бұл сәтте басқа уақытта кездесе бермейтін мол береке бар. әбігерлікке толы қарбалас тірлік басталмай тұрып, мұндай берекелі уақытты жеке тұлғалық дамуға арнаған тиімді. Өйткені бұл уақытта сені ешкім мазаламайды. Күндізгідей телефон қоңыраулары, түрлі мессенджерлерден келетін толассыз хаттар жоқ. Миың сергек болады. Таңғы уақытта жаттығу жасап, таза ауа жұтып, далада серуендеп келгеннен кейін кітап оқып өткізу, тыныштықта терең ойға шому, күндізгі ісіңді жсопарлау – өте пайдалы. Ел шырт ұйқыда жатқанда біршама жұмысты тындырып тастайсыз. Далада серуендеу, спортпен айналысу арқылы бойыңа жағымды қуат жинағандықтан, тұла бойың күні бойы сергек жүреді. Атқаратын ісіңе күш-жігер жинап аласың. Позитив позитивті тудырады. Нәтижесінде, таңғы уақытты осылай жақсы істермен өткізген адамның көңілі көтеріңкі әрі жетістікке жеткен жанның рухы шат болады. Мұндай адамның өмірі берекеге толады. Қазақтың «ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» дегені – неткен керемет қағида. Хадисте «Алла елшісі (с.а.у.) таң намазын оқығаннан кейін орнынан тұрмай (зікір етіп) күн әжептәуір көтерілгенге дейін отыратын еді» делінген. Таңғы уақытта ояу болып, оны барынша тиімді қолдана алған адам өмірін айтарлықтай жақсы жаққа өзгертіп, діттеген мақсатына жете алады. Жетістікке жеткен ұлы тұлғалардың көпшілігі таңғы уақытын өте тиімді пайдаланғаны мәлім. Сондықтан сіз де таңғы уақыттың берекесін сезіну арқылы бүкіл өміріңізді өзгерте аласыз. Ойланып көріңізші, әлем ұйықтап жатқанда сіз жан дүниеңізді руханиятпен нәрлендіріп, санаңызды пайдалы біліммен сусындатып, денеңізді ширатып үлгересіз. Бойыңызға ғажайып қуат жинап, шабытыңыз шалқыған күйде күніңізді ең керемет деңгейде, сапалы да өнімді өткізуге дайын боласыз. Әлемде миллиардтаған адам өмір сүреді. Солардың кейбіреуі ғана үстіне жамылған көрпесін жұлқып тастап, жылы төсегінен атып тұрып, таңғы уақыттың берекесін пайдаланады. Мынаған назар аударыңыз, жетістік – әркімнің қолынан келе бермейтін осындай қиын істерде. Ендеше, сен де қалың ұйқыда жатқан сан мың адамның арасынан бөлініп, өз ерік-жігерімен тағдырын жақсы жаққа бұра білген таңдаулы жандардың қатарына қосыл! Ертеңнен бастап жылы төсекте былжырап жатуды тоқтат, ерте тұруға беліңді бу! Түнде тынығып, таңертең аман-есен оянғанда тағы бір арайлы күнді тарту еткен Жаратушыға алғыс білдіріп, шүкір етейік. Аллаға бүгінгі күнді ізгі істермен берекелі етіп өткізуге тырысатынымызды айтып уәде берейік. Егер бүгінгі күніңіз жер бетіндегі соңғы күніңіз болғанда, қалай әрекет етер едіңіз? Сол күнді қалай өнімді өткізер едіңіз өзіңіздің ең жақсы қабілетіңізді, мүмкіншілігіңізді қалай қолданар едіңіз? Мына өмірде қандай жақсы іс қалдырар едіңіз? Міне, осындай терең ойлар сізге мықты ғажайып жігер беретін мотивация болмақ. Таңғы уақытта өзіңізді жетілдіруге, біліміңізді арттыруға, денсаулығыңызды реттеуге, санаңызды жаңғыртып, ішкі леміңізге үңілуге ниеттеніңіз. Таң атпай тұрып, күніңізді өзіңіз риза болатындай ең кемел түрде қалай өткізетініңізді елестетіңіз. (жалғасы бар) баспаға әзірлеп, жиған-терген Бегімхан Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >> Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Павлодар облысы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі |
|
|
| Всего комментариев: 0 | |
